"Ғылыми құрғақ атақтардың дәурені өтті"

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3149

Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы жыл сайын азайып барады.

"Ғылыми құрғақ атақтардың дәурені өтті"

2016 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына (ҒЗТҚЖ) кәсіпкерлер 4 млрд теңге бөлсе, мемлекеттік сектор тек 1 млрд теңге ғана қарастырды.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжілістің пленарлық отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин өндіріске инновация енгізудің маңызына тоқталды.

"Президент ғылыми жұмыстардан нақты жетістіктерге жету жөнінде тапсырма берді. Ал отандық бизнес осы ғылыми жаңалықтар негізінде бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарықтағы үлесін арттыруы керек. Тек инновациялық жұмыстарды енгізу арқылы ғана экономиканы жаңғырту жұмыстарын жеделдетуге болады", – деді төменгі палата төрағасы.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, қазіргі таңда ғылыми атақ пен дәреже емес, нақты ғылыми жаңалықтарды зияткерлік меншік деп атауға болады.

"Ғылыми құрғақ атақтардың дәурені өтті. Қазір ғылым нарыққа бейімделіп, нақты табыс таба алуы керек", – деді Нұрлан Нығматулин.

Қолданбалы ғылым қолдауға мұқтаж

Жалпы, Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражат жыл сайын азайып келеді. Егер мемлекет бұл мақсатқа бірнеше жыл бұрын 35 млрд, ал алдыңғы жылы 33 млрд теңге бөлсе, биыл бар болғаны 29 млрд теңге бағыттады.

Әрине, технологиялар мен дайын бұйымдарды басқа елдерден сатып алу арқылы үлкен ғылымсыз-ақ күнелтуге болады. Алайда еліміздің әлеуеті мен амбициясы тым биік. Егер бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгіміз келсе, экономикалық, ғылыми-техникалық жағынан артта қалудан сақтансақ,  ғылымға бөлінетін қаражатты арттыруға тура келеді. Бүгінде әлемде елдің бәсекеге қабілеттігін ғылым мен ғылымды қажет ететін өндіріс қана анықтайды.

Екінші бір мәселе – қаржының мақсатты пайдаланылуы. "Қаражат аз бөлінгенімен қоймай, ол қаражаттың өзі тиімсіз жұмсалады", – деді бірер апта бұрын Кентау қаласында өткен халықаралық "Industrial Synergy 2016" ғылыми-техникалық конференциясында "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.

"Бүгінде көп қаражат қолданбалы ғылымға емес, іргелі ғылымдарға бөлінуде. Яғни қаржы қандай да бір нақты жобаларды іске асыруға, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға емес, ел экономикасына ешқандай пайда әкелмейтін теориялық зерттеулерге жұмсалып келді. Сондықтан бүгінгі таңда қаражаттың көп бөлігі қолданбалы салаға бағытталуы тиіс", – деді Мұрат Әбенов.

Ол мемлекет тарапынан ғылымға бөлінген қаржы көлемінің азаюына да  назар аударды. Бұл көрсеткіш 2015 жылы  ЖІӨ-нің 0,17% - на тең болған. Осы қаражаттың өзін игеру кезінде бизнес пен ғылымның арасында өзара түсіністік болмағандықтан, өнеркәсіпшілердің сұраныстары жиі ескеріле бермейді. Өзге елдердің зерттеуге жұмсайтын ЖІӨ-дегі үлесі үлгі тұтарлықтай. Соңғы жылдары ЖІӨ-нің ғылымға жұмсалатын үлесі жағынан Израиль (3,9%), Финляндия (3,5%), Швеция (3,4%), Дания (3,0%), Германия (2,9%) сынды мемлекеттер алдыңғы бестіктен көрінді. ЖІӨ-дегі ғылымға жұмсалатын шығын деңгейінің рейтингісінде АҚШ 8-ші, Қытай 14-ші, Ресей 25-ші, Ұлыбритания 17- ші, Жапония 39-ші, Қазақстан 70-ші орынды иеленген.

Айтпақшы, Қазақстанмен жоғарыда аталған мемлекеттердің арасындағы айырмашылық – елімізде ғылымға кететін қаржының басым бөлігін мемлекет бөлетін болса, оларда аталған қаражатты жекеменшік фирмалар мен корпорациялар бөледі екен. Біздегі бизнес ғылымға ақша құятындай деңгейге жеткен жоқ, оны түсінуге де болады: тәуекелдер мен шығындар көп, ал нәтижелерді кепілдендіру мүмкін емес. Бизнесті осыған қалай ынталандыруға болады, ғылымды мемлекет тарапынан  қаржыландырудың тиімділігін арттыру үшін қайтпек керек деген мәселелер конференцияға қатысушыларды ойландырып тастады.

Мәселен, КҰП ғылыми, өндірістік және мемлекеттік институттардың әлеуетін біріктіретіндей, бірыңғай ақпараттық алаң құруды жоспарлап отыр. Сол арқылы ақпараттық және әдістемелік көмек көрсетуге болады.

Конференцияда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаражатты пайдаланудың ашықтығы да сөз болды. Инновациялар енгізуге тартылған қаржылар қайда кетіп жатыр? Олар неге жұмсалды, неліктен біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті емес? Конференцияға қатысушыларға ғылымға жұмсалған сол қаражаттарға аудит жүргізу ұсынылды.

"Біздің әңгімемізге министрліктердің, түрлі мемлекеттік институт өкілдерінің қатысқаны қуантып отыр, олар мәселенің бар екенін мойындауда. Ғылым мен бизнес бір тілде сөйлесіп, мұндай өзара әрекеттесудің бәріміз үшін пайдалы екенін түсіне отырып, бір-біріне құлақ асулары қажет. Ғылым, өндіріс және мемлекеттің өзара әрекеті берігірек бола түсу үшін, жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту керек. Осындай тізбекте ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады" – деп қорытындылады кездесуді Мұрат Әбенов.

Айтпақшы, "Alageum Electric" – бәсекеге қабілетті болу үшін, ғылыми зерттеулерге өзі қаражат құятын аз ғана кәсіпорындардың бірі. Бірнеше жыл бұрын ғана компанияның 700 қызметкері 10 млн доллардың өнімін шығарып келсе, қазір қызметкерлер саны 1200-ге жетіп, өнім шығару 100 млн долларға жеткен. Штатты екі еседей ғана арттырғанның өзінде кәсіпорынның түсімі 10 есе көбейіп отыр. Бұған инновацияға қаражат құю арқылы қол жеткізілген. Бүгінде "Alageum Electric" компаниясының жеке колледжі бар. Онда ғылыми институттармен тікелей әріптестік орнатылған әрі бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Мұндай өзара әрекеттестік барлық компаниялар үшін үлгі болмақ. Бұл тәжірибені басқа да жетекші кәсіпорындарға тарату туралы шешім қабылданды.

Кәсіпкерлер ғылымның маңызын түсіне бастады

Мемлекеттің ғылымға қамқорлығы азайғанымен, бұл олқылықты қазір жекелеген бизнес өкілдері толтыруға тырысуда. Жеке сектор ғылыми жұмыстар мен зерттеулерге бөлетін қаржыны көбейткен. Соңғы екі жылда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына бөлінетін қаржы негізінен кәсіпкерлердің қалтасынан шыққан. 2014 жылмен салыстырғанда осы бағыттағы қаражат 61%-ға артып, 18 млрд теңгеге көбейді.

Ал мемлекеттік институттар мен ұйымдар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына бөлінетін қаржыны азайтып жатыр. 2016 жылы осы бағыттағы қаражат 5%-ға ғана артып, 1 млрд теңгеге көбейді. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2 млрд теңгеге азайған еді.

Осылайша, кәсіпкерлер ғылыми жұмыстардың негізгі тапсырыс берушісіне айналды. 2016 жылы бизнес ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына 47 млрд теңге жұмсаса, мемлекет 22 млрд теңге жұмсаған. Ал жоғары мамандандырылған білім беру секторы 13 млрд теңге, коммерциялық емес сектор 9 млрд теңге бөлді.

Шетелдік кәсіпкерлер қазақ ғылымының ертеңіне сенеді

Тек отандық бизнес емес, соңғы статистикаларға сүйенсек, шетелдік компаниялардың да Қазақстан ғылымынан үлкен үміт күтетіні байқалады. Нақтырақ айтар болсақ, елге кірген жалпы инвестицияның үштен бірі ғылыми-техникалық секторға тиесілі. 2016 жылдың алғашқы үш маусымында бұл көрсеткіш 4,74 млрд долларды құрап, алдыңғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 25%-ға ұлғайған.

Сонымен қатар инвестицияны көп тартатын салалардың алғашқы үштігінде тау-кен мен өңдеуші өнеркәсіп бар. Алғашқы орындағы үш сала республикаға тартылған жалпы инвестицияның 77 %-ын құрайды.

2016 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында шетелдіктерден тартылған тікелей инвестиция 14,52 млрд долларды құрап, оның алдындағы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 27,3% өсім көрсеткен.

Алғашқы үштіктегі салалардың ішінде ғылыми-техникалық қызметке тартылған инвестиция жалпы көлемнің 32,6%-ын құраса, тау-кен ісі 26,1% -ды, ал қайта өңдеу саласы 18,2 %-ды құрайды.

Қазақстандағы жаңғыртудың үшінші толқыны елдегі тауар өндірісі мен саудасы және қызмет көрсету саласына қарқын береді деп күтілуде. Осы орайда "Астана халықаралық қаржы орталығының" ашылуы елде трансұлттық компаниялардың жұмыс істеп, қаржы нарығын дамытпақ.

2016 жылдың алғашқы үш маусымындағы көрсеткіш шетелдік инвестиция көрсеткішінің көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Оның алдында 2013 жылы, шет елден тартылатын қаржы күрт азайып кеткен еді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу