"Қазақстан киберқалқанын" құруға 7,4 млрд теңге бөлу жоспарланды

Артур Мискарян Артур Мискарян
3923

Үкімет елдің киберқауіпсіздік жүйесіне жұмсалатын бюджетті нақтылады.

"Қазақстан киберқалқанын" құруға 7,4 млрд теңге бөлу жоспарланды

Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың 31 қаңтарында жарияланған елбасы жолдауында  белгіленген басымдықтардың бірі - институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Сонда президент киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсетінін айтып, Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне "Қазақстан киберқалқаны" жүйесін қалыптастыру бойынша шара қабылдауды тапсырған болатын.

Айта кету керек, жыл басынан бастап .kz домендік аймағында бірнеше рет жаппай бұзу деректері тіркелді. Көп шабуыл .gov мемлекеттік аймағында тіркелген сайттарға жасалды. Атап айтсақ, олар: ұлттық экономика министрлігінің,  аймақтық мәслихаттардың, әкімдіктер мен медициналық мекемелердің сайттары. Анықталған шабуылдар биылғы жылдың 28,30,31 қаңтарында, сондай-ақ 4,5,8 ақпанында орын алды. Кибершабуылдарды талдау және тексеру орталығының (КТТО) ақпараты бойынша, осы тектес шабуыл еліміздегі сайттарға бұған дейін де жасалған. Сайтты басқару жүйесінің ескірген нұсқасын қолдану сайттардың осал болуының басты себебі болып отыр (CMS), деп мәлімдеді КТТО өзінің Telegram-дағы арнасында.

ESET Russia сатылымдарды қолдау бөлімінің басшысы Виталий Земских ТМД елдерінің ішінде Қазақстан қауіпсіздікті тексеруге ESET Consulting-ке жиі жүгінетінін айтты.

"Қазақстан әлемдік үрдістен қалыс қалмай, мемлекеттік қауіпсіздік жүйесін құруды ойластырып жатқаны таң қаларлық жағдай емес. Киберқылмысты тексеретін аудиторлар Қазақстаннан тұрақты түрде сұраныс алып жатады. Мысалға, ESET Consulting сарапшыларына түсетін сұраныстардың ішінде Қазақстан өзге ТМД елдерінен алда келе жатыр", - деді Виталий Земских.

Оның ойынша, Қазақстанның киберқауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуы кибершабуыл салдарынан ел азаматтарына келетін залалдың өсуімен байланысты болған.

"Киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуға азаматтарға, компаниялар мен мемлекеттік мекемелерге кибершабуылдан келетін  залалдың ұлғаюы түрткі болады. Хакерлер пайдаланатын құрал-жабдықтарын жетілдіріп, зиян келтіретін бағдарламаларды күшейтіп келеді.  Салдарынан шабуыл бұрынғыдан да қауіпті бола бастады. Microsoft-тың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай хакерлік шабуылдан әлемдік экономикаға келтірілген шығын сомасы 3 трлн долларға жетеді", - деген пікірімен бөлісті Виталий Земских.

Жалпы, 2017 жылы киберқылмыспен күресу үшін үкімет бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

"Қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күресу – бесінші басымдық. Бұл мақсатқа 23,9 млрд теңге қаражат бөлу ұсынылды" , - деп мәлімдеді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов "2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға енгізілген түзетулерді таныстыру барысында.

Осы соманың бір бөлігін – 7,4 млрд теңгені киберқылмыспен күресуге жұмсау ұсынылды. 17,4 млрд діни экстремизмге, терроризмге қарсы іс-қимылға және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінсе, 242,9 млн теңге діни экстремизмнің насихатталуына жол бермеуге қатысты іс-шара өткізуге жұмсалмақ.

Алайда  кибершабуылды талдау және тексеру орталығының (КТТО) президенті Олжас Сәтиевтің айтуынша, әзірге "Киберқалқан" жүйесі қалай жұмыс істейтіні белгісіз.

"Киберқалқан" жүйесін құру идеясы айтылды, бірақ әзірге ол қай бағытта дамитыны белгісіз. Мұны әлемдік тәжірибеде әр ел әртүрлі ұйымдастырған. Бұл қажетсіз сайттарды бұғаттайтын файрвол болуы мүмкін, онда қолданушылар тек белгілі бір ресурстарды ғана  пайдалана алады. АҚШ-та желіні талдап, бақылауға алатын, әлдебір оқиғаларды болжай алатын ірі, қымбат жүйелер бар", - дейді Олжас Сәтиев.

Киберқауіпсіздік тақырыбының осындай жоғары деңгейде талқыланып жатқанының өзі айырықша мәнге ие деп есептейді сарапшы.

"Бірінші кезекте, елбасы жолдауында киберқылмыс мәселесіне назар аударылғаны қуантады – бұл осы бағыттағы жұмыстың басталуына ықпал етті, біз бұл іспен айналыса бастадық. Жақында өткен жиналыстың бірінде бас прокурор "Big Data" мәселесін дамытатынын айтты. Бас прокуратурада қылмыс туралы толық мәлімет бар: оны қайда және кім істейді. Арнайы әзірленген жүйе осындай мәліметті талдап, әлдебір адамдарды анықтап, әлдебір әрекетті алдын-ала болжауы мүмкін", - деді Олжас Сәтиев.

"Қазақстан инжиниринг" ҰК" АҚ-ның еншілес компаниясы – "Қазақстан инжиниринг" R&D орталығы" ЖШС-дағы abctv.kz дереккөзінің ақпаратынша, компания арнайы бағдарламалық жабдықтауды әзірлеумен айналысып жатқан көрінеді.  Бағдарламалық жабдықтауды жасаудың мақсаты – елдің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Президент жолдауы жарияланғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі оқу-әдістемелік жиын өткізді. Жиынға қатысқан әскери қызметкерлерге ақпараттық саясат бойынша теориялық және практикалық білім берілді.

"Ақпараттық қоғам дамуының деңгейі мемлекеттік инстиутттардың қызмет ету үдерісіне, кез келген елдің экономикасы мен қорғаныс қабілетіне әсер етпей қоймайды. Азаматтардың қажеттілігіне жауап бере алатын ақпараттық қоғамның болуы аяғына нық тұрған мемелекеттің қажетті шарттарының бірі болып табылады, ал ақпараттық сала – ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыттарының бірі. Ақпараттық ресурстардың, басқару және байланыс жүйелерінің мүлтіксіз жұмыс істеп тұруы елдің қорғаныс қабілеті үшін өте маңызды", - деп мәлімдеді Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Артур Мискарян 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу