"Қаражыра" акционерлері директорлар кеңесінің мүшелеріне қанша төлейтінін анықтады

Директорлар кеңесінің төрағасы ай сайын 635 мың теңге алатын болды.

"Қаражыра" акционерлері директорлар кеңесінің мүшелеріне қанша төлейтінін анықтады

12 тамыз күні Семей қаласында өткен "Қаражыра" АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиынында осындай шешім қабылданды.

Жиынға акционерлік қоғамның қарапайым акциясының 20,1%-на, яғни 201 000 бірлікке ие Эдуард Огай, қарапайым акцияның 10%-на, яғни 100 000 бірлікке ие Ерлан Нығматулин, қарапайым акцияның 20%-на, яғни 200 000 бірлікке ие Владимир Джуманбаев және қарапайым акцияның 49,9%-на немесе 499 000 бірлікке ие Karazhyra Holding B.V. өкілі қатысты. Бұл ретте акционерлік қоғамның жарияланған және шығарылған қарапайым акциялары 1 млн бірлікті құрайды.

Компания акционерлері директорлар кеңесі қанша адамнан тұратынын анықтады. Кеңеске бір жылдық мерзімге 4 адам бекітілді. Директорлар кеңесінің мүшелігіне Марғұлан Мақышев (АҚ-ның 2017 жылғы 11 тамыздан бастап бас директоры), Владимир Джуманбаев, тәуелсіз директорлар Вадим Пахомов пен Мирбек Қыдыров енді.

Сондай-ақ акционерлердің кезектен тыс жалпы жиынында директорлар кеңесі мүшелерінің қанша көлемде сыйақы алатыны анықталды. Кеңес мүшелерінің ай сайынғы сыйақы мөлшері салықтарды қоса есептегенде 370 000 теңгені құрады. Ал кеңес төрағасы салықтарды қоса есептегенде 635 000 теңге алатын болып келісілді.  

Бірінші жартыжылдықтағы аралық есепке сәйкес, "Қаражыра" АҚ-ның табысы 12,526 млрд теңгені құрады. Ал өткен жылдың дәл осы мерзіміндегі көрсеткіш 7,098 млрд теңге еді. Компания жартыжылдықта 1,857 млрд теңге таза табыс тапты. 2016 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы табыс 350,5 млн теңге еді. Осылайша акциялардың табысы 1857,47 теңгені құрады. 2017 жылдың 30 маусымында компания активтері 10,164 млрд теңгені құрады. Ал бір жыл бұрынғы дәл осы мерзімдегі көрсеткіш 7,579 млрд теңге еді. 30 маусымдағы дерек бойынша, "Қаражыра" АҚ капиталы 2,314 млрд теңге көлеміндегі бөлінбеген пайданы қоса есептегенде, 6,188 млрд теңгені құрады.

Қаражыра көмір кен орны 1967 жылы Қазан ревалюциясының 50 жылдығы қарсаңында ашылған болатын. Сол себепті кен орны Юбилейный деп аталды. Мұнда шағын көлемде көмір өндіру 1990 жылы басталды. Қазіргі таңда компания Қазақстанның ірі көмір өндіретін кәсіпорындарының қатарында. Жыл сайын мұнда шамамен 6 млн тонна көмір өндіріледі.

Қаражыра кен орнының көмірі ұзынжалынды тас көмір түріне жатады. Күлділігі - 12%-дан 25%-ға дейін. Жанудың төменгі жылуы - 4500-ден 5200 ккал/кг аралығында.

Еркебұлан Қыздарбек,  Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу