"Біздің байлығымыз – ғылым мен білікті кадр"

11406

Швейцарияның Қазақстандағы өкілі Урс Шмид abctv.kz-ке екі жақты ынтымақтастықтың келешегі туралы әңгімеледі.

"Біздің байлығымыз – ғылым мен білікті кадр"

Осы жылы Қазақстан мен Швейцарияның дипломатиялық қарым-қатынас жасағанына 25 жыл болады. Бұл – бірқатар қорытынды мен сараптама жасау үшін жеткілікті уақыт.

"Қазақстан мен Швейцария арасындағы екі тарапты және көп тарапты ынтымақтастық деңгейі өте жоғары деп ойлаймын", – дейді Швейцарияның Төтенше және Өкілетті елшісі Урс Шмид.

Ол өз ойын фактімен және санмен дәлелдеп кетті. Оның айтуынша, "Астана EXPO – 2017" халықаралық көрмесі аясында швейцариялық ғалымдар бүгінгі күні "жасыл технологияны" дамытқысы келетін қазақ бизнесмендермен өздерінің білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын.

- Біріншіден, БҰҰ және ЕҚЫҰ сияқты маңызды халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істейміз. Екіншіден, қаржы саласында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) және Дүниежүзілік банкпен өте белсенді ынтымақтастық жасап, Бреттонвудск институттары жанындағы елдердің бір тобына кіреміз. Сонымен бірге біздің ұлттық банктеріміз де өзара тығыз байланыс жасайды.

Швейцария Халықаралық және Еуропалық банкті, сонымен бірге Халықаралық қаржы корпорациясын қайта құру мен дамытуда ірі донор екенін айтып өткім келеді.

Үшіншіден, саяси деңгейдегі екіжақты форматта да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Тек осы жылдың өзінде Қазақстанға Швейцария президенті мен министрлердің федералды екі кеңесшісі келеді деп күтіліп отыр. Бір елге бір жыл ішінде үш жоғары мемлекеттік шенеуніктің – үкімет мүшелерінің келуі – Швейцария үшін теңдесі жоқ оқиға. Мұның барлығы біздің саяси қарым-қатынастың өте жақсы дамып жатқандығының көрінісі.

Өзара сауда жайын айтар болсақ, онда Қазақстан статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, Швейцария негізгі сауда серіктестері – Ресей, Италия, Қытай және Нидерландыдан кейінгі бесінші орында тұр.

2016 жылы Қазақстан Швейцарияға 2,8 млрд доллардың тауарын экспорттаған. Бұл жерде әңгіме негізінен энергия тасымалдаушылар жайлы болып отыр.

Ал Швейцариядан Қазақстанға импортталған тауар туралы айтар болсақ, онда ол айтарлықтай тұрақты. 2016 жылы Швейцария импорты 109 млн доллар болған. Ең бастылары – бұл швейцариялық фармацевтикалық және химиялық өнімдер, сондай-ақ сағаттар нақты жабдықтар, диірмендер және т.б.

- Елші мырза, бизнес-байланыс және сауданы кеңейту үшін кедергілер бар деп ойлайсыз ба? Өзара ынтымақтастық көрсеткішін нығайту мен арттыру үшін не істеу керек?

- Мен нақты бір кедергі бар деп айта алмаймын. Бірақ саяси-экономикалық мазмұндағы бірқатар жүйелік кезеңде, сондай-ақ белгілі салада сауданы қиындататын қиындық пен түсінбеушілік бар.

Мысалы соңғы екі жылда теңгенің құнсыздануы және швейцар франкінің жоғары деңгейі. Осы екі фактор соңғы екі жылда өзара сауданың сандық көрсеткішіне айтарлықтай әсер етті.

Өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік банк және Халықаралық қаржы корпорациясының Doing Business рейтингінде 41-орыннан 35-орынға көтерілді. Қазақстан өзінің заңын одан әрі жетілдіріп, салық және сот жүйесінің ашықтығын арттырады деп үміттенеміз. Қысқасы, қазақ және шетелдік компаниялар үшін елдегі іскери ахуалды жақсартуды жалғастырады деп ойлаймыз.

Ынтымақтастықты нығайту мүмкіндігін сөз етсек, онда сауда үшін заңнамалық база құрылды, Қазақстан ДСҰ-ға кірді. Екі елде осы ұйым аясында сауда жанданады деп үміттеніп отыр. Тек осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыру керек, сонда табысқа жетеміз деп ойлаймын.

- Біздің елдер арасында қандай ынтымақтастық саласының келешегі бар деп ойлайсыз?

- Ынтымақтастық жасаудың келешегі өте зор деп ойлаймын. Бұл "жасыл технология", білім беру саласындағы ынтымақтастық және IT-технология болуы мүмкін.

Өздеріңіз білесіздер, Швейцарияда пайдалы қазбалар жоқ, біздің байлығымыз – ғылым мен білікті кадрлар. Менің ойымша, Швейцария Қазақстанға экономиканы әртараптандыруға көмектесе алады.

Дәл осыған байланысты Швейцария алдағы болатын ЭКСПО көрмесіне үлкен жауапкершілікпен қатысады. Келешекте технология трансфертін жолға салу мақсатында "жасыл технология" саласында жаңа әзірлемелерді жасауды жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Біздің павильонның ұраны – "Гүл энергиясы". Біздің павильонды дайындап жатқан мамандар қазақ азаматтарына Швейцария табиғатының әдемілігін және оны келешек ұрпақ үшін қалай сақтау керектігін көрсетпек.

ЭКСПО көрмесі барысында біздің елдің павильонының аумағында Swissnex Lab ғылыми зертханасының жұмысы ұйымдастырылады. Оның мақсаты – пікіралмасу платформасы болу және "жасыл технология" саласында маманданушы ғалым, студент және кәсіпкер арасында ынтымақтастық орнату.

- Жақында Қазақстан президенті сандық және ақпараттық технологияға басымдық бере отырып, экономиканы жаңғыртудың үшінші толқыны туралы айтты...

- Ақпараттық технологияны дамыту – бұл қазіргі уақытта көптеген ел үшін маңызды болып отырған тренд. Сіздердің басшылықтарыңыздың мұндай бастамаларды дамытуға және қолдауға көңіл бөлуі өте маңызды. Қазір ақпараттық технологиясыз өмір сүру мүмкін емес. Швейцария көптеген IT-компаниямен аты шыққан ел. Мысалы онда Google және басқа да компаниялардың кеңселері орналасқан.

Сонымен бірге Швейцарияда бірнеше бизнес-инкубатор жұмыс істейді, осының арқасында Қазақстан стартаптары үлкен жобаларға қатыса алады. Өзіміз жұмыс істейтін салада Қазақстанға да қолдау көрсетуге дайынбыз.

- Жоғарыда айтып өткеніңіздей, осыған байланысты білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейтуді нығайту керек сияқты?

- Қолымда бар ақпаратқа сүйене отырып, 1994 жылдан бастап Қазақстанның 245 студенті "Болашақ" шәкіртақысы аясында Швейцария университеттерінде білім алғанын айта аламын.

Былтыр "Болашақ" бағдарламасымен Швейцарияда 10 студент білім алды. Барлық мектептің 90%-ы – қонақүй менеджменті мектебі. Халықарылық көрме қарсаңында және Қазақстанда туризмді дамыту курстары, осы саланың маманын дайындау сіздер үшін өте маңызды.

Сонымен бірге Швейцариялық федералды шәкіртақы бағдарламасы бар. 1996-2015 жылдар аралығында 43 қазақ студенті осы бағдарламамен грант алды. Бұл студенттер қолданбалы ғылым – физика, химия, математика, сонымен бірге биология және ауыл шаруашылығы ғылымдары факультеттерінде оқиды.

Соңғы жылдары бірнеше швейцариялық бизнес-мектеп Қазақстанда өз өкілдіктерін ашты, Қазақстан жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас жасауға қол қойып, бірлескен дипломдық оқыту бағдарламаларын жүргізіп жатыр. Осының барлығы қазақ азаматтары үшін швейцариялық білім алуды қолжетімді етіп отыр.

Жоғарыда айтып өткенімдей, екі ел арасында ынтымақтастық жасайтын сала көп. Сол үшін мұнымен тоқтап қалмау керек.

Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу