Баннер втб
RU KZ
Рекламный баннер Dell
«Балақай» балабақшасындағы бассыздық

«Балақай» балабақшасындағы бассыздық

10:18 26 Мамыр 2017 3243

«Балақай» балабақшасындағы бассыздық

Автор:

Төрт жасар бүлдіршінді құлағынан ұстап сілкілеген тәрбиеші қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Күні кеше Қарағандыда балабақша тәрбиешісінің балаларды аяусыз ұрғаны көрсетілген бейнежазба халық арасына тарап кетіп, дүйім жұрт қатыгез қызметкердің бассыз әрекетіне наразылық білдірді.

Айта кетейік, әлеуметтік желі арқылы жалпақ жұртқа жеткен бейнежазбада  бүлдіршіндерді ортаға бір-бірлеп шақырған тәрбиеші олардың тазалығын тексереді. Осы істің 24 секундында тәрбиешіні түлен түртіп, қызыл жейдедегі 4 жасар баланы жұлқылай бастайды. Онысымен қоймай, құлағынан ұстап сілкілеп, қылқындырады. Сөйтеді де осы ісі арқылы басқа балаларға сес көрсетеді.

Арада көп  уақыт өтпей бейнежазбадағы тәрбиешінің  кім екені анықталды. Ол Қарағандыдағы «Балақай» балабақшасының тәрбиешісі болып шықты.

Оқыс оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізген қалалық білім бөлімі 24 мамыр күні ҚР Еңбек кодексіндегі 52 - баптың 14 - тармағы бойынша  тәрбиешіні қызметінен қуды. Ал бейнежазба бұлтартпас айғақ ретінде құқық қорғау органдарына тапсырылды. Алдағы уақытта тәрбиешінің кінәсі толық дәлелденсе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Айтпақшы, осы оқиғаның салдарынан «Балақай» балабақшасының  директоры мен әдіскеріне қатаң сөгіс жарияланды.

«Қалалық білім бөліміне ата-аналардан түскен шағымнан соң балабақша директорына ішкі тексеріс жүргізуді тапсырдық. Тексеріс барысында бейнебақылауға түсірілген жазба қаралып, тәрбиешіден түсініктеме алынды. Осының ізінше ата-аналар жиналысы өтті. Өкінішке қарай, тәрбиешінің кішкентай балаға күш қолданғаны расталды», – деді Қарағанды қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Раиса Кеңешова.

Өкініштісі сол, соңғы уақытта  балаларға зорлық-зомбылық жасау әрекеттеріне қатысты бейнежазбалар әлеуметтік желілерде қаптап кетті.

Кеше ғана Шымкент қаласында түсірілген бейнежазбада 4-5 жас шамасындағы баланы машина дөңгелектерінің ішіне кептеп қойып, басынан темір күрекпен ұрып жатқан ер адам көрсетілді. Бүлдіршінді қорлап жатқан ер адамның кім екендігі әлі анықталған жоқ.

Осыдан біраз бұрын  оңтүстікте  анасынан өлімші болып таяқ жеген жеті жасар қыз да ел есінде. Басынан қатты соққы алған бүлдіршін 20 күн бойы жан сақтау бөлімінде жатып шықты. Қазір мүгедек болып отыр.

Аяжан Ералықызы