Инвестиция және даму министрлігі (ИДМ) "Дена Рахсаз" ирандық компаниясының орнына басқа мердігер келуі мүмкін екенін айтты. Ирандық компания Қазақстандағы көлік жолы құрылысы саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Алайда соңғы кездері ол қаржылық қиындыққа тап болып, жұмысы тиімсіз бола бастаған
Министрдің айтуынша, компания Тараз бен Шымкент арасындағы Қордай асуы арқылы өтетін 800 метрлік тоннельді уақытында бітіре алмай отыр.
"Тоннель бойынша проблемалардың бары рас. Бұл "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жобасындағы учаске. Атқарушы - "Дена Рахсаз" компаниясы. Компания Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде алғаш рет қиындық туындап отыр. Бұған дейін қандай да бір күрделі мәселе болған емес. Компанияның өз отанында қаржылық мәселелер туындап отыр, сондықтан олар біздің жобамызға әсер етіп отыр", – деді министр дүйсенбі күнгі үкімет сағатында.
"Жамбыл облысының шекарасына апаратын жол қайта қалыпқа келтірілген. Бұл жолмен жүру толығымен іске қосылған, яғни бұл тоннель жүруге еш кедергі келтірмейді. Кезінде бұған қосымша қысқы уақытта жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 800 метрлік тоннель салуды қаржыландыруды ұсынған болатынбыз. Жұмыс айтарлықтай жақсы жүріп жатты. Бірақ былтырдан бастап жоғарыда айтылған қиындықтарға байланысты жұмыс кестесіне ілесе алмай жатыр. Биыл осы нысанды іске қоса алмай қаламыз ба деп қорқамын. Сондықтан осы мәселені шешу үшін банкпен жұмыс жасап жатырмыз. Осыған орай, мердігерді ауыстыруымыз мүмкін".
Мақала дайындау барысында "Дена Рахсаз Қазақстан" ЖШС-дан еш түсініктеме ала алмадық.
Аbctv.kz бұған дейін ирандық компания 2014 жылы Павлодар облысында көлік жолы құрылысын қайта қалыпқа келтіруге мемлекеттік тапсырыс алып, Екібастұз аймағындағы қиыршық тас шығаратын зауытты бір тиынсыз қалдырғандығын жазған болатын.
"Салынған учаскелерде шынымен де 3-4 оқиға болды. Атап айтқанда, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" учаскесінде, біреуі – Жамбыл облысында, тағы бірі – Оңтүстік Қазақстанда. Жамбыл облысындағы учаскелердің бірінде жол қабыршақтанып кеткен, мердігер – шетелдік компания. Ал екінші бір учаскеде оңтүстіккореялық POSCO компаниясы өзі ақау тауып алды. Онда бетон бетіне арматура дұрыс төселмеген болып шықты. Өзгертуге өздері ұсыныс жасады", – деді ол.
Қазақстанда барлық халықаралық жол келісімшарттары бойынша 2 жыл кепілдік мерзімі әрекет етеді.
"Егер құрылыс аяқталған соң 2 жыл ішінде кемшіліктер анықталатын болса, онда мердігер компания өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіріп, жолды қайта төсеуге міндетті. Ол үшін біз аталған уақыт бойына келісімшарт құнының бес пайыздық банктік кепілдігін ұстап тұрамыз. Бұл өте қатаң шара – оны әрі тәжірибе ретінде қабылдадық және халықаралық қаржы институттарына ұсыныс етеміз", – деді министр.
Сонымен бірге республикалық бюджет пен Ұлттық қор қаражаттары есебінен салынған автожолдар бойынша кепілдік мерзімі 5 жылды құрайды.
"Құрылыс аяқталған соң 5 жыл ішінде кемшіліктер анықталған жағдайда мердігер компаниялар толықтай өз есебінен осы ақауларды жоюға тиіс. Біз келісімшарттың 5%- банктік кепілдігін ұстап тұрамыз", – деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.
Жанболат Мамышев