"Бизнеспен айналысып, өнерімді шыңдадым"

8263

Батик өнерін меңгерген атыраулық суретші бизнесті де дөңгелетіп отыр.

"Бизнеспен айналысып, өнерімді шыңдадым"

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, атыраулық суретші Камила Жапалова жуырда АҚШ-та өткен бүкіләлемдік "Арт-Экспо. Нью-Йорк" көрмесіне қатысып қайтты. Туындылары Ресей, Түркия, Кипр секілді елдерде ұйымдастырылған көрмелерге қойылған белгілі қылқалам шебері abctv.kz-ке арнайы сұхбат берді.

– Камила ханым, мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылыған көрме жайлы айта отырсаңыз...

– Нью-Йорк қаласында жеке көрме ұйымдастыру – әр суретшінің арманы. Өйткені мұндағы көрмені әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерсүйер қауым тамашалайды. Өнерді шын бағалайтын хас таланттар байқап, өз бағасын береді. Биыл қазақстандық суретшілерден бұл көрмеге мен ғана қатыстым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Көрменің мақсаты – әлемдегі талантты өнерпаздардың басын қосып, олардың шығармашылығын шыңдау. Шараның алғашқы күнінде өнертанушылар, музей, галерея басшылары, коллекционерлер, дилерлер  өздеріне ұнаған жұмыстарды сатып алды. Жалпы көрме 5 күнге жалғасты. Оған биыл 200 елден 3 мыңға жуық суретші қатысты. Көрмеге қойылған еңбектерімнің барлығы батикадан жасалған. "Бітпес өмір", "Шаңырақ", "Арман", "Мақсат" сияқты келешекпен байланысты жарқын, позитивті жұмыстарымды көпшілік назарына ұсындым. Қуанарлығы, туындыларыма деген сұраныс жоғары болды. Әсіресе, өнеріме өзге елдерден келген туристер, америкалықтар қызығушылық танытты. Ауқымды шарадан шабыттанып қайттым. Шығармашылық тұрғыдан мол азық жинадым.

– Өнер мен бизнес. Екеуі де өміріңіздің ажырамас бөлшегі екенін білеміз. Өнер сізге не берді? Кәсіп ше?

– Рас айтасыз, екеуі де жан дүниеме жақын. Өнерім болмаса, бизнеспен шұғылданбас едім. Өнерімді дамыту арқылы кәсіптің көзін таптым. Бизнеспен айналысып, өнерімді шыңдадым. Мен үшін өнер мен бизнес – егіз ұғым.

Сіз батик өнерімен танылдыңыз. Оны қайдан үйрендіңіз?

– Шыны керек, батикті мектептерге мұғалім болып орналасқанда шәкірттеріме үйретіп жүрдім. Бұл саланы түбегейлі меңгеремін деген ой болған емес. Кейін көпшіліктің өнеріме деген қызығушылығы күшейіп, сұраныс артқаннан кейін, кәсіпке айналдырдым. Ресейдің Санк-Петербург қаласына арнайы барып оқып, батик өнерінің техникасын меңгердім. Қазір қазақы нақыштағы туындылар жасап жүрмін. Батик өнері VII-VIII ғасырларда Индонезия мен Қытай елдерінде пайда болған. Аталған мемлекеттерден Еуропаға, Ресейге тараған. Кейін бізге жеткен. Батик дегеніміз – матаны ерекше әшекейлеу, сурет салу, оны нүктелермен толтыру немесе штрихтеу. Әлем халықтары, әсіресе үнділер, қытайлар, мысырлықтар бұл өнерді ерте кезден дамытқан. Бүгінде батик өнері Қазақстанда да қанат жайып келеді. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы туындыларды елімізде ұйымдастырылатын көрмелерден кездестіруге болады. Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 30 жылдан асты.

– Танымал болу үшін өнеріңді сату қажет пе?  

– Танымал болу үшін шын талантты болу керек. Үнемі ізденіс үстінде жүру қажет. Заманның талабына, өмірдің ағымына сай өз талантыңды ұштай білу керек. Ал бизнеске керегі – шыдамдылық. Мәселен бір туындыны салу үшін кейде бір айдай уақыт кетеді. Әр еңбегімді халықтың талғамына сай, тұтынушының көзқарасына сәйкес дайындауға тырысамын. Өзгелердің пікірімен де санаса білу қажет. Өз біліміңді жетілдіріп, талантыңды шыңдай білу де маңызды. Шет елдерде ұйымдастырылатын көрмелерге үнемі қатысып, тәжірибе жинақтағанды құп көремін. 

Батиктен әдемі көйлек тігіп жүрсіз. Мұндай идея қайдан келді?

– Идея аяқ астынан келді десе де болады. Батик деген матаға сурет салу ғой. Өзіме батиктен көйлек тігіп жүрдім. Көрмеге келген халық менің киімдеріме қызығып, тапсырыс бере бастады. Көйлектерім бір көрген адамды бірден баурап алады. Негізі батик өнері тек Явада ең жоғары деңгейдегі көркемдікке және техникалық әсемдікке жеткен. Бұл жердегі батикке бүкіл әлем таңдай қағады. Ал индонезиялықтар болса, оны қарапайым зат ретінде қабылдайды. Яғни Индонезия, Бали, Ява аралдарының тұрғындары оны күнделікті дәстүрлі киімінде пайдаланады. Ал мен бұған өзіміздің ұлттық нақышымызды енгіздім. Қазір мұндай көйлектерге сұраныс өте жоғары. Бұл кәсіптің бәрін бірдей алып жүру өте қиын. Өйткені бір тіккен киім екіншісіне ұқсамайды. Мен бұл еңбегімді "БатиКами" брендімен нарыққа шығардым.

Өткен жылы кәсібіңізді дамыту мақсатында грант ұтып алғаңызды жақсы білеміз...

– Бизнесті енді бастаған кәсіпкер әйелдерге облыстық әкімдік жыл сайын қолдау көрсетеді. Мен "Даму" қоры арқылы 3 млн теңге грант ұтып алдым. Мақсат – батикпен әйелдерге арналған көйлек тігу. Матаға салған суреттерді көбейту үшін арнайы аппарат сатып алдым. Жергілікті өнерлі жандарды қызметке тартып, өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отырмын.

Батик өнерін үйрену оңай ма?

– Ынта керек. Міндетті түрде бойда талант болуы қажет. Үйрену оңай емес. Өте күрделі процесс.

– Бұл өнерді үйренуге құлшыныс білдіріп, ниет танытқан жастар бар ма?

– Әрине, бар. Шеберлік сағаттарын үнемі өткізіп тұрамын. Жетім балалар үйіне барып, бар білгенімді бүлдіршіндермен бөлісемін. Бүгінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде сабақ беремін. Балаларға бұл өнерді үйрету асқан жауапкершілікті талап етеді. Әрине барлық өнер тәжірибе арқылы дамып, жетіледі.

Үйренгісі келетіндер көп дедіңіз. Олар өнерге ме, әлде кәсіпке қызыға ма?  

– Кейбірі өнер, кейбірі бизнес ретінде қарайды. Бірақ бұл өнерді бірден кәсіпке айналдыру өте қиын.

– Табысыңыз қанша?

– Бір туындым 50 мың теңгеден жоғары бағаланады. Кей картиналарымды 5-6 мың долларға саттым.

– Бизнес леди болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Адалдық. Нарыққа шығарған әр бұйымға жауапкершілікпен қарау керек. Мен туындыларымның сапасына ерекше көңіл бөлемін. Егер тауарың көпшіліктің көңілінен шықса, жарнаманың да қажеті шамалы. Бастысы өзіңе сенімділік, мақсатыңның айқын болуы.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу