"ҚазАзот" халыққа жол тартты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3680

Компания акциялары KASЕ-де сатылатын болды.

"ҚазАзот" халыққа жол тартты

Қазақстандық қор биржасы (KASE) 2 мамыр күні биржаның листингтік комиссиясы "ҚазАзот" АҚ (Ақтау) қарапайым акциялары  KASE-нің ресми тізіміне екінші категория бойынша кірді деп хабарлады.

Аталған акциялар саудасының ашылуы туралы қосымша хабарланатын болады. "ҚазАзот" қарапайым акцияларына KZAZ (сауда коды) қысқартылған белгісі берілді. Бұл акцияларды шығару туралы толық ақпарат KASE сайтында жарияланады.

2016 жылы тексерілген қаржы есептілігі мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында "ҚазАзот" АҚ-ның жарғылық капиталы 17 млрд 754,3 млн теңге, компанияның өз капиталы – 17 млрд 997,2 млн теңге, жиынтық активтер – 61 млрд 606,1 млн теңге, сауда көлемі – 32 млрд 321,1 млн теңге, жалпы табыс – 18 млрд 801,4 млн теңге, таза пайда – 9 млрд 993,3 млн теңге  болған.

"ҚазАзот" ЖШС Қазақстан бойынша  аммиак пен аммиак селитрасын өндіретін жалғыз компания. Кәсіпорын  агроөнеркәсіп кешені мен тау-кен өндіру саласының қажеттілігі үшін минералдық тыңайтқышты шығаруға бағытталған химиялық өнім шығарады.  

2016 жылдың желтоқсан айында "ҚазАзот" Шағырлы-Шөмішті кен орнын өзіміздің табиғи газбен қамтамасыз ететін қуаты  40 МВт  газпоршенді жылу электр стансасын (ЖЭС) пайдалануға берді. Толық қуатқа шығу, жүктемелерді беру кестесіне сәйкес 2017 жылдың мамыр айына жоспарланған болатын. ЖЭС Wartsila фин компаниясының әрқайсысы жеке-дара 10 МВт қуатқа ие  төрт агрегаты негізінде құрылды.  Сонымен бірге электр стансасының құрамына жылуды  кәдеге жарату жүйесі кіреді. Кәдеге жарататын бу қазандықтары орнатылған, олардың жиынтық қуаты сағатына  17,5 тонна буды құрайды. Ол зауыттың технологиялық өндірістік қажеттілігі үшін қолданылады. ЖЭС іске қосу кәсіпорынды энергия қуатымен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға  мүмкіндік берді. Жоба ҚР индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында "Қазақстан даму банк" АҚ  қолдауымен іске асуда.

Тағы бір нысан – үрлегіш газдардан аммиак алу болып табылады. Ал үшінші нысан – өнім сапасын жақсартып, нормативтік шығындарды азайтатын жазылу мұнарасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 56 млрд теңге, оның 70%-дан астамын ҚДБ қаржыландырады. Несие мерзімі – 10 жыл.

Жаңғырту бағдарламасы кәсіпорынның аммиак және азотты минералдық тыңайтқыш өндіру бойынша қуатын жылына 300 мың тоннадан 400  мың  тоннаға дейін өсіруге, өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай түсіруге мүмкіндік береді. 2011 жылы кәсіпорын индустриаландыру картасына кірген кезде зауытты қайта қалпына келтіру мен жаңғыртуға 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Жанболат Мамышев, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу