"ГазпромнефтьҚазақстан" су араластырылған дизель сатты

1907

Елімізде мұнай өндірісі қысқара ма, ұлғая ма? Мұны энергетика министрі де білмейтін тәрізді.

"ГазпромнефтьҚазақстан" су араластырылған дизель сатты

Энергетика  министрі Қанат Бозымбаев Қашаған кен орнынан биыл 7 млн тонна мұнай өндірілетінін мәлімдегенде төбеміз көкке екі елі жетпей қалғандай болды. "Жанар-жағармайдың бағасы арзандайды, қымбатшылықтан құтыламыз", – деп қуандық. Бірақ...

Біреу білер, біреу білмес, Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны. Оның мұнай қоры шамамен  9-13 млрд  баррельді құрайды. Мұнайға белшесінен батып отырған ел болсақ та, бізде жанар-жағармай қымбат. Оның себебі мен салдары тым тереңде Ал баррельдің бағасы мен әлемдік экономиканың жағдайына бас қатыра  қоймайтын қарапайым  халық жанар-жағармайдың қазіргі құнына қарап: "қолда барды ұқсата алмай отырмыз", – деп налиды.

Бәріне рубль кінәлі

Ақпан айының алғашқы аптасынан бастап көлік отыны тағы да қымбаттады. Сұранысқа ие АИ-92 бензинінің литрі 141 теңгеге жетті. Тіпті кей компаниялар  АИ-92 маркалы жанармайды 143 теңгеден сатты. Қымбатшылық қыспаққа алған кезде энергетика министрі Қанат Бозымбаев үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте бензин бағасының неліктен күрт өскенін түсіндірді.

"Бензиннің  қымбаттауына теңгенің рубльге шаққандағы бағамының өзгеруі бірден бір себеп болды. Бұлай болатындығы осыдан 2 апта бұрын анықталды. Осы уақытқа дейін біз импорт бензинді тұтындық. Ресейде бензин бағасының өсуі бізге де тікелей әсер етті. Өткен жылы теңге рубльге қарағанда 20%-ға әлсіреді. Баға рубльге шаққанда қатты өзгеріске ұшырамайды. Бірақ оны теңгеге аударсаң, тұтынушыға қымбатқа түседі",  – деді Қанат Бозымбаев.

Алыпсатарлар алдарына жан салмайды

Үкімет жоғары маркалы бензиннің нарықтағы құнын реттеуден бас тартқаннан бері баға жиі құбылатын болды. Ал  мемлекеттің бақылауындағы АИ-80 бензині қолма-қол сатылымнан алынып, талон арқылы беріле бастады.  Бұл – тапшылықты қолдан жасап отырған алыпсатарлардың ісі. Құзырлы органдар тексеру жүргізген кезде олар: "баға тұрақты, бензин бар", – деп көңіл көншітерлік көрсеткіштерді алға тартады. Ал министрдің аузынан баға туралы сөз шықса, ойларына келгенін істеп, бағаны мың құбылтады.

Мысалы еліміздің солтүстік аймағындағы алыпсатарлар алғашқылардың бірі болып қаңтар айынан бастап АИ-92 бензинін 140 тенгеден сатты. Ал саудаға епті шымкенттік делдалдар "қымбатшылық болады" дегенді естігеннен соң жанармайды арзан кезінде бекеттеріне тонналап тасып, кейін екі есе бағасына пұлдады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда биыл АИ-92 маркалы бензин 11,2 %-ға, дизель отыны 10,5%-ға табиғи газ 7 %-ға қымбаттаған.

"Даурығудың қажеті жоқ"

Жанар-жағармайдың бағасы ырыққа көнбей, бұқара буырқанып жатқан кезде табиғи монополияларды реттеу және ұлттық экономика министрлігінің бәсекелестікті қорғау комитеті осындай хабарлама таратты. Онда: "бағаның өсуі нарық талаптарына сай заңдылық, сондықтан даурығудың қажеті жоқ", – деп жазылған. Бұған тұтынушылардың құқығын қорғау бірлестігі қарсы уәж айтты.

"Қымбатшылық әлемдік нарыққа тәуелді болса, халықтың өмір сүру деңгейі  соған сай болу тиіс. Мен күні бүгінге дейін тек бағаның өсуін ғана көріп келемін. Алыпсатарлар бензин құнының қымбаттауын доллар бағамының өзгеруімен байланыстырады. Бәрі доллардан делік. Онда доллардың құны  түскенде бензиннің бағасы неге арзандамайды?" – деді тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің өкілі Жасұлан Айтмағанбетов.

Мұнай және газ нарығындағы сарапшылардың болжамынша, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 150 теңгеге дейін көтерілуі әбден мүмкін. Себебі көршілес Ресей елінде дәл осы бензиннің теңгеге шаққандағы құны 180 теңге.

Дизельдің құрамынан су табылды

Таяуда Қарағанды қаласында дизель отынына қатысты шу шықты. Көлік иелері "Газпромнефть" бекетінен құйған жанар-жағармайдан соң темір тұлпарлары кібіртіктеп қалғанына шағымданды. Олардың айтуынша, дизель отынының құрамында парафин қоспасы көп болған. Ал "Газпромнефть" компаниясының өкілдері Қарағанды облысына тек жазғы дизель отыны жеткізілетінін, оның еуро-5 стандартына сай екенін алға тартып, көлік жүргізушілерінің сөзін жоққа шығарды.

"Қарағандыда ауа температурасы -5 градус болғанда қатып қалатын жазғы дизель отыны сатылады. Ол туралы толық ақпарат түбіртекте жазылған. Компаниямыздың стандарты бойынша біз аталмыш отын түрін сатуды тоқтаттық", – деді "ГазпромнефтьҚазақстан" ЖШС баспасөз хатшысы Анна Орлова.

Көлік жүргізушілері баспасөз хатшысының жауабына қанағаттанбай, өздері құйған сұйық отынды зертханаға жөнелтті. Нәтижесінде ""Газпромнефть" бекетінің дизель отыны  еуро-5 стандартына сай келмейтіні анықталды. Бұл аз болғандай, оның құрамынан су табылды.

Қолдарында жанармайдың сапасыз екенін дәлелдейтін құжаттары бар көлік жүргізушілері "ГазпромнефтьҚазақстан" компаниясы өздеріне келтірілген 2 млн шығынды қайтару үшін 10 күн уақыт беріп отыр. Осы уақыт аралығында мәселе оң шешімін таппаса, көлік жүргізушілері сотқа шағымданбақшы.

Министр мырза, мұныңыз қалай?

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Елбасыға алдағы уақытта Қазақстанның мұнайы еселеп өндірілетінін және сатылатынын мәлімдеді. Бірақ бұл жерде бір нәрсе түсініксіз болып қалды. Себебі 7 желтоқсанда abctv.kz-ке "Қанат Бозымбаевтың сөзі мен ісінде қайшылық бар" деген мақала жарияланды. Онда министрдің бір сөзінде мұнай өндірісін қысқартуға қатысты OPEC бастамасына қосылатыны, ал екінші бір сөзінде өндірісті ұлғайтатыны жазылды.  "Мен қазір OPEC-пен сөйлесіп жатырмын. Біз өндірісті азайтуға қосыламыз", – деді министр. Оның осы сөзі рас болса, онда ол Мемлекет басшысына неге басқаша баяндады?

Аяжан  Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу