"Эконом", "бизнес", "элит" үйлерді жарнамалауға тыйым салынды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4499

Қазақстандықтардың және бизнестің ең көп арыз-шағымы ұлттық банк жетекшілік ететін салаға қатысты болып келеді екен.

"Эконом", "бизнес", "элит" үйлерді жарнамалауға тыйым салынды Фото: tengrinews.kz

Министрлер кабинетінің мүшелері елорда мерекесі қарсаңындағы бүгінгі жиындарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін қарауға ұйғарыпты. Айтқандай, алда бірқатар министрлер де жазғы демалысқа кетеді, тиісінше, олардың да қарапайым қазақстандықтармен бірге қатардағы тұтынушы тартатын қиындықтарды бастан кешу "сын-қатері" ұлғая түседі.

Сондықтан да болса керек, үкімет мүшелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қазақстандық заңнаманы шетелдік нормалар мен ережелерге сәйкестендіру мен жетілдіру мәселелеріне кәдімгідей ден қойды, бұл ретте тіпті әдетте "Үкімет үйіне" кіруге тыйым салынған үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде тұтынушылар құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктер мен қоғам белсенділерінің де ой-пікіріне ден қойылды.  

Басты баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын жетілдіру мақсатында 2016 жылғы сәуірде қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Оның ішінде елең еткізерлік жаңалықтар да бар.

Мәселен, Қазақстанда тұрғын үй кешендерін "эконом", "комфорт", "бизнес", "элит" деп бағалау бірте-бірте жойылуы мүмкін. Қалай болғанда, қазір құрылыс компанияларына өз тұрғын үй кешендерін осылай санаттауға тыйым салынды. Құрылыс нормалары бойынша тұрғын үйлер тек 1, 2, 3 және 4-ші санаттағы деп қана бөлінеді. Бұлардың әрқайсысының өлшем-критерийлері, талаптары және стандарттары бар және олардың сақталуын мемлекеттік құзырлы органдар қадағалайды.

Басқасының бәрі – маркетологтардың ойдан шығарғаны және заңнамалық тұрғыдан олардың қалып-стандарттары бекітілмеген. Тиісінше, бұрын әр салушы өз нысанын өз қалауынша атай беретін. Соның кесірінен, тұтынушылар зардап шегеді: себебі, "элит" деп әр шаршы метрін удай қымбатқа сатып алған баспанасы шынында "бизнес" деңгейіне әзер тартатын болып шығады. Ал ол бойынша соттасса, жеңіп шығуы да қиын, заңда "элитқа" не жататыны, "бизнес" баспана қандай болуы керектігі айтылмаған.

Тиісінше, мемлекет олардың әрқайсысын заңда ашып жазбай, тыйым салып тастады. Енді баспаналар І-IV санаттар бойынша ажыратылып, жарнамасында да сол көрсетілуі керек. Бұл заң талабы, оған бағынбаған салушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

"Құрылыс нормаларымен қарастырылмаған, "эконом", "бизнес", "элит" санаттары секілді тұрғызылып жатқан тұрғын үйлердің сыныптамасына жарнама жасауға тыйым салынды", – деді министр Тимур Сүлейменов.

Ол өз ведомствосының жекелеген тауарлар нарығындағы тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтетінін мәлімдеді.

Министр тұтастай алғанда, тұтынушылардан келіп түсетін арыз-шағым, өтініштерді қарауда және шешім қабылдауда әр мемлекеттік органдар әртүрлі әдістерді қолданатынын жеткізді. Бірі түсіндіреді, бірі әкімшілік істерді қарайды, бірі тіпті тексерулер жүргізе алады.

"Жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер болса, тұтынушылар құқығын қорғау жүйесіндегі өз рөлін көріп отырған жоқ. Дегенмен, олардың жергілікті жерде халықпен тікелей жұмыс істейтінін ескерсек, олардың бұл бағыттағы жұмыстарын жандандыруы қажет-ақ" – деп ескертті Тимур Сүлейменов.

Оның мәліметінше, 2016 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар тұтынушылардан түскен 23 мыңнан астам өтінішті қараған. Ұлттық экономика министрлігіне 4486 өтініш түсіпті, яғни, жалпы өтініштің 19%-ын еншілеген. Ең көп шағым ұлттық банкке тиесілі – барлық өтініштердің 56%-ы! Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігіне – 11%, қаржы және энергетика министрліктеріне 3%-дан келеді.

"Мемлекеттің бақылаушылық функциясын азайту жағдайында тұтынушылар құқығын қорғау деңгейін арттыру үшін Ұлттық экономика министрлігі жекелеген тауарлық нарықтардағы тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтуді жоспарлауда. Электрондық саудаға қатысушылардың қызмет әрекетін тұтынушылардың құқығын сақтау кепілдігін анықтау арқылы регламенттеу, сондай-ақ жарнамаларды орналастыру талаптарын күшейту, оның ішінде оны орналастыру уақыты, шындыққа сәйкестігі және тауардың тұтынушылық ерекшелігі талаптарын күшейту қарастырылуда", – деді Тимур Сүлейменов.   

Оның айтуынша, сондай-ақ "тауардың сапасы мен қауіпсіздігі стандарттарын сақтамағандығы үшін кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін арттыру" ұсынылып отыр.

"Біз оқу курстарын енгізу арқылы тұтынушылық білім деңгейін, сондай-ақ тұтынушылардың азаматтық белсенділігін және олардың тауарлар, құқықтар мен міндеттер бойынша хабардарлығын арттыруды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың БАҚ-пен жұмысын жандандыру, тұтынушыларды ақпараттандыру, кеңестер беру және ағарту бойынша жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ талдау есебіне қолданыстағы заңнаманы және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды енгізуді міндетті тармақты қосу ойластырылуда", – деді Тимур Сүлейменов. 

Оның айтуынша, Бас прокуратураға тұтынушылар құқығын қорғау мәселесі бойынша сәйкес статистикалық есептілікті енгізу туралы ұсыныс енгізілетін болады.

"Тұтынушылар құқығын қорғаудың институттық негізін жетілдіру тұтынушылар құқығының бұзылуының алдын алуға, нарықтың сапалы тауарлармен толығуына және ақыр аяғында, Қазақстандағы тұтынушылық сұраныстың артуына ықпал ететін болады", – деді бас экономист.

Отырыс барысында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сөз сөйледі. Жұртшылық тарапынан "Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы" басқарма төрайымы Светлана Романовская сөз алып, өз қызметтері туралы баяндады.

Айта кету керек, бизнестің мүддесі мен құқығы да қорғалуда екен. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын жаңартылған санитариялық қағидаларды бекітіп, тиісті бұйрыққа қол қойыпты.

Нәтижесінде, министрдің түсіндіруінше, денсаулық сақтау саласындағы бизнес үшін тосқауылдар болып табылатын нормалардың шамамен 30%-ы алып тасталды, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілерде қайталанатын талаптар қысқартылды. Бұл "медициналық қалдықтарды тасымалдауға және залалсыздандыруға", "медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилдеуге және дезинфекциялауға", "денсаулық сақтау объектілеріне өндірістік бақылау жүргізу жағдайларына" қойылатын талаптарды қамтиды.

Сондай-ақ құрылысқа жер учаскелерін таңдауға, объектіні жобалауға, реконструкциялауға және қайта жабдықтауға, денсаулық сақтау объектілерінің жиынына, ауданына қойылатын, ҚНжҚ-да (құрылыс нормалары және қағидалары) қайталанатын талаптар алып тасталды.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты гемодиализ, дерматология-косметология, пластикалық және эстетикалық хирургия сияқты көрсетілетін қызметтерге қосымша санитариялық талаптар әзірленді, сондай-ақ бұл талаптар оңалту орталықтарына да, оның ішінде паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдарға да қатысты. Осы қағидалардың қабылдануы денсаулық сақтау саласында шағын бизнесті дамыту үшін әкімшілік тосқауылдарды жойып қана қоймай, халық үшін медициналық қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Аталған санитариялық қағидалар санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтауға, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға және персоналдың жұмыс орындарында оңтайлы гигиеналық жағдайларды және пациенттер үшін қауіпсіз жағдайларды жасауға бағытталған.

Министр санитариялық қағидалардың жобасы денсаулық сақтау ұйымдарымен, ғылыми мекемелермен, бизнес қоғамдастығымен, халықаралық сарапшылармен, аккредиттелген қауымдастықтар сарапшыларымен, сондай-ақ "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірге талқыланғандығын еске салады.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі осы мәселелерді қарау қорытындысы бойынша премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді шаралар қолданып, халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушылардың құқықтары туралы кеңінен ақпарат таратуды тапсырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу