"Базис-А" BI Group-тың Ресейдегі жобаларының бірін сатып алмақшы

6338

Әңгіме құрылысы тоқтап тұрған Санкт-Петербордағы Promenade ТК жайында болып отыр.

"Базис-А" BI Group-тың Ресейдегі жобаларының бірін сатып алмақшы

Санкт-Петербор қаласындағы "Фрунзенская" метро станциясында құрылысы басталған Promenade тұрғын үй кешенінің тоқтап тұрған жобасын сатып алу ниеті бар екені туралы "Базис СПб" компаниясының бас директоры Александр Игнатовтың айтқанын abctv.kz NSP.RU.-ке сілтеме жасап отырып хабарлайды.

"Meridian Capital (девелопер және учаскенің иесі) компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, жобаға деген қызығушылығымыздың бар екенін айттық, енді жауабын күтіп отырмыз", – деп  мәлімдеді "Базис СПб" компаниясының бас директоры Александр Игнатов ресейлік баспаға.

Сарапшылардың бағалауынша, активті сатып алу 1,2 млрд рубльден 1,6  млрд рубльге дейін тұруы мүмкін.

2017 жылдың ақпанында BI Group компаниясы бас мердігер және девелопер ретінде Meridian Development компаниясының бизнес-санатты Promenade тұрғын үй кешенін салу жобасына кірген болатын. Сондай-ақ BI Group осы уақытта 777 пәтерге есептелген  "Лирика" тұрғын үй кешенінің екінші нысанының құрылысын бастауды жоспарлаған еді. Алайда 2017 жылдың маусымында екі компания арасында кикілжің туып, ақырында BI Group жобадан шықты да, Promenade тұрғын үй кешенінің құрылысы мен оны сату тоқтатылды. Ресейлік ресурстың нақтылауынша, тұрғын үйге қаражат салған үлескерлерге көршілес "Времена года" тұрғын үй кешенінен пәтер ұсынылған.

Дегенмен BI Group компаниясы әлі күнге Санкт-Петербор нарығында қалып отыр, компания басқа да тұрғын үй жобасын іске асыру үшін жер телімін іздеп жатыр.

Аbctv.kz ақпары бойынша, Астанада өткен Commercial Real Estate Central Asia 2017 форумында BI Group басқарма төрағасының орынбасары Тасболат Абдулин компанияның Ресей нарығындағы тұрғын үйдің жылжымайтын мүлік сегментіндегі өз жұмысын дамытуға қызығушылығы бар екенін айтқан.

"Мәскеуде "Родина" компаниясымен жұмыс істеуді бастаймыз. 2018 жылы осы нысанның құрылысын қолға аламыз. Бұл – біздің алғашқы жобамыз. Санкт-Петерборда құрылыс жұмысын бастағанбыз, бірақ та біздің серіктесіміз жер телімін сататын болғандықтан, құрылыс тоқтап қалды. Ресейде пайда табу қиын. Жалпы, біз оның ұстанымын жақсы түсініп отырмыз. Қазір қандай да бір жобаны іске асырғаннан гөрі, жерді сатқан тиімдірек", – деді Тасболат Абдулин.  

BI Group-тегі "МЖК-Россия" дивизионы 2016 жылдың маусымында құрылған. Компанияның корпоративтік сайтында холдинг Ресей нарығында 5%-ға дейінгі үлесті иеленуді және келешекте бұл көрсеткішті 20%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырғаны жазылған.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу