"Қазақстандық үлесті арттырмай мұнай-газ секторындағы ақпараттың ашықтығына қол жеткізе алмаймыз"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2960

Мұнай-газ компанияларындағы қазақстандық үлестің шынайы көрсеткіші мен статистикалық  көрсеткіштің арасындағы алшақтық жер мен көктей.

"Қазақстандық үлесті арттырмай мұнай-газ секторындағы ақпараттың ашықтығына қол жеткізе алмаймыз"

Сары күзбен бірге жанар-жағармай  өнімдерінің  қымбаттауы  біздің ел үшін қалыпты жағдайға айналып барады.  Жыл сайын үкіметтің  экономикалық блогы кезекті қымбаттаудың  неше  түрлі себептерін іздеп, қоғам алдында ақталуы – үйреншікті құбылыс. 

Экономист, мұнай саласына маманданған  сарапшы Андрей  Колесников 2015 жылы үкімет жағар-жағармай тапшылығының алдын алу үшін  АИ-80 маркалы  бензиннің бағасын реттеуден бас тартып, еркін айналымға жібергенін еске түсірді.

"Үкімет бұл қадамға "жағдайды нарықтың өзі реттейді" деген оймен барып: қазір көрші Ресейде бензин бағасы біздің елмен салыстырғанда кымбат. Алдағы бірер жылда  ішкі баға Ресеймен және ТМД елдеріндегі бағамен бірдей болады деп ойлаймыз. Сол кезде жанар-жағармай тапшылығы болмайды" дегенді алға тартты. Бірақ оңбай қателесті. Себебі АИ- 80  маркалы бензинін қалталылар емес, орта тап пайдаланады. Үкіметтің әлеуметтің мүддесімен емес, мұнай компанияларының ығымен  жүретіні сол кезде белгілі болды. Бірақ нарыққа ықпал етер деп оған да түсіністікпен қараған едік. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Мұнайлы ел бола тұра жыл сайын  дизель отынын Ресейден аламыз.  Ресейде  мұнай өнімдерінің бағасын жел шайқаса, біздегі баға аспанға ұшып кетеді", – дейді Андрей Колесников.

Бұған дейін қосымша мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт салу керек деген ұстанымның бәсі басым болып келген. Былтырдан бастап "оның қажеті шамалы" деген сөз айтыла бастады. Себебі жаңа зауытқа үнемі шикізат керек. Біз оны қайдан аламыз? Жұмыс істеп тұрған зауыттардың өзі  шикізаттың тапшылығын жиі сезініп жүр.

Мұнай өңдеуші зауыттардың мүмкіндігі 17,4 млн тонна қара алтынды өңдеуге  жетеді.  Биыл елімізде 7  млн 150  мың автокөлік тіркеліпті. Олардың 2015 жылдан бері қарай шыққандарына Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармай қажет. Ал біздегі зауыттар Еуро-2 санатына жататын өнім өндіреді. Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының басым көпшілігі 2015 жылдан бастап Еуро-4 стандартына сай жанар-жағармайға көшті. Осыған орай Андрей Колесников еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының технологиясын Еуро-4 стандартына  бейімдеу қажет екенін алға тартты.

"Алдағы бірер жылда Қазақстандағы барлық жаңа көліктер Еуро-4 стандартындағы бензинге көшеді. Себебі 2015 жылдан бастап 10-15  жылдық тарихы бар ескі көліктер келмеске кетіп жатыр. Егер осы қарқыннан таймасақ, алдағы бірер жылда  бізде Еуро-2 стандартындағы безинді тұтынатын көлік қалмайды. Сол себепті зауыттарымызды Еуро-4, Еуро-5 стандарттарына алдын ала бейімдеуіміз керек.  Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Ал Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша жыл соңына дейін бітуі тиіс. Демек зауыттарымыздың Еуро-4, Еуро-5 стандартындағы бензин шығаратын кезі жақындап қалды, – деді Андрей Колесников.

Ол сөз арасында бір тонна мұнайды қайта өңдеудің құны 60-75 доллар болатынын айтты.

"Бір тонна мұнайдан бар-жоғы 16% Еуро-2 стандартына сай бензин алуға болады. Егер біз Еуро-4 немесе Еуро-5  стандартына көшсек, бұл көрсеткіш 9-11% түсіп қалуы әбден мүмкін. Сол кезде  мұнай тапшылығын сезіп отырған үш зауытымыздың қандай күйге түсерін білу үшін маман болудың қажеті жоқ", – деді Андрей Колесников. 

Маманның мәлімдеуінше, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жартылай болса да Еуро-4, Еуро-5   стандартындағы бензин өндіруге бейімдеуді жылдамдату қажет.

Зауыттардың қайта жаңғыртылуы, Еуро стандарттарына сай келетін бензин шығаруы біраз уақытқа дейін сыртқы факторларға деген тәуелділіктен құтқара алмайды.

"Павлодардағы МӨЗ биылдан бастап Еуро 4, Еуро-5 стандартындағы бензин шығарады деген. Егер қайта жаңғырту аяқталса, зауыттың мүмкіндігі де артады", – дейді сарапшы.

Ол жанар-жағармай мәселесінде сыртқы факторға тәуелді екенімізді мұнай-газ секторындағы қазақстандық үлестің  аздығымен байланыстырады. Олар зауыттарымыздың шикізатсыз қаңтарылып бос тұруы да мұнай-газ саласындағы үлесіміздің аздығынан деп біледі.  

Андрей  Колесниковтың айтуынша, мұнай-газ компанияларындағы қазақстандық үлестің шынайы көрсеткіші мен статистикалық  көрсеткішінің арасындағы және сыртқа экпортталып жатқан мұнай көлемі туралы үкімет ұсынған статистикамен нақты көрсеткіш арасындағы алшақтық жер мен көктей.  

Андрей  Колесников  2014 жылы  "Теңізшевройл", Қарашығанақ, Қашаған 2020 жылға қарай газды  40-45 млрд текше метрге дейін құбырларға қайта жібере алатын мүмкіндікке ие бола алатынын айтып, қазақстандықтардан сүйінші сұрағанын еске түсірді. Осының ізінше осы саланың басына келген министр  Сауат Мыңбаев  2020 жылға қарай газ көлемі азаятынын, құбырларды текке тартып жатқанымызды айтқан. Тіпті бұл әңгіменің соңы ел парламентке дейін жетіп, сол кездегі мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева мұнай-газ саласындағы қазақстандық үлес туралы ақпаратқа сенбейтінін жеткізген.

"2012 және  2015 жылдар бойынша берген EITI есептеріне қарағанда, мемлекеттің шикізат өндіру саласынан түскен табысы, жылдық есепке шаққанда 30 млрд  АҚШ долларын құраған. Мұнай мен газдың үлесі 93%  немесе 28 млрд  доллар. 2016  жылы мұнайдың орташа бағасы 2012-2013 жылдармен салыстырғанда төмендеп кетті. Ал биылғы жағдай мәз емес. Биыл мұнайдан түсетін табысымыз  20 млрд  доллардан да кем болып шығуы мүмкін. Бірақ  соған қарамастан Қазақстаннан экспортталатын мұнай көлемі жыл сайын артып келеді. 2017 жылдың  алғашқы екі айында  мұнай экспорты  3,994 млрд долларға жетті.  Бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда   22%-ға көп көрсеткіш. Соңғы жылдары мұнай секторында жаңа ойыншы - ҚХР  пайда болды. Қытай компанияларының үлесі жайлы ақпарат белгісіз", –  дейді Андрей  Колесников.

Экономикалық тәуекелдерді бағалау тобының  жетекшісі, саясаттанушы Досым Сәтпаев бағаның қымбаттауына нарықты шектен тыс монополиялау мен мұнайды аз өңдеу  әсер етіп отырғанын айтады. Бұл тек біздің ғана емес, Ресейдің де басындағы жағдай.

"Бағаның  алдағы жылдардағы нақты көрсеткіші туралы айту қиын екен", –  дейді  Досым Сәтпаев. Себебі мұнай өнімдерін сату бағасы Қазақстан жанармай қауымдастығы  тарапынан бақыланады да, мемлекеттік формулаға сәйкес реттеліп отырады. Нақты белгілеулердің және оны бақылап отыратын орындардың болмауы жанармайдың көтерме саудасымен айналысатындар үшін тиімді болып тұр. Екі тарап та жанар-жағармай бағасында сыртқы факторларға тәуелді, сондықтан  бағаның  тұрақты немесе бізге тиімді мөлшерде болуына ықпал ете алмайды.

"Жанар-жағармай секторы экономикалық индикаторлардың бәріне – инфляциядан бастап  жиын-терім науқанына дейін ықпал етеді. Еліміздегі 3 МӨЗ-де мемлекет  үлесінің болуының өзі  жанар-жағармай нарығындағы лоббистердің қарсылығын күшейтіп жіберуі әбден мүмкін. Бізге белгісіз, күмәнді жайттар баршылық. Сол себепті төртінші зауыт саламыз деген сөз нарыққа әсер ете алмайды" , – дейді Досым Сәтпаев.

Ол мұнай-газ секторы экономикалық дамуымыздың локомотивті екенін мойындауымыз керек екенін айтады.  Ондағы әрбір күмәнді келісімшарттың өзі ел ішіндегі түрлі әңгіменің отын лаулатып  жібереді. Ақпараттық соғыста бұған дейін мұнай трейдерлері мен  жанар-жағармай трейдерлері жеңіске   жетіп келді.  

"2016 жылы ресейлік банкир Герман Греф Ресей экономикасына қатысты "дауншифтер – мемлекет" деген терминді қолданды. Бұл шикізат секторының доллардың  буына масайрауы дегенді білдіреді. Бізге де масайрау кезеңінен ес жиып, барынша салқынқанды және біз үшін тиімді шешім қабылдайтын кез келді. Нақты әрекет  мұнай-газ секторындағы өз үлесімізді көбейтуден басталады. Тек шетелдік емес, ұлттық капитал үшін де барынша жайлы инвестициялық климат калыптастыру қажет. Жанар-жағармай  бағасы ішкі нарықтың индикаторы. Индикатор сыртқы факторға тәуелді.  Біз қазақстандық үлесті арттырмай мұнай-газ секторындағы ақпараттың ашықтығына қол жеткізе алмаймыз", – деді Досым Сәтпаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу