"Фрилансер мен тапсырыс беруші "көлеңкеге" қашады"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2747

25 - бап төңірегіндегі түйткіл қоғамды толқытып тұр.

"Фрилансер мен тапсырыс беруші "көлеңкеге" қашады"

Қолданыстағы "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы"  заңның 25 - бабына енгілген өзгеріс өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен келісімшарт бойынша қызмет көрсететін фрилансерлерді тапқан табысының 10%-ын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударуға міндеттеді.

Аяқ астынан қабылданған шешімді үкімет мүшелері "талқылауға уақыт жоқ, біз бұл қадамға фрилансерлерді зейнет жасына жеткенде әлеуметтік жағынан қамсыздандыру үшін барып отырмыз" деген мағынадағы оймен түсіндірді. Ал мамандар заңға енгізілген өзгерісте шикілік көп екенін алға тартып, фрилансерлерді табысымен бөлісуге мәжбүрлеу салық саясатын оңтайландырмайтынын айтты.

Заңгер Алмат Құдайбердиев жаңа құжат "Міндетті сақтандыру" туралы заң жобасы тәрізді кері қайтарылуы мүмкін деп болжайды. Себебі бұл жолғы өзгеріс  жалақыға байланысты салық түрлерін оңтайландыру үшін қабылданған.

"Өзгерістердің заңдық күші бар. Демек ол орындалуға тиіс. Бірақ қарапайым салық төлеушілер ғана емес, сала мамандары да түсінбей жатқан мәселелер бар. Мысалы жарна аудару мерзімі көрсетілмеген", – деді Алмат Құдайбердиев.

Оның сөзінше, "Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт" деген анықтаманың аясы кең.

"Бұл түсінік тиісінше тарқатылмаған. БЖЗҚ-ға аударылатын ақша қандай шартты негізге алатыны да белгісіз. Заңның кемшілігі көп", – деді заңгер.

Uchet.kz мамандандырылған бухгалтерлік порталының тәуелсіз сарапшысы Антон Чанышев заңға енгізілген өзгерістегі қате "Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт" дегеннен басталатынын айтады. Еңбек өтілі 20 жылдан асатын кәсіби маман еліміздің айналымда жүрген заңнамасынан "Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім-шарт" деген ұғымды түсіндіріп беретін анықтама таппаған.

Тәуелсіз сарапшы заңдағы өзгеріске қоғам мүшелерінің қарсылық танытуын БЖЗҚ-ға қатысты осыған дейінгі даулы оқиғалармен байланыстырды.

"Қолданыста болған заңдағы "Азаматтық-құқықтық келісім-шарты бойынша" деген бап өзгеріссіз қалғанда, түсінбестікке жол берілмес еді. Біз осы уақытқа дейін айқын әрі түсінікті болған бапты алып тастап, онын орнына "Азаматтық -құқықтық сипаттағы келісім-шарт бойынша тапқан табысқа салық салынады" деген сөзді қостық. Мәселе осыдан кейін күрделеніп кетті", – деді Антон Чанышев. 

Естеріңізде болса, ел арасында "14 шілдеден бастап үкімет кез келген салық түрі арқылы БЖЗҚ мен Ұлттық қордың қоржынын толтыруға кіріседі", – деген пікір айтыла бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың зейнет жарнасы мүлік сатудан емес, белгілі бір табыстан алынады  деген мәлімдемесі күдікті сейілте алмады. Себебі вице-министр кімге, қандай салық салынатынын нақтылаған жоқ. Демек үкіметтің өзі әлі біржақты тоқтамға келмеген.

"Заңға өзгеріс енгізген кезде кәсіби мамандар қатысса мұндай кемшілікке жол берілмес еді", – дейді Антон Чанышев.

Бұл бапты түзетуге болады екен. Ол үшін үкімет міндетті зейнетақы жарнасын аудару жүйесіне сәл өзгеріс енгізуі қажет.

"Ең бастысы фрилансер мен оған тапсырыс берушінің әлеуметтік мәртебесі мен құқығы нақтылануы тиіс. Осының ара-жігін анықтап алмасақ, жағдай ушыға береді", – деді Uchet.kz мамандандырылған бухгалтерлік порталының тәуелсіз сарапшысы.

Оның сөзінше, "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 25 - бабын "Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша міндетті зейнет жарнасын төлейтін тұлғанын табысы белгілі бір мөлшерден асса ғана төленеді және оны төлеу мерзімі заңмен көрсетіледі" деген анықтамамен  толықтыру керек.

"Біз мол табысы бар жекелеген тұлғалар мен маусымдық кезеңде ғана табыс табатын жеке тұлғалардың мәртебесін теңестіріп отырмыз. Табыс салығын төлейтін уақыттың нақты көрсетілмеуі мәселені одан сайын қиындатып тұр", – деді Антон Чанышев.

Қаржыгер Ілияс Исаев заңға енгізілген өзгерістің  кері әсері болатынын баяндады.

"Фрилансерлер тапсырыс берушімен бірге көлеңкеге қашады", – деді ол.

Ілияс Исаевтың айтуынша, алыс-жақын шетелде  фрилансерлерге қатысты еңбек шарты баяғыдан бар.  Мысалы Белорусте фрилансерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Табысы маусымдық жұмысқа тәуелді болса субьект ретінде тіркелмейді және зейнет жарнасын төлемейді.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу