"Бизнес мемлекет қамқорлығына жауап беретін кез келді"

1665

Азаматтарды кәсіпкерлік салаға тұрақты тартып, ел экономикасындағы үлесін арттыру үшін жұмыс істеу қажет.

"Бизнес мемлекет қамқорлығына жауап беретін кез келді" Фото: akorda.kz

"Атамекен" палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдаған мемлекет басшысы бизнесті қолдау жөнінде үкімет мақсатты түрде тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанын айтты.

Елбасыға еліміздегі кәсіпкерлік белсенділік жағдайы жөніндегі есеп беріліп, былтырғы КҰП жұмысының қорытындысы мен алдағы уақытқа арналған жоспар жайы жеткізілді.

Тимур Құлыбаев кәсіпкерлер палатасының қызметі барлық өңірде көрсетілетінін, аудандық деңгейге дейін кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндігі барын айтты.

КҰП басшысының айтуынша, 5 стратегиялық басымдықтың қатарында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, бизнес-ортаны жетілдіру, қаржы мен инфрақұрылымның және өткізу нарықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, адам капиталын дамыту және бизнесті сервистік қолдау бар.

Барлық бағытта белгілі бір нәтиже байқалады. Мысалы бизнес саласында өзекті мәселенің 65%-ы шешілген. 2016 жылы ұлттық палата нормативтік-құқықтық актілердің 4930 жобасына сараптама жүргізіп, оның ішінде 57 заң жобасының тұжырымдамасы, 83 заң жобасы, 2338 үкімет қаулысы, мемлекеттік мекемелердің бұйрықтары болып отыр.

Шағын және орта бизнесті шағын несиелеу бағдарламасы табысты жүзеге асып, агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге басымдық беріліп келеді. Дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Бұл жерде 22009 оқушыны өндірістік оқытуға қатысты 2190 шарт жасалып, кәсіпорындар мен 8 салалық қауымдастық жанынан біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау жөніндегі 65 оқу орталығы ашылған.

Тағы бір маңызды жай, "Атамекен" палатасына кәсіби стандарттарды бекіту қызметі табысталып, өткен жылдың басынан 200-ден астам кәсіби стандарт жобасы қарастырылған. Мамандарды салалық сертификаттаудың 5 жылдық жоспары әзірленіп, іске асырылып жатыр. 2 сертификаттау орталығы тіркеуге дайын.

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қолға алынып, кәсіпкерлікке тегін оқыту негізінде, кәсіпкерді қолдау орталықтары мен кәсіпкерге қызмет көрсету орталықтарында 3141 адам көкжиегін кеңейтті. Мобильді оқу орталықтары секілді жаңа қадамдар, ауылдық жердегі халықты терең қамтуға мүмкіндік бермек. Жұмыспен қамту орталықтарында жедел желі іске қосылып, бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа тұрғанша немесе жеке бизнесін ашқанша қолдау көзделеді.

2705 млн теңгелік 563 өтінім қаржыландырылып, 2544 жұмыс орны пайда болған. Бұл жобалар мал және өсімдік, балық шаруашылығы, бал арасы, құс шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, халыққа қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану тәрізді экономика саласының кең ауқымын қамтиды.

Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау тұрғысында, 43397 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 57697 сервистік қызмет иесін тапқан.

Тыңнан енгізілген "тәуелсіз салалық сарапшылар" институты, 250 млн теңгеден асатын сатып алудың тендерлік құжаттар жобасын жасауға атсалыспақ.

Кәсіпкерлер палатасы мен "Самұрық-Қазына" қорының бірлескен жұмысы барысында, 2014 жылдың 1 тамызы мен 2016 жылдың 1 желтоқсаны аралығы, КҰП күш салуымен отандық тауар өндірушілермен 500 млрд теңгеден астам сомада 1541 ұзақ мерзімді шарт жасалған.

ҚР президентінің мемлекеттің ел экономикасындағы үлесін 2020 жылға қарай 15%-ға азайтуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында, 88 млрд теңгелік 364 ұйым бәсекелестік ортаға берілді. Дегенмен бұл үдеріс әлі қарқын алып кеткен жоқ. Тимур Құлыбаев жекешелендіру бағдарламасының басты бөгелу себебі – қаржыны алу қиындығы екенін айтты. Бұл түйткіл үкіметтің, қаржы институттарының және тиісті мемлекеттік құрылымдардың көмегімен тарқатылып жатыр.

Өткен жылғы маңызды міндеттер аясында, экспорттық-импорттық операцияларды жеңілдету, дауды сотқа дейін реттеу тетіктерін дамыту тармақтары атқарылды.

2016 жылдың 30 қарашасындағы "ҚР салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заңда салықтық және кедендік дауды апелляциялық реттеу баптары қайта сүзгіден өтті.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің тексеріс нәтижесі жайлы ескертуге кәсіпкерлер түсіретін шағымды қарастыру жөніндегі баптар алынып тасталды. Кәсіпкер арызын тиісті министрлік жанынан құрылған апелляциялық комиссия екшеуге кіріспек.

2017 жылы КҰП кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы аясында, елдегі бизнес ахуалды жақсарту жөніндегі өткен жылы басталған жұмысты жалғастырмақ. Осылайша кәсіпкерлік белсенділік те арта түспек.

Баяндаманы мұқият тыңдап өткен елбасы бизнесті қолдау жөнінде үкімет мақсатты түрде тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанын айтты.

"Заңнамалық актілерге дер кезінде өзгеріс енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, тексеруші мекемелердің саны қысқарды, жоспарлы тексеру алып тасталды. Кәсіпкерлер заңнамалық үдерістерге белсене атсалысып келеді, бұл елдің ішкі жалпы өніміндегі бизнестің үлесін арттыруға ықпал етуі тиіс", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан президенті елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет қабылдап жатқан шараларға бизнес өкілдері лайықты жауап беруге тиіс екеніне назар аударды.

"Мемлекет көрсеткен қамқорлық пен қолдауға бизнестің жауап беретін кезі келді. Азаматтарды кәсіпкерлік салаға тұрақты түрде тартып, ел экономикасындағы үлесін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажет", – дейді мемлекет басшысы.

Палата басшылығы қазір шағын және орта бизнес үлесі ішкі жалпы өнімнің 25%-ын құрап, онда 3 млн-нан астам адам жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. 2016 жылы 11,2 трлн теңгенің өнімі өндірілген, яғни 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6%-ға артық.

Абылай Мырзахметов Елбасының тапсырмасымен рұқсат беру және бақылау-қадағалау саласында ревизиялық жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның нәтижесінде рұқсат беру құжаттары айтарлықтай азайтылып, жоспарлы тексеру алып тасталды.

"Қазір бас прокуратурамен, парламент депутаттарымен бірлесіп, шағын және орта бизнес қызметінің түрлі саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қайта қарастырып жатырмыз", – дейді басқарма төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуді қорытындылай келе, бірқатар нақты тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу