"Бизнестің қазіргі қаупі – парақор-шенеунік!"

2552

Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ғани Қасымов "бизнестің алдында тұрған қауіп – парақор-шенеунік" деп мәлімдейді.

 "Бизнестің қазіргі қаупі – парақор-шенеунік!"

Ғани Қасымовтың пікірінше, қазіргі экономикалық жағдайдан Қазақстанның сүрінбей өтуінің басты амалы - кәсіпкерліктің даму жолында тұрған барлық әкімшілік кедергіні жою болып табылады. 

– Ғани мырза, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі күрес созылып-бітпейтін шым-шытырық сериалдар тәрізді болып көрінбей ме? Бұл салада өзгеріс бар ма өзі?

- Біршама өзгеріс барын айтар едім. Бюрократиялық  аппараттың  бөгеттеріне қарсы тұра отырып, аз да болса өзгерістер жасалуда.  Әсіресе соңғы екі жылда  айтарлықтай қарқын байқалады.  Кәсіпкерлердің "Атамекен" Ұлттық  палатасын (ҰКП) құру арқылы әрбір кәсіпкердің  және жалпы бизнес-қауымдастықтың  тапталған құқын қорғай алатын мемлекеттік емес орган пайда болды.  Мұндай мекеме елімізде бұрын-соңды тіпті болмаған. 

Әрине, прокуратура мен басқа да құқық қорғау органдары осы бағытта өз бетінше жұмыс жүргізетіні анық. Алайда, бұл жұмыс жүйелі түрде алғаш рет қолға алынды. Ең бастысы, кәсіпкерлердің күмәнін жоя білдік. Қазір кәсіпкерлер  "Атамекен" атына шүбә келтірмейді.  Бүгінде кәсіпкер құқын қорғай алатын  күштің барына ел азаматтарының көзі жетті. 

– Кәсіпкерлерден көбіне қандай өтініш келіп түседі?

– Бүгінгі таңда ҰКП қарауында 12,5 мың іс бар.  Көбіне жер қатынастары, сәулет пен құрылыс мәселелері бойынша шағымданады,  –  бұлар барлық өтініштің жалпы санының 20%-ынан асады. Мысалы, 15 %-ы салық қызметімен арадағы дау-дамайды шешуді сұрайды. Өтініштің 10%-ы - сатып алу кезіндегі мемлекеттік органдардың және  квазимемлекеттік компаниялардың байқау комиссиясы іс-қимылдарының құқыққа сай еместігіне қатысты болып отыр.

Өтініштердің қалған бөлігі – бюрократиялық созбалаң, әкімшіліктер мен құқық органдарының  шектен шығуы, табиғи монополия саласы компанияларының заңсыз талаптары және т.б.  Ұлттық палатаның орталық аппаратының қарауында 3,5 мың өтініш бар.  Бұлар талдау жұмысын, егжей-тегжейлі анықтауды, ресми мекемелермен жұмыс істеуді талап ететін өте күрделі мәселелер. Қалған 8,5 мың кәсіпкердің өтініші өңірлік палата деңгейінде қаралуда.

– Барлық дау-жанжалды  шешу мүмкін бе?

–  Орташа алғанда, өтініштердің 40%-ында оң нәтижеге қол жеткіздік. Өткен жылы бұл көрсеткіш 54%-ға жетті. Алайда, кәсіпкерлердің ұлттық палатасына  күн сайын өтініш келіп түсетінін ескерген жөн, сондықтан 40% тұрақты түрдегі шамаға айналды.  Бизнесмендердің бір мәселесін шешсек, ертеңіне жаңа хат келеді, солай жалғаса береді.

33 млрд теңге  – кәсіпкер көтерген зиянның орнын толтырған  осы көрсеткіш біздің жұмысымыздың тиімділігіне материалдық айғақ бола алады. Орталық аппараттағы және өңірлік палаталардағы мамандарымыздың жүйелі жұмысының арқасында  осындай нәтижеге жеттік.   Олар соттарда, әкімдіктерде, басқа да мекемелерде бизнесмендердің мүддесін қорғайды әрі танытады.

– Осы мәселелерді шешуде кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасында мамандар жете ме?

–  Орталық аппарат  пен өңірлік палаталардағы 111 заңгер кәсіпкерлердің құқын қорғайтын жұмыс  жүргізеді.  Иә, бұл аз. Бірақ, бұл командадағы әр адамның кәсібилігіне мен кепіл бола аламын.  Бұл жалпы қылмыстық іс-тәжірибе заңгерлері емес, прокуратурада, төрелік сотта, әділет, адвокаттық және аудиторлық іс-қызметте, әлбетте - бизнесте шыңдалған, жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар. Бұлар – бірегей адамдар.

Дегенмен ҰКП екі жарым жыл бұрын ғана құрылды. Білікті мамандар штатын әр түрлі құрамда жинауға тура келді. Олардың көбі жұмысқа қабылданған күннің ертеңінде-ақ бизнестің проблемаларын шешуге бірден кірісіп-ақ кетті. Тіпті 11 ойыншыдан құрылатын кәсіби футбол командасын дайындау үшін жаттықтырушыға бес жыл керек дейді ғой. Біздің команда одан көп, өздеріңіз көріп отырғандай, қысқа мерзімде жинақталдық.

–  Өтініштің осыншама көп болуына не себеп? Құқық  қорғау органдары  және прокуратура  кәсіпкерлердің мәселелерін неге қалыптасқан режимде шеше алмайды?  

–  Мәселе мынада. Біздің мемлекеттік органдарда  жазалаудың сан-қилы құзырына ие! Әрбір  шенеунік қаламның күшімен бизнестің тағдырын шеше алады, бұйрықтар мен нұсқаулықтар шығарады және оларды өз қалауы бойынша түсіндіреді. Кез-келген кәсіпорынның жұмысын тоқтата алады, тіпті жауып та тастайды. Бұл қауіп үнемі бизнестің төбесіне төнген семсердей.

Тағы бір мәселе – рұқсат  құжаттарын рәсімдеудің шектен тыс бюрократияланған үдерісі. Бізде кәсіпкер өнім өндіру, жұмыс орындарын құру, салық төлеу сияқты негізгі қызметпен шұғылданудың орнына – бір кабинеттен екінші кабинетке қағаз құшақтап, алақтап жүгіріп, әуре-сарсаңға түседі. Мен бұған  бірнеше мысал келтірейін. Тұрғын үй кешенін салу үшін кемінде, орташа алғанда, төрт ай, ал сол құрылыстың өзіне барлық рұқсат құжатын алу үшін сегіз ай керек.  Бизнесмендердің уақытын рәсуалауға келгенде, бүкіл әлемде алдымызға жан салмаймыз!

Шенеуніктерді талай рет тойтарсақ та, қаншама рет басқару аппаратын және рұқсаттық рәсімдерді қысқарту мәселесін алға қойсақ та, бір бюрократтық  "шеңгелдің" орнына екіншісі өсіп шыға келеді. Нұсқау мен өкімдер геометриялық прогрессиямен өсуде.

Шынына келсек, біздің шенеуніктер, әсіресе жер-жерлердегі шенеуніктер  президенттің бағыт-бағдарына қарсы  ұстанымда.  Елбасы бизнестің дамуына жағдай жасауды талап етсе де, жергілікті әкімдіктің шағын құрылым бастығы – беттегі безеудей бөртіп,  бизнесті  құртуға бар күшін салады.

– Мұндай құбылыс жер-жерде  ғана байқала ма? Орталықта жағдай қалай? 

– Орталық та оңып тұрған жоқ. Мінбеге көтерілген шенеунік бизнесті қолдаймыз деп айтып алады да, келе-келе кәсіпкердің мойнына қыл арқан іле салады.  Мысал керек пе? - Кәсіпкерлердің облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер  жалға беретін орындар мен алаңдардың жалдау ақысын көтеру жайлы Ұлттық экономика мен бюджеттік жоспарлау министрлігінің атышулы бұйрығы.

Аурухана, мектеп, әскери бөлімшелердегі асханаларды жалға алған кәсіпкерлер  енді жылына 300 мың емес, бақандай бес миллион теңге төлеу туралы  өкім алды. Бұл салада кім жұмыс істеп, қандай мүмкіндікке қол жетіп отырғанын министрлік ойланған да жоқ. Бұл дегеніңіз әлеуметтік бизнес қой, ері, әйелі, қызы, апасы азық-түлік сатып алады және ас дайындайды. Бәрі дән риза, ауруханада емделуші де, балалардың ата-анасы да, сарбаздар да бар. Тек Ұлттық экономика министрлігі ғана разы емес.

Сайып келгенде, кәсіпкерлер кәсіпорындарын буып-түйе бастады, жаңа мөлшерлемелерді көтеруге шама жоқ. Мыңдаған отбасы кіріс көзінен айрылды. Ал Ұлттық экономика министрлігі неге міз бақпайды, түсініксіз. Заңнамаға сәйкес тарифтерді бекітетін шешімдерді жергілікті мәслихат депутаттары қабылдайды, тек солар ғана мүлікке қалай басшылық жасауды шешеді. Министрліктің бұл үдеріске килігуіне не себеп? Осы  шешім жөн бе? Біз осы сауалды Бас прокуратураға жолдадық. Олар бізді қолдады  және министрліктен осы шешімді  өзгертуді талап етті. 

– Өзгертті ме?

– Өзгертті, бірақ қалайша? Бас шұлғыды да, жалға алу ақысын  жылына 5 миллионнан 3 миллионға кемітті(!). Яғни іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ,  кәсіпкерлер қандай жағдай болса да, мұндай ақыны көтере алмайды. Өз басым мұны мазақ ету деп түсінемін. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз,  қалайда бұрынға бағаны қайтаруды талап етеміз. 

– Сіздің пікіріңізше, осындай асыра сілтеушілік әрекеттермен күресу үшін не істеу керек?

–  Біріншіден, еліміздің заңдарын түгелдей толығымен тексеру керек.  Экономикалық мақсатқа сай тұрғыдан қарағанда, олардың барлық рұқсат құжаттын беру рәсімдерінің тізбесін жасап, талдауды ұсынамыз.  Мақсат – шенеуніктің тікелей міндеттері шеңберінен шығып кететін барлық билік құзырын барынша түбегейлі жою.

Мәселен, кәсіпорынның қызметін тоқтату туралы шешімді тек санитарлық дәрігер немесе өртке қарсы қызмет инспекторы ғана қабылдамауға тиіс, сот ұйғарымы болуға тиіс. Шенеунікке "бөліп ал да билей бер" деген құқық берсек, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы орта қалыптасады. 

Екіншіден, барлық рұқсат құжатын беру рәсімдері бірыңғай "бір терезе" жүйесі арқылы жүргізілуі керек. Бұл – әлемдік тәжірибе.  Қазіргі таңда Ұлттық палата  Бас прокуратураның және Үкіметтің сөзсіз қолдауы нәтижесінде бұл бағытта жұмыс жүргізуде. 

–  Кәсіпкер құқын  қорғау туралы  айта келе біз құқықтық мәселелерге баса назар аударамыз. Экономикалық тұрғыдан қарағанда,  бұл жұмыстың мәні неде?  

– Жасыратыны жоқ, Қазақстанда мемлекеттің экономикадағы үлесі тым жоғары. Осының өзі ашық бәсекелестік нарықты  дамыту үшін кедергі болып табылады. Сонымен қатар экспортталатын шикізат бағасының төмендеуіне байланысты күрделі мәселе айқара ашылды. Бұл туралы бұрын да айтылған, бірақ қазір ғана "шикізат экспортына тәуелділік" деген  қауіпті сезіндік.

Шикізат бағасы түсті, демек бюджет түсімі де азайды. Елдегі жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) қалыптастыруда шағын және орта бизнестің үлесі тоқтаусыз өсуі үшін мемлекет барлық күш-жігерін жұмсап,  ұмтылуға тиіс, бұл дағдарыстың алдын-алуға кепілдік береді.

Бизнесті мыңдаған тыйым салумен, регламенттермен тұсайтын ұмтылыс халықтың бастамасын булықтырады. Мысалға, шенеунік өз ерік-жігерімен шағын тоқаш дүкенін жауып, кәсіпкердің кедейленуіне қол жеткізді делік. Мұның салдары қандай? - Үш-төрт бизнесмен мұндай әрекеттерден құлағдар бола отырып, өз ісін ашудан  үзілді-кесілді бас тартады. Ол мемлекеттік компанияға жалданып, жұмыс істеуді жөн көреді.

Бір кәсіпорынның күйреуі - автоматты түрде, ең азы, оның ондаған контрагенті мен серіктесін зиянға белшесінен батыратынын мен айтпай-ақ қояйын. ЖІӨ 90%-ын бизнес қалыптастырып отырған дамыған елдердің деңгейіне қалай жетеміз? Биліктің кәсіпкерге қолданып жүрген қарым-қатынас стилі осылайша сақтала берсе,  бұл туралы ауыз ашудың да қажеті жоқ.

–Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығарсақ, кәсіпкерліктің дамуына басты тосқауыл болып отырған не?

– Бизнестің қазіргі жауы – парақор-шенеунік!  Қайтсе де  өз пайдасын алуды көздеген  ол өзін сан-алуан өкіммен қоршап тастаған, қалай түсіндірсе де,  өз еркі. Бұл жерде тек шенеунік ағайынның құлқыны ғана кедергі емес. Олар билеп-төстеуден арылғысы жоқ.

Шенеуніктер кеңестік жоспарлы  экономика дәуірінде емес, нарық қоғамында  өмір сүретіндерін түсінгісі келмейді, бизнесмен төлеп жатқан салыққа тіршілік ететінін ұқпайды. Мұндай бюрократиялық, менменшіл ойдан мүлде арылуымыз керек.

Өкінішке қарай, заңдарда кеңестік кезеңнен көп сарқыншақ қалған. Мысалы, Қылмыстық кодексте қарастырылған кәсіпкерлерге қатысты жазалау сипаты. Мәселен, бизнесмен кірісінің кей бөлігін  салық салудан  жасырып қалды делік.

Әлбетте, бұл – қылмыс. Бірақ санкция мөлшері оған лайық па? Адамды бас бостандығынан айырамыз, ол онда барып салық төлеушінің қаржысына тіршілік етеді. Кімді жазаладық? Мұндай жазаның мәні неде?  Өтемақылық шараларға баса назар аудару керек деп ойлаймыз: ұрладың ба – орнын толтыр! Ал сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне келгенде еш төзбеуіміз керек!

Кәсіпкер құқы үшін алдағы уақытта ымырасыз күрес тұрғанын біз  жақсы түсінеміз.  Шенеунік өз еркімен билеп-төстеуден айрылғысы келмейді,  өз өкілеттіктерін сақтап қалу үшін барынша күресетін болады, бірақ күрес жолы қашанда ауыр  ғой.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу