"Қайрат" – суперкубок иегері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2347

Футболдан қазақ додасының маусымашар матчы өтіп, еліміздің ең үздік екі командасы Қазақстан суперкубогын сарапқа салды.

"Қайрат" – суперкубок иегері

 

Суперкубок тарихынан

Футболдан Қазақстан суперкубогы 1995 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бірақ 1995 жылдан кейін суперкубок ойыны біраз жыл өткізілмей қалып, 2008 жылдан бастап қайтадан сарапқа салына бастады.  Негізі, бұл ойында жыл сайын өткен маусымдағы Қазақстан чемпионы мен ел кубогының иегері кездеседі.

Айтпақшы, бұған дейін Қазақстан чемпионатын да, ел кубогы додасын да бір команда жеңіп алса, суперкубок додасы өткізілмейтін. Мұндай жағдай 2009 жылы болды. 2008 жылы "Ақтөбе" "дубль" жасап (екеуін де жеңіп алып), келесі жылы Суперкубок додасы өткізілген жоқ.

Ал биыл бұл ереже "бұзылды". 2017 жылғы суперкубокты былтыр Қазақстан чемпионы да, ел кубогының иегері де болған "Астана" мен екі додада екінші болған "Қайрат" сарапқа салды. Биыл бұл ойын жылдағыдай, төбесі жабық "Астана-Арена" стадионында емес, Алматыдағы Орталық стадионда өтті.

"Қайрат" "Астананы" жеңіп, қуанышқа кенелді

Алатау бөктерінде өткен ойында "Қайрат" жеңіске жетіп, соңғы жылдардағы есесін қайтарған болды. Әсіресе, былтыр күзде Алматыда өткен Қазақстан кубогының финалында ұтылып қалып, өзектері өртенген болатын. Енді соның қарымы қайтқандай да секілді.

Негізі матч тартысты өтті. Ойын басталған бетте "Қайрат" атойлап шабуылға көшкен. Бірақ "Астана" олардың алғашқы қарқынына төтеп берді де, одан кейін допты өздерінде көп ұстап, алаң иелерін қақпасына маңайлатпауға тырысты.

Содан соң екі команда алма-кезек шабуылға шығып, бір-бірінің аңдысын аңдуға көшті. Бірақ қауіпті сәттер аса көп болған жоқ. "Қайраттың" ойыншылары техникалық шеберліктеріне сүйеніп, алдап өтуге тырысса, "Астана" футболшылары бір-біріне пас беріп, тізе қоса қимылдауға иек артты.

Екінші тайм басталған бетте "Қайрат" қонақтарын тағы тықсыра түсті. "Астана" бұл жолы да олардың бастапқы қарқынына төтеп бере алды. Бірте-бірте допты өздерінде көбірек ұстап, алаң иелерін арлы-берлі зыр жүгірте бастағандай да еді.

Бірақ "Қайрат" футболшылары айылын жимады, тізгінді тартпады. Шабуылды үдете түсті. Осылай "Астана" қорғаушыларын қателесуге мәжбүрледі. Бауыржан Исламханның айып алаңына шиіре тепкен добы бәрін жаңылдырды. Қонақтардың қорғаушылары жаза басып, қақпашысы ышқына секірсе де қапы қалды. Қақпаның алыс бұрышында жалғыз қалған испан қорғаушысы Арсо Ампоста допты қақпаға енгізіп, "Қайрат" алға шықты.

Әрине, бұдан кейін "Астана" тайлы-тұяғымен алға қарай лап қойды. Станимир Стойлов тың ойыншыларын шығарып, қамшылай түсті. Ел чемпионы "Қайраттың" қақпасын торуылдауға көшті. Есепті теңестіретін бірен-саран мүмкіндігі де болды. Бірақ бірде елордалықтардың ойыншылары абдырап қалып, қайсыбірінде алаң иелерінің қақпашысы хас шеберлік танытып, кейде қорғаушылары шабуылды тойтарып, гол соғудың сәті түспей-ақ қойды.

Гол соғу былай тұрсын, соңғы секундтарда алғы шепте қателесіп, доптан айырылып қалып, "Қайраттың" жылдам шабуыл ұйымдастыруына мүмкіндік беріп қойды. Алаң иелерінің үш футболшысы қонақтардың екі қорғаушысын ортаға алып, "екі аяғын бір етікке тықты".

"Қайраттың" сапына биыл қосылған Иво Иличевич тіс қаққан тәжірибелі футболшы екен. Допты Исламбек Қуаттың аяғына салып берді. Ал Қуат қонақтарының қорғаушыларын да, қақпашысын да алдап соғып, есепті ұлғайтты.

Осылай Суперкубок додасы аяқталды. "Қайрат" 2:0 есебімен басым түсті. Биыл да "Астана" мен "Қайрат" арасындағы ойындар шектен тыс шиеленісті өтетін секілді. "Астана" бұл ойында өз әлеуетін толық көрсетпеген де сияқты. Ел чемпионы құрамын әлі нығайтып болған да жоқ. Суперкубок додасында басшыларына "кей шебімізді күшейтпесек, "Қайратпен" тайталасу қиынға соғады" дегенді меңзегендей де. Ал басшылары не істейді екен?

"Қайрат" – "Астана" – 2:0

Голдар: Арзо – 77. Қуат – 90+3.

"Қайрат": Плотников, Ахметов, Маркович, Арзо, Сүйімбаев, Бакаев, Қуат, Исламхан (Рудосельский, 90+2), Аршавин (Иличевич, 72), Исаэль (Жуков, 89), Гоу.
"Астана": Эрич, Постников (Шитов 83), Логвиненко, Аничич, Шомко, Бейсебеков, Маевский, Мұжықов, Твумаси (Мұртазаев, 81), Луллаку (Жалмұқан, 72), Кабананга.

Суперкубок жеңімпаздары

Суперкубок жеңімпаздары:

"Ақтөбе" – 3 (2008, 2010, 2014)

"Астана" – 2 (2011, 2015)

"Қайрат" – 2 (2016, 2017)

"Шахтер" – 1 (2013)

"Елімай" – 1 (1995)

"Ордабасы" – 1 (2012)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу