Осыдан 8 күн бұрын елімізде "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы таныстырылып, қабылдануы тиіс еді. Бұл туралы Астанада өткен Еуразиялық апталық форумында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: "Менің ойымша, 13 қыркүйектегі таныстырылым барысында негізгі басымдықтарды егжей-тегжей көрсетеміз", – деген болатын.
Министр мәлімдеген межелі мерзімде елбасының қатысуымен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес өтті. Алайда "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы қабылданған жоқ. Президент жобаны жарамсыз деп тауып, кері қайтарды.
Еске салайық, өткен айдың соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған. Ол мемлекет басшысына бағдарламаның жобасы талқы таразысына салынып, 4 басым бағыт белгіленгенін баяндаған.
"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталады", – деген Дәурен Абаев.
Өз кезегінде президент барлық министрліктер мен мемлекеттік мекемелер және өңірлер бір-бірімен тығыз байланыста болып, нәтижелі жұмыс атқаруы тиіс екенін алға тартқан және министрге нақты тапсырма берген.
Бағдарламаның қабылданбағанына қарағанда, тапсырма тиянақталмаған. "Цифрлық Қазақстан" жобасы шикі екен. Бұл туралы елбасы: "Ресейде мысалы, бұл мәселелермен қазір Алексей Кудрин мырза айналысып жатқанын білемін. Оның мәлімдеуінше, Ресейді цифрландыру 2024 жылға қарай жалпы ішкі өнімге қосымша 5-7 триллион рубль өсім бере алады екен. Осы мақсатта олар осы іске 1,5 триллион рубль салуды жоспарлауда. Ал біздің бағдарламаны әзірлеушілер одан қандай пайда табуды жоспарлауда? Ол туралы ештеңе естімедік. Жарайды, 2021 жылға қарай жоба бойынша 251 миллиард теңге шығындайық. Қайтарымы қандай? Цифрлар жоқ. Егер дәл осылай жұмыс жасайтын болсақ, бұл ақшаны желге шашу болмақ немесе ол қаржы тағы ұрланады. Сондықтан біз өз мақсаттарымызды нақтылап алуға тиіспіз.
Егер біздің бағдарлама әзірлеушілер мен кеңесшілер қайтарым-эффектіні дұрыс жоспарламайтын болса, онда олар қандай да бір себеп не ниетпен біздің дамуымызға тежеу салғысы, тіпті тоқтатып тастағысы келеді деп санауымыз қажет. Мен бұл жерде "олардың ойлағаны сол" деп отырған жоқпын, бірақ солай болуы да мүмкін", – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке жыл соңына дейін уақыт берді.
"Бағдарлама пысықталсын, нақтылансын. Жыл соңына дейін уақыт беремін. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір ай сайын қайда бара жатқанымызды жеке өзім бақылап отыратын боламын", – деп қорытты ойын президент.
Бұған қоса Нұрсұлтан Назарбаев ЕЭО-ға мүше Ресей, Беларусь мемлекеттерімен цифрландыру мәселесі бойынша біріккен жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.
Бұл жиында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та болған. Ол елбасының сыны мен ескертуін мұқият тыңдаған. Содан болу керек, таяуда ақпарат және коммуникациялар министрлігіне "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жетілдіру бойынша 5 тапсырма жүктеді.
Бірінші тапсырма бойынша, министрлік "Алатау" инновациялық технологиялық паркі мен халықаралық IT технопаркіне қазына қаржысынан құйылған ақшаның қашан қайтатынын анықтау керек. Екінші тапсырма туралы премьер-министр: "Елбасының берген ең маңызды тапсырмаларының бірі – адам капиталын дамыту. Біз қазіргі таңдағы білім беру жүйесін қайта қарап, үздіксіз білім алуға көшуіміз қажет. Осы орайда мен білім және ғылым министрлігіне аталған мәселені қарастырып, екі аптаның ішінде нақты ұсыныстарды енгізу тапсырамын", – деді.
Үшінші тапсырма пиар-стратегияқұруға қатысты болды. Бұл жөнінде Бақытжан Сағынтаев: "Үшіншіден, мемлекет басшысы барлық азаматтардың цифрландыру процестердің маңыздылығын нақты түсіну қажеттігін атап өтті. Сондықтан министрлікке мемлекеттік органдармен бірігіп, тиісті пиар-стратегияны құруға тапсырма беремін", – деді.
Премьер-министрдің төртінші тапсырмасына сәйкес, министрлік Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы "smart city" жобасын өзге өңірлерге үлгі етуге міндеттелді.
"Министрлікке барлық облыс орталықтарға келетін "ақылды қала" тұжырымдамасын жасауды тапсырамын", – деді үкімет басшысы.
Бесінші тапсырма министрлікке 1 қазанға дейін Ресей, Беларусь елдерімен цифрландыру мәселесі бойынша бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс әзірлеу қажеттігін ұғындырды.
Айтпақшы премьер-министр "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының кем-кетігін толтырып, қарашаның соңына дейін үкіметтің талқысына салу мәселесін де күн тәртібіне қойды.
Байқап қарасақ, "Цифрлық Қазақстан" "Шифрлық Қазақстанға" айналған тәрізді. Президент айтқандай, бағдарламаның мақсаты мен мұратын оны жүзеге асырып жатқандардың өзі түсінбеген. Яғни осыған дейін айтылғанның бәрі бос сөз, құр қиял болған.
Бұлбұл Болат