"Халал" банктер бұқарамен қашан жұмыс істейді?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3676

Ислам даму банкі 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстанның қаржы нарығына 300 млн доллар құятын болды.

"Халал" банктер бұқарамен қашан жұмыс істейді?

Бұл туралы айтқан Астана халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов Астана халықаралық қаржы орталығының исламдық банкингтің де өңірлік орталығы ету туралы талпынысының бар екенін мәлімдеді.

Жалпы алғанда Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ислам қаржыландыру жүйесін алдымен заңдастырып, табысты жұмыс істеп келе жатқан жалғыз мемлекет көрінеді.

Бахрейндегі Ислам қаржы орталығының басшысы Муджтаба Халидтің пікірінше, 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы қарыз жүйесінің экономикаға кері әсер ететінін көрсетті. Ал исламдық қаржыландыру жүйесінде қарыздың пайызы болғанымен, оның тәуекелін де тараптар тең бөліседі. Анығырақ айтар болсақ, мұнда қарыз беруші мен қарыз алушы болып бөліндейді. Мұнда тараптар серіктес ретінде жұмыс істейді.

Бірер жыл бұрын Қазақстанға "халал қаржы" келе бастағанда қарапайым тұрғындарды былай қойып, ірі кәсіпкерлердің өзі пайызсыз несиеден дәмеленіп қалған. Дегенмен нарықта ешқашан тегін ақшаның болмайтыны анық. Астанамен ең алғаш болып әріптестік құрған әл-Хиләл банкі болатын. Бұл банк қазірге дейін елдегі қаржы нарығында үлкен орынға ие. Оның себебі әріде жатыр.

Біріншіден, Қазақстанның заңнамасы шариғат талаптарынан алыс екені анық. Таза батыстық капитализммен өмір сүретін елде исламдық қаржыландыруды енгізу қиын нәрсе. Бір ғана мысал, исламдық банкинг тәуекелді тең бөліп, бизнесмен банкрот болып қалған жағдайда шығынның белгілі бір бөлігін "кешіргенімен", керісінше бизнес жүріп кеткен жағдайда да банк табысқа ортақтасады. Ал бизнесті қолдау тетіктері қалыптасқан мемлекетте банкрот жағдайында мәселе не үкіметтің, не болмаса сақтандыру компанияларының араласуымен шешілетінін ескерсек, исламдық банкинг бұрыннан қалыптасқан жүйеде "бүйректен сирақ" шығарушы болып отыр. Екіншіден, исламдық банкингтің елде таныстырылып жатқан әзірге жалғыз қызметі – бизнесті несиелеу. Қарапайым халықтың тұтынушылық қажеттіліктеріне бұл банк түрі араласпайды. Ал бизнес болса табысқа ортақтасушы банкке жолағысы жоқ. Банкротты кешіру жағына келер болсақ, жоғарыда айтылғандай, бизнестің бұдан шығатын өз тетіктері қарастырылған.

Қазақстанға исламдық банкингтің енуіне кедергі келтіріп отырған бір фактор ипотекалық несиелендіру көрінеді. Естеріңізде болса, 2014-2015 жылдары жоғарыда аталған әл-Хиләл банкі арзан ипотека ашатынын мәлімдеген еді. Артынша бастама аяқсыз қалды. Өйткені жылдық үстеме пайызы біздің бір жылдық девальвациядан төмен болып шыққан банктің бұл бағдарламасын жергілікті билік "тиімсіз" деп тапқан еді. Ал 2014 жылы Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК – автор) мен катарлық инвесторлар өзара келісімге келіп, елде исламдық ипотека қорын құратын болып шешкен. Бірақ 2015 жылы ҚИК жобаға қатысудан бас тартты. Ипотекалық компания бұл жобаға қарағанда жұмсалатын сол қаржыны тікелей тұрғын үй құрылысына жұмсауды жөн деп тапқан еді.

Жалпы исламдық банкинг қазіргі таңда Қазақстанда тікелей мемлекеттің қатысуымен қарқын алуда. Ал бизнестің бұл салаға деген ынтасы төмен. Тек Қазком мен Сбербанк секілді қаржы ұйымдарының ғана аздаған қызығушығы бар. Сбербанктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қазақстан ТМД-да серіктестік банкинг дамытуға арналған болашағы бар нарықтың бірі ретінде қарастырылуы мүмкін. Банк басшыларының айтуынша, Қазақстанда шағын және орта кәсіпті дамытуға арналған жобаларды дамыту үшін елдегі заңнама аясында балама ресурстарды тартудың амалдарын іздейді.

Астана халықаралық қаржы орталығының Дубай қаржы орталығы моделімен құрылып жатқанын ескерсек, Астанада исламдық банкингтің даму әлеуеті жоғары. Ішкі нарықта тікелей жұмыс істемегенімен, Астана исламдық банкинг үшін ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ашылған қақпа болары сөзсіз. Мұны кеше Астанадағы форумда да сала мамандары растады.

Астана халықаралық қаржы орталығы басқарушысы Қайрат Келімбетов исламдық банкинг Астана қаржы орталығы жұмысындағы бес негізгі бағыттың бірі екенін, бүгінде бұл бағытта халал қаржыландыру құралдарына құқықтық және реттеушілік жағдай жасау үшін жұмыс қолға алынғанын мәлімдеді.

Ал жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясының басшысы Халид Аль-Абуди ислам қаржыландыруының ТМД-дағы мықты әлеуетіне тоқталып, исламдық қаржыландыру инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды әртараптандыруға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, ислам микронесиелеуі кедейшіліктен арылуға әсер ететін негізгі құралдардың бірі.

Ислам банкингі қазіргі таңда Қазақстанның тек шағын және орта бизнесі емес, сонымен қатар мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, халал индустрия салаларындағы ірі кәсіпорындарды да қаржыландыруға дайын екенін айтып отыр. Өз кезегінде "Қазақстанның даму банкі" АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев исламдық қаржыландыру Қазақстанның қаржы нарығын әртараптандыратынын айта келіп, бұл мүмкіндікті үкіметтің тиімді пайлалануы керектігін айтты.

 "Исламдық банкинг әлемде маңызды орын алады және экономикасы ашық Қазақстан сияқты елдің исламдық банкинг ұсына алатын мүмкіндіктерді пайдаланбауы дұрыс емес. Біз әлемде ұсынылатын барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Исламдық банкинг – басқа банкингке жай ғана балама емес, бұл басқа философия. Классикалық банктер едәуір тәуекелдерге әкелген және қазір олардан бас тартыла бастаған әр түрлі туынды құралдармен жұмыс істеген. Исламдық банкинг тәуекелдерді бөлуге негізделеді, бұл банк секторы үшін әжептәуір практика", – деді Болат Жәмішев.

Қалай дегенде де Исламдық банкинг қарапайым халық үшін де, бизнес үшін де әлі түсініксіз қалып отыр. Ең алдымен Қазақстандағы қарапайым әлеуметтік мәселелердің шешілуіне исламдық қаржыландырудың қандай нақты ұсыныстары бар дегенге мұсылман елдерінің қаржыгерлері нақты жауап берген жоқ.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу