Осы Барысты түсініп болмайсың... Небір мықты командаларды ойсырата ұтып, голдан голды қарша боратқанда, біздің Барыстан мықты команда жоқтай көрінеді. Елордалық клуб Ярославльде Локомотивке қарсы өте олақ ойнады.
Бірінші кезеңде Локомотив ойыншылары "Барыс" қақпасына 4 гол соғып, ойынның тағдырын сол кезде-ақ шешіп тастады. Брэндон Козун ойынның 5-минутында есеп ашты. Бұл соғылған голдан кейін алаң иелері біздікілерге ес жиғызбай, екінші голды салды. 2-0. Голдың авторы Максим Тальбо.
Тағы бір минут өтпей жатып, Локомотив хоккейшілері Ильенко, Картаевтардың керемет шабуылымен Павел Коледов есепті 3-0-ге жеткізді.
Бұл кезде Барыс қақпасында Хенрик Карлссон тұрған болатын. Бас бапкер Эдуард Занковец матчтың 8-минутында 3 гол жіберген қақпашының орнына екінші голкиперді шығаруға мәжбүр болды. Карлссонның орнына Кевин Пулен шыққанымен 10-минутта ол да әріптесінің кебін киді. Оның қақпасынан бұл жолы саңылау тапқан Владислав Картаев.
Тек екінші кезеңнің ортасына таман біздікілер бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Александр Судницин қақпасына гол соққан Иван Кучин. Бұл – Барыстың осы матчта салған жалғыз әрі соңғы шайбасы болатын.
Локомотив ойыншылары 37-минутта есепті 5-1-ге жеткізіп, үзіліске шықты. Гол соққан тағы да сол хет-трик иесі Брэндон Козун.
Үзілістен соң Козун тағы бір шайба салса, 58-минутта Андрей Локтионов 7-ші голды салды. Ух, бітті ме бітпеді ме? Тағы біраз уақыт бергенде бұдан да масқара болатын едік. Сонымен, биылғы Локомотивпен өткізген екі ойынның нәтижесі – 15-2. Естеріңізде болса, Ярославтық хоккейшілер өз алаңымызда Барысты 8-1 есебімен тас-талқан етіп, жерге қаратып кеткен болатын. Жалпы, Локомотив осымен төртініші рет қатарынан жеңіске жетіп отыр.
Расында мұндай ойынмен плей-оффқа шығу-шықпасымыз екіталай. Бас бапкер Занковецтің түрін көрсең аянышты. Бірақ, ол әлі де үмітін үзбек емес,соңғы ойындар көп нәрсені шешеді, ең бастысы, плей-оффқа шыққанша өз ойынымызды табуымыз керек деп қояды. Қашанғы өз ойынын іздемекші, әлде, ойыншылар айдында қалықтап адасып жүр ме?! Мүмкін ойыншыларды алмастыратын да уақыт жеткен шығар, мүмкін мәселенің бәрі бас бапкерде ме екен?
Қалай десек те, Барыстың ойыны көңіл көншітпейді. 47 ұпаймен 10-орында келеміз. Келесі ойындардағы қарсыластар да осал командалар емес. Бізді өкшелеп келе жатқан Екатеринбургтің "Автомобилист" командасында 46 ұпай бар. Оның үстіне Автомобилист өз айдынында мықты ойнап жүргені белгілі. Бұл матч 7 желтоқсанда болады. Бұдан кейін Ханты-Мансийскіге аттанамыз, жергілікті Юграмен 9 желтоқсанда күш сынасу керек болады. Ал 12 желтоқсанда шаршап-шалдығып, Қытайға ұшуға тура келеді. Куньлунь да плей-оффқа жолдама алу үшін бар күшін салып келе жатқан команда екені белгілі.
Осы үш ойында ұпайды барынша жинауға тырыспасақ, шаруамыздың біткені деуге де болады. Өйткені, біздің алдымызда екі команда жол бөгеп тұр. 8-9-сатыдағы Нефтехимик пен Сібірде, тиісінше, 52,51 ұпайдан бар. Дегенмен, үмітсіз шайтан, әлі де сенеміз Барысқа! Өйткені, олар бізден 1-2 матчқа артық ойнаған.