"Қайрат" пен "Ертіс" құйғытып, "Ордабасы" омақасты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2023

Еуропа лигасының алғашқы сатысынан екі командамыз сүрінбей өтіп, біреуі халықаралық додадан тым ерте шығып қалды

"Қайрат" пен "Ертіс" құйғытып, "Ордабасы" омақасты

"Ордабасы" клубына гол соғудың өзі мұң болды

Шымкент клубы Еуропа лигасы додасынан тыс қалды. "Ордабасы" Босния және Герцеговинаның "Широки Бриег" деп аталатын клубының қақпасына бірде-бір гол соға алмай, дымы құрыды. Түздегі және үйдегі екі ойында да, яғни 180 минут бойы қарсыласының бұзып өте алмады.

Осыдан бір апта бұрын, түзде 0:2 есебімен ұтылып, Алматыда 0:0 есебімен тең түсті. Табан тірескен халықаралық додада гол соғып, серіктерін жігерлендіре түсетін шабуылшы болмады. Қонақтарының қарсы шабуылдарын тойтарып, қорғаныста сауатты ойнағандарымен, алғы шепте ой-жоспарды жүзеге асыру қолдан келмеді.

"Ордабасы" – "Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) – 0:0

Бірінші ойын – 0:2. Жалпы есеп – 0:2

"Қайрат" Клайпеда төрінде де жеңіске жетті

Алматының "Қайраты" "Атлантасты" Литваның Клайпеда қаласында да тізе бүктірді. Осыдан бір апта бұрын, Алатау бөктерінде күйрете жеңген. Қарымта матчта кейбіреулер ойлағандай, алаға қосалқы құрамын шығарған жоқ. Негізгі құрамдағы футболшыларын шығарып, өте сақ ойнады.

Сөз жоқ, "Атлантас" барын салды. Өз жерінде жеңіске жетуді ойлады. Бірақ қанша тырысқандарымен, деңгейі өздерінен жоғары командаға азулары батпады. Рас, қарымта матчта есеп ашып, жанкүйерлерін қуантты. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді.

Өйткені "Қайрат" бәрін де бағамдап, саралап отырды. Бірінші таймда-ақ есепті теңестірді. Әрі іле-шала тағы бір гол соғып, таразы басын өздеріне қарай аударып алды. Содан соң жеңісті уысынан шығарған жоқ. Деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде көрсете білді.

"Атлантас" (Литва, Клайпеда) – "Қайрат" – 1:2

Бірінші ойын – 0:6. Жалпы есеп – 1:8

"Ертіс" Болгария клубын екі мәрте тізерлетті

Павлодардың "Ертісі" Болгарияның Русе қаласында да "Дунав" клубынан басым түсті. Әрі екі ойында да өз қақпасына гол жіберген жоқ. Әсіресе, Дунай жағасында қайсарлықтың, жанкештіліктің үлгісін танытты. Жылдамдықтарын үдетіп, қарсыласынан асып түсті.

Ойын басталған бетте атойлап алға шауып, тез гол соғып алды. Сербия қорғаушысы Марио Маслач басымен қақпаны дәл көздеп, есеп ашты. Бұдан кейін де "Ертістің" шабуылдары өте қауіпті болды. Бір Фонсеканың өзі алаң иелерінің қорғаушыларын әбден састырды.

Әлгі Фонсека екі гол соққан. Бірақ төрешілер екеуін де есепке алмады. "Біріншісінде ойын ережесін бұзды, екіншісінде офсайд болды" деген шешім

қабылдады. Өкінішке қарай, "Ертіс" футболшылары бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп қойды. Бірақ жеңіп жатқан командаға мұның бәрі кешірімді емес пе?!

Әйтсе де, ойын аяғында "Ертіс" тағы бір гол соғып, "Дунав" футболшылары мен жанкүйерлерін сең соққандай күйге түсірді. Аслан Дарабаев алыстан шірене теуіп, алаң иелерінің қақпасына екінші допты енгізді. Болгария клубының ойыншылары матч соңында титықтап қалып, қонақтарының шабуылдарына төтеп бере алмай қалды.

"Дунав" (Русе, Болгария) – "Ертіс" – 0:2

Бірінші ойын – 0:1. Жалпы есеп – 0:3

Ендігі қарсыластарымыз – "Црвена Звезда" мен "Скендербеу"

Сөйтіп, "Ордабасы" Еуропа лигасы додасынан шығып қалып, екі командамыз келесі кезеңге өтті. Енді "Қайрат" Албанияның "Скендербеу" клубымен, ал "Ертіс" Сербияның әйгілі "Црвена Звезда" командасымен кездестін болды.

"Скендербеу" бірінші кезеңде Андорраның "Сан-Хулиа" командасынан өз алаңында 1:0 есебімен, түзде 5:0 есебімен үстем түсті (жалпы есеп – 6:0). Ал "Црвена Звезда" Мальтаның "Флориана" клубын Белградта 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, сырт алаңда 3:3 есебімен тең түсті (жалпы есеп – 6:3).

Еуропа лигасы. Екінші електік кезең. Келесі ойындар:

"Қайрат" – "Скендербеу" (Албания) – 13.07.17 және 20.07.17

"Ертіс" – "Црвена Звезда" (Сербия) – 13.07.17 және 20.07.17

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу