"ЭКСПО" көрмесі бизнес үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады

8526

Қазақстан кәсіпкерлері "ЭКСПО-2017" павильондарының құрылысы аясында 52,5 млрд теңгенің өнімін жеткізді.

"ЭКСПО" көрмесі бизнес үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады Фото: palata.kz

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы (КҰП) баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, КҰП пен "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Құжаттың мақсаты – "ЭКСПО-2017" көрмесіне әзірлік жұмыстарына және өткізуге отандық бизнесті тарту. Көрмені ұйымдастыруға қатысатын жергілікті кәсіпкерлер үлесін көбейтуге, сондай-ақ аймақтардан шағын және орта бизнесті тартуға екіжақты күш салынады.

Ұлттық компания басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, алда болар көрме жасыл энергетика саласындағы мәселелерді талқылап, негізгі шешімдер іздеуге арналған әлемдік алаңға айналады.

"Көрме отандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған келелі ұлттық жобаға айналды. Жоба жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, сонымен бірге 50 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қарбалас жұмыс кезеңінде алаңда 14 мың құрылысшы және 500-ден астам техника жұмыс істеді. Жалпы көрме нысандарының құрылысына 366 отандық тауар өндіруші тартылып, 52,5 млрд теңгеге шарт жасалды", – дейді Ахметжан Есімов.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен екі есеге артық. "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізуге әзірлік жұмыстары өңірлердегі кәсіпорындарды тапсырыспен қамтамасыз етіп, аймақтарда жаңа жұмыс орындарының ашылуына жәрдемдесті. Көрме нысандарының құрылысына бюджеттен жұмсалатын қаражат 302 млрд теңгеге қысқарды.

КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев нысандардың дайындығы мен көрменің ұйымдастырылуын жоғары бағалады, сондай-ақ ол бизнеске үлкен мүмкіндік туғанын баса айтты. Ол КҰП пен ұлттық компания келісімге қол қоймас бұрын да отандық тауар өндірушілерді тарту мен туризмді дамытуға қатысты көптеген бағытта бірлесіп жұмыс атқарғанын қадап айтты. Тимур Құлыбаев отандық тауар өндірушілермен мәміле жасасу жөніндегі жұмыс жалғасатынын айтты.

"ЭКСПО" өткізу кезінде Астанаға өте көп адам келеді және елорданың бизнесі үшін үлкен мүмкіндік туады, бұл – қонақүй, мейрамхана, сан түрлі ойын-сауық орындары, қызмет көрсету саласы. Көптеген елден туристер ағылып келеді. Сондықтан отандық бизнеске "ЭКСПО" көрмесін өз деңгейінде өткізу  міндеті артылады", – дейді Тимур мырза.

"Астана ЭКСПО" ҰК 73 туристік маршрутты әзірлеп қойды. КҰП басшысы Қазақстанда көруге тұрарлық жерлер өте көп деп есептейді, бұл – тамаша табиғи саябақтар, тарихи орындар және басқалары.

"КҰП үшін Қазақстанда бизнесті дамытудың маңызды басымдықтарының бірі – туризм, жаңа жұмыс орындары ашылады, өзара аралас-құралас салалардың бірігіп жұмыс істеуіне ықпал етеді, себебі ауыл шаруашылығының өнімі, кәдесый бұйымдары пайдаланылады, киім, сауда, мұның барлығы туризмнің дамуына жағымды әсер етеді. "ЭКСПО" туризмнің дамуы үшін түрткі болар деп сенеміз", – дейді Тимур Құлыбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу