"Қазақтелеком" акциялары стратегиялық инвесторға сатылуы мүмкін

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3199

"Самұрық-Қазына" компаниясы "Қазақтелеком" АҚ акциясының 25%-ын стратегиялық инвесторға сатуы мүмкін.

"Қазақтелеком" акциялары стратегиялық инвесторға сатылуы мүмкін

"Қазақтелекомның" қарапайым акцияларының 52,03%-на ие болып отырған "Самұрық-Қазына" АҚ акцияның 25%-ын стратегиялық инвесторға сату мүмкіндігін талқылап жатыр. Акцияның IPO-да емес, дәл осы стратегиялық инвесторға сатылуын басқа ірі акционерлер де қолдап отыр. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сүйенсек, "Қазақтелекомның" қарапайым акцияларының 24,96%-ы Sobrio Limited-ке (Рас-эль-Хайма, БАӘ), 9,35%-ы "Бағалы қағаздар орталық депозитариі" АҚ-ға тиесілі болған.

"Ол жерде dual track. Dual track дегеніміз – бұл екі мәселенің талқылануы. Яғни акцияны алдағы IPO-да сату және стратегке сату қарастырылып жатыр. Біз стратег инвестор келетін болса, соған сатуды жөн көріп отырмыз, өйткені "Қазақтелекомның" акционерлері ішінде де жеке кәсіпкер бар. Олардың ойынша, стратегиялық инвесторға сатқан тиімді, одан сыйақы алуға болады. Яғни қазір зерделеу мәселесі жүріп жатыр. Ол жерде де біздің тараптан сатылатыны 25%, ал жеке кәсіпкер қаншадан сатады немесе сатпай ма өзі біледі", – деп мәлімдеді "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-тың активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры abctv.kz-ке.

Компанияның акциялары Лондон Қор биржасында және "Астана" халықаралық қаржы орталығында орналастырылады деп жоспарланып отыр. Егер IPO Лондонда өтетін болса, онда қолданыстағы заңға сәйкес орналастырылып жатқан акцияның 25%-дан кем емес бөлігі өзіміздің сату орындарымызда орналасуы керек. Өзімізде 2018 жылға дейін орналастырылмайды, өйткені алғашқысы Air Astana және "Қазатомөнеркәсіп" АҚ еншісінде. Олар IPO кезінде акциясының 25%-ын сатпақшы.

"Қазақстан қор биржасы" АҚ 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, қарапайым акцияның 24,96%-на ие Sobrio Limited (Рас-эльХайма, БАӘ) және 52,03% акцияға ие "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, 9,35%-ға ие "Бағалы қағаздар орталық депозитариі" АҚ "Қазақтелекомның" ірі акционерлері. Сонымен бірге "БЖЗҚ" АҚ сайтында көрсетілгендей, "Қазақтелекомның" қарапайым акцияларының 3,4%-ы зейнетақы қорына, яғни БЖЗҚ-ға тиесілі болған. Айналымдағы қарапайым акция саны 10707323, артықшылықты акция саны – 320556 болып отыр. Қарапайым бір акцияның теңгерімдік құны 31116 теңге, ал артықшылықты акцияның теңгерімдік құны 8725 теңге. Компания акцияларының нарықтық жиынтық бағасы 178276,74 млн теңге.

"Қазақтелекомның" 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша шоғырландырылған қаржы есебінде нақтыланғандай, 2016 жылдың 30 қыркүйегінде компанияның 51% акциясы "Самұрық-Қазына" АҚ-ға, 24,5%-ы Sobrio Limited-ке, 9,8%-ы АДР-ге (The Bank of New York – депозитор), 3,4%-ы "БЖЗҚ" АҚ-ға, 3,1%-ы "Қазкоммерцбанк" АҚ-ға, 2%-ы Deran Investment B.V., 6,2%-ы басқа компаниялардың еншісінде болған.

Аbctv.kz сұхбат алған сарапшылар "Самұрық-Қазына" акциясының 25%-ын стратегиялық иневесторға сатуы "Қазақтелеком" акцияларының бағасына әсер етуі жайлы нақты ештеңе айта алмады, бірақ эмитентке деген көзқарастары жақсы, одан дивиденттер төленеді деп ойлайды.

"Асыл Инвест" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Рақымбаев мұны соңғы бір-екі жылда "Қазақтелекомда" табыстың өсіп, пайда жөнінен жақсы нәтиже көрсетіп отырғанымен түсіндіреді.

"Бұл негізінен басты бағыттардың, яғни интернет, арналар бойынша байланыстың жақсы берілуінің өсуімен байланысты. Осы жылғы түсетін пайданы есепке ала отырып, баға/пайда ара қатынасы шамамен 5-6 жылдық пайда деңгейінде болады деп ойлаймыз. Бұл компания үшін өте арзан, өйткені KASE нарығы орташа есеппен 8 жылдық деңгейде тіпті одан да жоғары болады. Сонымен бірге инвесторлар 2016 жыл үшін дивиденттерді күтіп отыр деп ойлаймын. Неге? Себебі оларда 4G желісі бойынша белсенді инвестицияларды күшейту кезеңі өтіп кетті, енді капиталдық шығындар азаяды деп күтіп отыр. Пайданың өсуін, капиталдық шығынның азаюын ескерсек, дивиденттер төленеді деп ойлаймын", – дейді ол.

Алда болатын IPO немесе стратегке сатуға қатысты айтар болсақ, мұның барлығы акция сатудың соңғы нұсқасына байланысты болады, дейді Нұрлан Рақымбаев.

"Halyk Finance" АҚ сарапшысы Диас Қабылтаев та IPO-да орналастыру мәселесі бойынша ресми өтінішті немесе "Қазақтелеком" акцияларының стратегке сатылуын күту қажет деп есептейді.

Halyk Finance-тің акцияларына қатысты соңғы пікірі 2016 жылдың 7 желтоқсанында, "Қазақтелекомның" 2016 жылдың артықшылықты акциялары жөніндегі дивиденд төлеу туралы шешімі белгілі болғаннан кейін шықты. Ол кезде Halyk Finance "Қазақтелекомның" қарапайым акцияларын сақтап қалуға ұсыныс жасап, қарапайым бір акцияның құнын 13412 теңге деп бағалаған болатын.

"Біздің ойымызша, компанияның қарапайым акциялары бойынша дивиденд төлеу көптеген сұрақ туғызады. Компания жұмысының 2016 жылдың 9 айындағы нәтижелері көңілден шықпайтынын ескерер болсақ, онда қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлеу мәселесі шешілмегенін айтуға болады. Біз "Қазақтелекомның" қарапайым акцияларын сатпай, ұстап тұру жайлы ұсынысымызды сақтап, қарапайым бір акцияның құны 13412 теңгеге бағалануы керек", – деп жазылғн шолуда.

"Centras Securities" АҚ басқармасының төрағасы Талғат Қамаров та компаниядан дивидент түседі деп күтіп отыр. 2016 жылдың 4 қазанында Centras Securities "Қазақтелекомның" қарапайым бір акциясының мақсатты бағасы 14135 теңге деп болжап, сатып алуға ұсыныс жасаған болатын.

"2016 жылдың қаржылық нәтижесі мықты болады деп ойлаймыз. Ол келешекте дивидендтік төлемнің артуына әсер етуі мүмкін. Алайда біріккен компаниялардың табысы едәуір жақсы болады дегенмен, "Алтел" және "Теле2" нәтижелерінің бірігуіне қатысты тәуекел сақталады", – деп көрсетілген шолуда.

"Енді дивидендтер инвесторлардың назарында. Қандай табыс алатыны дивидендтерге байланысты болады. Яғни соңғы бірнеше жылда "Қазақтелеком" инвестицияға қатысты ірі жоспардың болуына байланысты дивиденд төлемеген болатын. Қазір нақты бір ұсыныс айта алмаймыз, себебі жақында тексерілетін қаржылық есеп болады деп күтіп отырмыз", – дейді Талғат Қамаров.

Сонымен бірге ол "Самұрық-Қазына" акцияларын сату кестесі нақтылануы мүмкін дейді.

"Егер "Самұрық-Қазына" өзінің акциясын үшінші акционерге сататын болса, онда "Қазақтелеком" жаңа акцияларды шығармайды. Яғни "Самұрық-Қазына" акцияны сататын болса, онда компанияның иесі де ауысады. Ал егер акция IPO-да сатылатын болса, онда компания жаңа акциялар шығарады. "Самұрық-Қазынаның" ең басты міндеті – акцияны сату немесе өзінің үлесін азайту, осыған орай "Самұрық-Қазына" қалай жұмыс істейтінін басқа акционерлерге айтуы тиіс", – дейді Талғат Қамаров.

Сонымен бірге ол телекоммуникация нарығында "Қазақтелеком" әзірге "тұрақты монополистік қалыпты" ұстап тұрғанын айтып өтті. "Қандай жағдайда болмасын, "Қазақтелеком" телекоммуникациялық қызмет көрсетудің үстем провайдері болып қала береді деп ойлаймын. Кейін уақыт өте келе, нарықтың ырықтандырылуына байланысты оның үлесі азаюы мүмкін, бірақ сонда да ол ең маңызды ойыншы болып қала береді", – дейді Талғат Қамаров.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу