"Инвестор келмесе, өздерің барып есігін қағыңдар"

Бек Темір Бек Темір
2280

Былтыр Павлодар облысында ауылдарға құйылған инвестиция көлемі бар-жоғы 8%-ды құрады.

"Инвестор келмесе, өздерің барып есігін қағыңдар"

Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Нұрболат Сейітмағамбетовтың сөзіне қарағанда, Павлодар өңірі индустриалды аймақ болғандықтан қызығушылық танытатын инвесторлар аз емес. Әсіресе машина жасау, металлургия секілді салаларда олардың қарасы қалың. Ауылдарға аңсары аумай жатқан инвесторлардың теріс пиғылы "алтын бесікті" дамытуға келгенде балақтан тартатын кемшін жағдайларға тап қылып отырғаны өтірік емес.

Басқарма басшысының  айтуынша, арнайы сайтта аудандардың инвестициялық ахуалы мен картасы, тиімділігі көрсетілген. Әр аптаның дүйсенбісінде инвестор күні ұйымдастырылуда. Ол бойынша қаржы салғысы келген қалталы инвестормен келіссөз жүргізіп, барлық сала бойынша ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Алайда бұл жұмыстар аз болғандықтан ба, жоқ әлде ауылдардың болашағына сенбегендіктен бе, ақша салғандар көп емес.

Облыс әкімі Болат Бақауов аудандар бюджетке қарай бермей, инвестициямен өмір сүру керектігін айтады. Ауылға ақша әкелу үшін инвесторлардың тек қана қызықтырып  қоймай, оларға жағдай жасау керек. Жер учаскесі, коммуналдық жүйелер, құжаттама секілді барлық мәселелерді аудан тарапынан дайындап, нарықты меңгеріп, тұтынушыларды тауып, инвесторға тек қана қаржы құятындай деңгейде көрсеткен абзал. Сол кезде олар қолда бар қаржысын қайтарымы бар өнімді іске жұмсайтын болады. Көршілес Ресей елімен іргелес жатқан аудандар үшін бұл таптырмайтын даму көкжиегі. 

Бүгінгі күні   аудандар мен   қалалардың қайсыбірін алып қарасаңыз да инвестиция тарту саласында "саңлақтар" қатарында емес. Тіпті қолда бар жобаларды ұшпаққа шығара алмай жүр.

Қашыр ауданы Байғоныс ауылында ас тұзы өндіріледі, ал Береговой  ауылында наубайхана ашылады деп айтылғалы қашан. Тек әлі күнге дейін Береговойдың нанына Байғоныстың тұзын сеуіп жей алмай келеміз. Ал Екібастұздың ауылдық аймақтары мал шаруашылығы үшін ақша құятын таптырмайтын жерлер. Көктемде қораның есігінен сүйкеніп әрең шығатын төрт түлік күзде оқтаудай болып келетін елді-мекендер аз емес. Шаруасын дөңгелетем дегендер үшін барлық жағдай бар. Ақсудағы жағдай да осындай. Бір ғана "Ертіс-Қарағанды" каналын пайдаланып, аспаннан тілегенді жерден табуға болады. Ертіс ауданының бидайы Аустралияның бидайынан кем түспейтінін білсе де, комбайнын сайлап келген инвесторларды саусақпен санауға келмейді.

Болат Бақауов аудан әкімдерінің инвестиция саласына жауап беретін орынбасарлары жұмысты дұрыс жолға қоймаған деген шешім жасап отыр. Бұған бір ғана мысал келтіруге болады. Осыдан бірнеше айдың жүзі болды, Шарбақты ауданында тұралап қалған тігін шеберханасының ғимаратына шымкенттік кәсіпкер ақша құяды екен, Павлодарда жеңіл өнеркәсіп жолға қойылып, өз жейдемізді киетін болдық-мыс деп бөркімізді аспанға тігінен аттық. Сол атылған бөрік айналып қолымызға түскен жоқ. Алайда индустриялық-инновациялық даму басқармасының алқа отырысында Шарбақтыға шымкенттік кәсіпкерлер әлі келмегені белгілі болды. Келін түсіргендей жаһанға жар салғызған жақсы жаңалықтың болғанын қайтейік, қайыры жоқ. Сол себепті аудан басшыларына "инвестор келмесе, өздерің барып есігін қағыңдар" деген тапсырма беріліп отыр. Бұл мәселені оң шешудің жолы секілді. Себебі инвестор жапқан тонын шешіп алып, қалың малын қайтаруды сұрайтын сараң құдаң емес.

Аймақ басшысының айтуынша, ауылдарға ақша тарту мәселесі ақсап тұр. Бұл ащы да болсын ақиқат. Егер жағдай жасалып, аудандардың экономикалық ахуалы мен нарық тиімділігі туралы ақпарат толыққанды берілмесе, ешкім де қалтасындағысын әкеліп салмайды. Сол себепті  жуық арада инвесторлармен келіссөздерді күшейтіп, қамқорласып, бірігіп еңбек еткен жөн. Әйтпесе ел ерге, ер жерге қарайтын күн туайын деп тұр.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу