"Экономикалық ұлтшылдықтан" төнген қауіп

3305

Әлемдік банк дүниежүзінде 2008 жылғы дағдарыстың қайталануы мүмкін екенін ескертті.

 "Экономикалық ұлтшылдықтан" төнген қауіп

Проблеманың бастауы – Трамп
"Экономикалық ұлтшылдыққа" дем берген – АҚШ президенті Дональд Трамп. Мұны Әлемдік банк ашық мәлімдеп отыр. Оның ескертуінше, мұндай "ұлтшылдықтың" халықаралық сауда мен өсімге тигізетін зардабы 2008 жылы дүниежүзін шарпыған қаржылық дағдарысқа тең болмаса, кем болмайды. Шындығында да қазір Америка Қытаймен ғана емес, өзінің негізгі одақтастары – Еуроодақ елдерімен, Канадамен, Мексикамен де экономикалық соғыс жүргізіп жатыр.

Сейсенбі күні Әлемдік банк ғалам экономикасының болашағына қатысты баяндамасын жариялады. Оған жүгінсек, түрлі мемлекеттердің импорттық тауарларға тарифтерді көтеруге жаппай көшуі және сол салық деңгейінің Дүниежүзілік сауда ұйымының межесінен асып кетуі ғаламдық сауданы 9 пайызға төмендетуі ғажап емес.

Осы баяндаманың негізгі авторларының бірі Франциска Энсонге айтқандай, "протекционизмнен расында да қауіп бар және халықаралық сауданың жолын бөгеу ғаламдық өсімді тежемей қоймайды".

Әлемдік банк Халықаралық валюта қорымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кедей елдерге жәрдемдесу және халықаралық ынтымақтастық пен экономикалық дамуға ықпал ету мақсатында құрылды. Қазір ол Құрама Штаттар мен оның дәстүрлі одақтастары арасындағы сауда дауларына араласуға мәжбүр.

Өткен аптада Трамп әкімшілігі Еуропа одағынан, Канададан, Мексикадан келетін болат пен алюминийге баж салығын көтеріп, ол мемлекеттерді Вашингтонға қарсы шара қолдануға итермелеп отыр. Осының нәтижесінде еркін сауданы ондаған жылдар бойы пайдалы еткен саяси консенсус бұзылуға жақын. Сонымен қатар, қазір АҚШ пен Қытай арасында да дәл осындай протекционизм күшейіп келеді. Ал, Америка тарифті көтеріп жатқанда, Бейжің жауапсыз отыра алмайтыны хақ.

Экономикалық  жанжалдардың дамушы елдерге зияны
Әлемдік банктің болжамынша, бұл кең ауқымды сауда соғыстары дамушы елдерге қиын тиейін деп отыр. Өйткені, олардың тағдыры көп жағдайда негізгі экономикалық державалардың күшіне тәуелді. Энсонге келтірген тағы бір дерекке қарағанда, АҚШ, Қытай немесе еуроаймақ елдері өндірісінің 1 пайызға құлдырауының өзі дамушы мемлекеттердің жалпы ішкі өнімін 1-2 жылда 1,1 пайызға қысқартады екен. Ал, әлем үшін бұл экономикалық жанжалдардың залалы тіпті қиын болуы мүмкін. "Халықаралық сауда – Еуропа одағы мен Жапониядағы өсімнің маңызды бастауы және сол өсімге көптеген дамушы елдердің өсімі тікелей байланысты", – дейді Франциска Энсонге.

Еуропа шілдеде Америкадан кек алуға кіріседі
Еуропа одағы АҚШ-тан келген тауарлардан шілде айынан бастап қосымша баж салығын ала бастайды. Бұл кек алу шарасына сәйкес, тарифтер 2,8 миллиард еуроның немесе 3,3 миллиард доллардың өніміне қатысты 25 пайызға өседі. Сол тауарларға Американың апельсин шырындары, бурбон вискилері, джинсилері, мотоциклдері және болаттан жасалған түрлі өнімдері кіреді. Ал, Канада шілденің 1-нен бастап АҚШ-тан импортталатын 12,9 миллиард доллардың тауарларына тарифті жоғарылатпақ. Мексика да осындай қадамға барып, Құрама Штаттар экспорттаған болат өнімдері мен шошқа етін елге арзан бағамен кіргізбейтінін ескертті.

Айта кетсек, осы аптада Канадада "Үлкен жетілік" елдерінің саммиті өтеді.

Трамп сол жиын қарсаңында Париж климаттық келісімінен, Иранмен жасалған ядролық пәтуадан шығатынын жариялап, енді тарифтерді көтеріп жатыр. Бұған ашынған Германия канцлері Ангела Меркель алдағы саммитте Трамппен бұл мәселелерді "қызу талқылайтынын" мәлімдеді.

Мұның бәрі трансатлантикалық шиеленістің өршіп бара жатқанын білдіреді. Сондықтан, Меркельдің ойынша, Еуропа әлемде өзіндік жолын табуға тиіс.

Биыл  ғалам экономикасы 3,1 пайызға өсуі мүмкін
Дегенмен, саудаға қатысты осындай ескерту жасай отырып, Әлемдік банк биылғы жылдың өсімі туралы көңілге қонымды болжамын да жариялады. Оған қарағанда, былтыр әлем экономикасында қалыптасқан жағымды ахуал 2018-2019 жылдары да жалғасын тауып, тұрақты өсіммен ерекшеленуі мүмкін. Биыл ғаламдық жалпы ішкі өнім 3,1 пайызға артпақ. Содан кейін бұл көрсеткіш біртіндеп, мардымсыз болса да төмендеуі ықтимал.

Әлемдік банктің баяндамасына сенсек, қауіп тек экономикалық протекционизмнен ғана төніп тұрған жоқ. Мысалы, қазір көптеген елдердің орталық банктері пайыздық үстемені көтеріп жатыр. Мұның өзі қаржы нарығына кері әсер етпек. Сонымен қатар, бүгінде кейбір елдердің қарызы артып, олардың мойнына ауыр салмақ түсіруде.  

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу