"Барыстың" соңғы ойындарда жолы болмай жүр

1850

Астаналықтар жаңа жылды жеңіспен бастағанымен, өз айдынында екі ойын қатарынан ұтылды.

"Барыстың" соңғы ойындарда жолы болмай жүр

Алдымен жігіттер Мәскеудің "Спартагымен" болған алғашқы ойынын жеңіспен бастады. 3-0 есебімен ойсырата ұтып, жанкүйерлерін бір қуантып тастап еді. Өйткені осы жеңістің арқасында "Барыс" тұңғыш рет 6-орынға көтерілді. Бұл күні "барыстықтар" Кори Тривино, Найджел Доус және Дастин Бойд бір-бір шайбадан соқты.

Жалпы айта кету керек, соңғы кездері астаналық клуб мәскеуліктерді үнемі ұтумен келеді. Соңғы рет "Спартак" бізді 2010 жылдың 1 желтоқсанында жеңген екен, ал осы құрлықаралық хоккей лигасында өзара 16 рет кездесіп, соның төртеуінде ғана "Спартак" жеңген, қалған 12 ойын "Барыстың" басымдығымен өткен. Сондықтан да болар "Спартактың" қазіргі халі мүшкіл, батыс конференциясында 60 ұпаймен 11-орында келеді. Дегенмен арифметикалық тұрғыдан есептесек плей-оффтан әлі де үміті зор.

Бұдан соң бізге сочиліктер келген болатын. Бұл матчта 0-4 есебімен "Сочи" жеңіске жетті. Қақпашы Константин Барулин ерлік танытып, астаналықтардың әбден зығырданын қайнатты.

Сочилік голкипер астаналықтардың соққан 33 шайбасын қайтарып, 100 пайыздық көрсеткішпен осы ойындағы ең үздік ойыншы атанды. Өзіңіз ойлап көріңіз 33 соққыдан бірде-бір гол соға алмау деген сұмдық емес пе?! Ал қарсылас команда 24 соққы жасап, 4 шайба салып кетті. Дәлірек айтқанда осы матчта "Барыстың" жолы болмады. Қанша тырысқанымен шайба қақпаға кірмей қойды. Әйтпесе "Барыс" ойнауын ойнады-ақ. Соңғы рет бұл екі команда 27 қыркүйекте Сочиде ойнаған болатын, ол кезде "Барыс" "Сочи" қақпасына 6 шайба кіргізген еді, сочиліктер екі голмен ғана жауап берді.

Осы жеңістен соң "Сочи" командасы батыс конференциясында плей-оффқа жолдама беретін 8-орынға көтеріліп отыр. 48 ойыннан кейін 69 ұпайы бар.

Ал "Барыс" 8 желтоқсанда өз айдынында Нижний Новгородтың "Торпедосымен" кездесіп, 1-3 есебімен тағы да ұтылып қалды.

6-минутта Максим Осипов есеп ашып, "Торпедоны" алға шығарды. Үзілістен кейін астаналықтардың есепті теңестіруге бірнеше мүмкіндігі болды, алайда бұл ойында да "Барыстың" бағы жанбады. Осылайша екінші кезеңде екі команда да гол соға алмады. Ал 3-кезең басталысымен "торпедолықтар" бірден шабуылға көшіп, астаналықтарды тықсырды. Нәтижесінде тынымсыз шабуыл голға ұласты. Картер Эштон есепті 2-0 қылды.

Бұдан соң намысқа тырысқан біздің команда іле-шала есеп айырмасын қысқартты. Бұл шабуылда Брэндон Боченски, Найджел Доус, Дастин Бойд үштігі көзге түсіп шайба Доустың еншісіне тіркелді. Есеп – 1-2.

Бұдан соң "астаналықтар" есепті теңестіруге бар күшін салып шабуылдады. Алайда гол соға алмады. Тіпті соңғы минутта қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарып еді, бұл айла да іске аспады. Керісінше бос қақпаға "торпедолықтар" үшінші голды соғып кетті. Тағы да көзге түскен Картер Эштон осы ойындағы дубльдің авторы атанды. 1-3 есебімен "Торпедо" жеңіске жетті.

Сөйтіп "Барыс" екі ойын қатарынан ұтылды. Дегенмен өзінің 6-орнын сақтап қалды. Келесі екі матчты да "Барыс" сырт айдында Еуропа елдерінде өткізеді. Бұл жолғы қарсыластар да осал командалар емес. 12 желтоқсанда Загребтің "Медвешчак" клубымен және 14-інде Братиславада "Слованға" қарсы ойнайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу