"Қазақстандықтар зейнетақы қорына қосымша 10% жарна аударады"

3250

"Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға мұндай өзгеріс енгізілген жоқ.

"Қазақстандықтар зейнетақы қорына қосымша 10% жарна аударады"

Демалыс күні БАҚ арқылы тараған ақпаратта бұдан былай көлігі мен пәтерін сатқан адамдар БЖЗҚ-ға тапқан табысының 10%-ын аударуға міндеттелетіні жазылды. Бұған қазақстандықтар қарсы болып, өре түрегелді. Ел азаматтары: "бұл халықты қанау", "қарапайым адамдарды теспей сору" деген мағынадағы жазбаларын әлеуметтік желіде қарша боратты.

Әлеуметтік шиеленісті шектен шығармау үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәселенің мән-жайын Facebook парақшасы арқылы түсіндіруге кірісіп кетті. Ол зейнетақы аударымдары жеке және заңды тұлғалардың табысынан ғана ұсталатынын жазды.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, азаматтық-құқықтық шарт негізінде қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар міндетті зейнетақы жарнасын көлігі мен пәтерін сатқан кезде тапқан табысынан емес, атқарған жұмысынан түскен пайдасынан бөліп береді.

"Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, биылғы жылдың 14 шілдесінен бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен табыс табатын жеке тұлғалар, заңгерлер, жеке сот орындаушылары, нотариустер, кәсіби медиаторлар және кәсіпкерлер "Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңның 25 бабы бойынша БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы төлемі ретінде айлық табысының 10%-ын жолдап отыруға тиіс", – деп мәлімдеді Светлана Жақыпова.

Оның сөзінше, мақсатқа жету үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкіметтің "Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша ҚР үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс енгізу туралы" қаулысының жобасын әзірлеген. Бұл құжатта азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі мен мерзімі айқындалған.

Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамаловтың түсіндіруінше, қоғам мүшелерінің "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға енгізілген өзгерісті қате қабылдауына үкіметтің алдыңғы қаулысының дер кезінде дұрысталмауы себеп болған.

"Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер көлігі мен пәтерін сатқан  адамдарды БЖЗҚ-ға 10% жарна төлеуге міндеттемейді", – деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға 2018 жылғы 2 шілдеде енгізілген өзгерісте азаматтық-құқықтық шарт арқылы қызмет көрсететін заңды тұлғалар  БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын аударуы тиіс екені нақтыланған.

"Бұрын бұл іс ерікті түрде атқарылатын, бұдан былай міндетті болады", – деді қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

"Бұл шешімді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де мақұлдады. Алайда бұл жеке мүлкін сатқан адамдар табысының 10%-ын БЖЗҚ-ға аударуы керек деген сөз емес", – деді Аманжан Жамалов.

Біз өз кезегімізде Аbctv.kz порталының атынан осы мәселеге қатысты заңгер Нұржан Төлепбергеновке хабарластық. Ол елімізде БАҚ өкілдерінің мәселенің ақ-қарасын анықтап алмай, сенсация үшін ресми расталмаған ақпарат таратуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын алға тартып: "Бізде бір БАҚ жариялаған ақпаратты басқа БАҚ іліп алып, шулата жөнеледі. Олардың басым бөлігі ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбейді. Артынан "олай емес екен" деп, бұған дейін жазғандарын дұрыстап, соған қатысты ресми тұлғалар мен органдардың пікірін беріп жатады. Меніңше, ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ-қа және БАҚ өкілдеріне қойылатын талапты жаңғыртуы тиіс. Халыққа жалған, негізсіз ақпарат тарату ешкімге абырой әпермейді. Демалыс күні қаншама адам осы ақпараттың кесірінен жапа шегіп, уайымға салынды",– деді заңгер.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу