"Қазатомөнеркәсіп" 75% дивидент төлейді

3611

Ұлттық компания IPO арқылы трансформацияның келесі кезеңіне өтеді.

"Қазатомөнеркәсіп" 75% дивидент төлейді

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірманов журналистерге ұлттық компанияның акцияларын қор нарығына шығаруға қатысты мәміле алдағы айда аяқталатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік бұдан бұрын "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ Лондон және "Астана" (АХҚО) халықаралық қаржы орталығы биржаларына құнды қағаздарын орналастыратынын жариялады. Ресми хабарламада "Қазатомөнеркәсіп" Лондон қор биржасында ғаламдық депозитарлық қолхаттарды листингтейтіні және IPO үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігін пайдаланатыны мәлімделді.

"Акциялардың барлығы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Ұлттық әл-ауқат қоры IPO-ға "Қазатомөнеркәсіптің" 25% акциясын ұсынбақшы. Қалған 75% акция "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының иелігінде болады", – деп хабарлаған еді ұлттық атом компаниясының баспасөз қызметі.

Осы мәселеге оралған "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы тілшілермен тілдескенде ұлттық компания үшін қор биржасына акция шығару жауапты іс екенін алға тартты.

"Біз компанияны "Астана" халықаралық қор биржасы мен Лондон биржасына шығара отырып, трансформацияның келесі кезеңіне өтеміз", – деді Ғалымжан Пірманов.

Басқарма төрағасы акциялардың құнына қатысты нақты жауап берген жоқ.

"Бұл туралы айтуға әлі ерте. Нақты санды алдағы уақытта жариялаймыз. Оның көлемі сұранысқа байланысты болады. Бағалы қағаздар заңнамасына сәйкес, біз акцияның 20%-ын Қазақстан нарығына ұсынуға міндеттіміз. Қазақстанда акцияның қанша көлемі орналастырылатыны сұранысқа тікелей тәуелді. Егер сырттан көп сұраныс түссе, Лондон қор биржасына акциялардың 20%-ы, ал АХҚО-ға 5%-ы орналастырылуы мүмкін", – деді ол.

Оның сөзінше, шамамен 31 қазанда road show IPO ұйымдастырылады. Іс барысында инвесторлармен кездесу өтеді.

"Road show шамамен 31 қазанда немесе соған жақын күндердің бірінде өтеді. Ал қарашаның орта кезінде акцияларды орналастыруға қатысты келісім аяқталады", – деді Ғалымжан Пірманов.

Басқосу барысында "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы abctv.kz тілшісінің уран қорына қатысты сауалына жауап берді.

"Bloomberg агенттігі ұлттық компания қоймадағы өнім қорын көбейтіп жатқаны туралы жаңсақ жазды. Біз мұны олардың өкілдерімен сөйлескенде анықтадық. Естеріңізде болса, 2017 жылы біз стратегиямызға өзгеріс енгізіп, трейдерлерге уран сатуды доғардық. Қоймадағы қор осының салдарынан көбейіп кетті. Қазіргі саясатымыз қоймада 6 айлық қор ғана сақтауға негізделген. Бұл шамамен 6 мың тонна деген сөз", – деді Ғалымжан Пірманов.

Оның сөзінше, қоймада уранның 6 айлық қорын сақтаудың нақты себебі бар.

"Жеткізу жұмыстары мен тасымалдауды ұйымдастыру кезінде түрлі қиындық туады. Оның барлығы уақытқа кері әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда біз 6 айлық қор ең тиімді шешім деп санаймыз. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қоймада уранның жиынтық қоры 11 мың тоннаға жетті. Бұған не себеп болғанын жоғарыда айттық. Қоймада 11 мың тонна қор жиналғаннан бері біраз уақыт өтті. Оның барлығы тиісті жерлерге жөнелтілді. Жыл соңына дейін қоймадағы қордың көлемі азаяды. Бұл жерде әр тоқсан сайын, жартыжылдық сайын тапсырыстың әртүрлі болатынын да назардан тыс қалдырмау керек. Әр уақытта тапсырыстың көлемі әрқалай болады", – деді Ғалымжан Пірманов.

Айта кетейік, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ-ның өткен жылғы жиынтық табысы 336,5 млрд теңгені құрады. Көрсетілген соманың 139,2 млрд теңгесі таза табыс. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 145 млрд теңгеге жетті. Мұнда таза табыс 115 млрд теңге болды.

2019 жылы күшіне енетін заңға сәйкес, "Қазатомөнеркәсіп" табысқа кенелсе, акционерлерге 75% көлемінде дивидент төлейді.

Айта кетейік, бұдан бұрын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры 2018 жылдың соңына дейін IPO-ға Air Astana, "Қазатомөнеркәсіп" және "Қазақтелеком" компанияларын шығарады деген ақпарат таратылды. Ал 2020 жылдың соңына дейін IPO-ға "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз", "Самрұқ-Энерго", "Тау-Кен Самрұқ, Qazaq Air" компаниялары шығатыны белгілі болды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу