"ЭКСПО-2017" қарсаңындағы Бурабай демалыс аймағы

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
4109

Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы мен "ЭКСПО - 2017" халықаралық көрмесі - қызмет көрсету саласына ерекше жауапкершілік жүктейді.

"ЭКСПО-2017" қарсаңындағы Бурабай демалыс аймағы

Биыл өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында елімізге 5 млн-ға жуық турист келеді деп болжанып отыр. Осыған орай Ақмола облысында шетелдіктерді қарсы алуға арналған туристік жоспар әзірленді. Қонақтар табан тірейтін негізгі орындардың қатарында Бурабай демалыс аймағы бар.

Алайда туристердің барлығын Бурабайда қабылдау мүмкін емес. Сол себепті қазір Ақкөл, Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, Зеренді, Ерейментау аудандарының қонақ күту әлеуеті қарастырылып жатыр.

"Қазір біз 5 жаңа туристік аймақты дамытуды жоспарлап отырмыз. Атап айтар болсақ, Шабақты көлін жаппай демалыс аймағы, Щучье көлін люкс класты демалыс аймағы, Қотыркөл көлін ат спорты және баланы сауықтыру орталығы, Сарыбұлақ кентін – экоауыл, ал Жөкей көлін кемпинг ретінде жаңғыртамыз. "ЭКСПО-2017" көрмесіне келетін қонақтар мен қатысушылар үшін "Круиз", "Бурабай даму", "Ақмола турист", "Туризм және демалыс орталығы" сынды  туроператорлар 7 туристік пакет ұсынып отыр", – дейді облыстық туризм басқармасының жетекшісі Шынарбек Батырханов.

Оның айтуынша, облыста 800-ден аса туристік ұйым  тіркелген. 300-ден аса демалыс нысаны жұмыс істейді. Туристік салада көрсетілген қызмет 2 есеге ұлғайып, 4,3 млрд теңгені құраған. Соңғы 5 жылда 100-ге жуық туристік нысан  бой көтеріп, 3,5 мың адам жұмыспен қамтылыпты. 

Өткен жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 10 жоба мемлекеттің қолдауына ие болып, 73 жаңа жұмыс орыны ашылыпты. 8 жобаға 191,0 млн теңге несие беріліпті.

"Халықаралық көрме қарсаңында Щучинск-Зеренді, Астана-Қорғалжын автожолдары жөнделеді. Дәл қазір Бурабай аймағының инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Щучинск-Бурабай демалыс аймағын дамытудың 3 кезеңнен тұратын жоспары жүзеге асырылып жатыр. 2014-2016 жылдары бөлінген 6,6 млрд теңгенің бүгінге дейін 6,1 млрд-ы игерілді. Ал 57 шараны қамтитын алдағы жобаға 94,8 млрд теңге қарастырылған", –  дейді Шынарбек Батырханов.

Оның айтуынша, облыстағы 3 табиғи ұлттық қорықтың біреуінің аумағында ғана 700-ге жуық тарихи және мәдени нысан тіркелген. Алайда оларды шетелдіктерге насихаттау жағы ақсап тұр. Аймақтағы туризм Бурабай демалыс аймағымен ғана шектеліп тұр. Сандықтау мен Зерендіде туризмді дамытуға жеткілікті назар аударылмай отыр", – дейді облыстық туризм басқармасының  жетекшісі.

Халықаралық көрме кезінде шет тілін білетін гид-аудармашылар қажет болады. Бұл іс қазірден бастап қолға алыныпты. "Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Щучинск педагогикалық колледжі 40-қа жуық гид-экскурсовод даярлап жатыр. Санаулы күннен соң Бурабай аймағы тұңғыш рет Қытайдың 70 туроператорын қабылдайды. Олар халқымыздың салт-дәстүріне ерекше қызығып отыр", - дейді Шынарбек Батырханов.

Бурабайға күніне 5 мыңға жуық саяхатшы ат басын тірейді. Ал бұл жер тәулігіне он мыңнан астам турист қабылдай алады. Мұнда ресейліктер көп келеді. Өткен жылдармен салыстырғанда өңірдегі қызмет көрсету көрсеткіші 4%-ға өсіпті. Нәтижесінде облыстың демалыс нысандары 4 млрд теңгеден астам табыс көріпті.

Десек те бұл жердегі қызмет көрсетудің құны демалушылар үшін тым қымбат екен. Тәулігіне 65 мың теңге талап ететін демалыс орындарына екінің бірі бара алмайтын көрінеді. Бағасы арзан қонақ үйлер мен курорттық шағын үйлер бар. Бірақ олардың қызмет көрсетуі көңіл көншітпейді.

"Көлдің жағасында қоқыс жәшіктері, дәретхана аз. Жұрт қалай болса солай демалады, экологиялық талапты сақтамайды. Қарапайым тілмен айтсақ, адамдар демалу мәдениетінен мақұрым. Жаяу жүргіншілерге арналған жол өте аз. Кез келген дүниені жалға алу құны мен азық-түлік бағасы қымбат", – дейді Есбол Рахымберлин есімді демалушы.

Жылына 500 мың қонақ қабылдайтын "Rixos" қонақ үйінің айдарынан жел есіп тұр екен. Бұл жерде халықаралық талапқа сай қызмет көрсетіледі. "Еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы мен Астанада  "ЭКСПО - 2017" халықаралық көрмесінің өткізілуі қызмет көрсету саласына ерекше жауапкершілік жүктейді.

Бурабайдағы бесжұлдызды қонақ үйлердің халықаралық талаптарға сай қызмет көрсететінін жақсы білеміз. Алайда олар өздерінің қызмет көрсету ақысын тым жоғары бағалайды. Бұған қоса олардың қызмет көрсетуіне де сын айтатындар бар. Бизнес субъектілері бағаны қымбаттата бермей, сапалы қызмет көрсетуге басымдық беруі керек.

Біздегі қызмет көрсетудің сапасыз болуына заңның әлсіздігі бірден бір себеп болып тұрған сияқты.

Елімізде қызметін жаңа бастаған туристік бизнес субъектілеріне 3 жыл уақыт беріп, төртінші жылы сертификациядан өтуді міндеттеу қажет. Жыл сайын қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізілуі тиіс. Сертификаттаудан өте алмаған бизнес субъектілерін  жабу керек", – дейді Шынарбек Батырханов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу