"ҚазТрансОйл" жыл соңына дейін Bank RBK-дағы депозитін қайтарып алуды көздейді

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
4001

2017 жылы компания банктің қысқамерзімді депозитіне бес миллиард теңге салған. 

"ҚазТрансОйл" жыл соңына дейін Bank RBK-дағы депозитін қайтарып алуды көздейді

"ҚазТрансОйл" АҚ басшылығы осы жылдың желтоқсанында Bank RBK-дан депозитін қайтарып аламыз деп отыр. Бұл KASE-нің сайтында жарияланған компанияның 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айына арналған шоғырландырылған тексерілмеген қаржылық есебінде көрсетілген.

Компанияның қаржылық есебіне сәйкес, 2017 жылдың шілде айында "ҚазТрансОйл" Bank RBK-ның қысқамерзімді депозитіне 11%-дық мөлшерлемемен бес миллиард теңге салған. Оның өтеу мерзімі 2017 жылдың желтоқсанында аяқталады.

Компанияның айтуынша,  2017 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Bank RBK АҚ жеткілікті деңгейде өтімділікті қамтамасыз ету бойынша қиындыққа тап болып, осыған байланысты банктің клиенттерге дер кезінде төлем жасауы шектелді.  

"Дегенмен Ұлттық банк ҚР үкіметімен бірлесіп "Банк РБК" АҚ-ты сауықтыру жөнінде кешенді жоспарды іске асыруға кірісті. Компания басшылығы "Банк РБК" АҚ-тан депозитін белгіленген мерзімде қайтарып алуды жоспарлап отыр", – деп көрсетілген құжатта.

2017 жылдың 30 қыркүйегіндегі есеп бойынша "ҚазТрансОйл" АҚ қазақстандық банктер мен шетелдік банктердің депозитіне 39,4 млрд теңге салған.

Есептен көріп отырғанымыздай, "ҚазТрансОйл" АҚ-тың шоғырландырылған таза пайдасы 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 48,7 млрд теңге болып, былытырғы жылдың осындай кезеңіндегі нәтижеден 11,7%-ға жоғары болған.

"ҚазТрансОйл" АҚ-тың осы уақыт ішіндегі шоғырландырылған табысы 164,6 млрд теңгеге жетіп, 2016 жылыдң тоғыз айындағы көрсеткіштен  6,6%-ға жоғары болды.

2017 жылдың қаңтар-қыркүйегіндегі операциялық жұмысынан түскен таза ақшалай ағын былтырғы жылғы 68,3 млрд теңгемен салыстырғанда 13,6%-ға, яғни 77,6 млрд теңгеге өскен.

Гүлназ Ермағанбетова, Құралай Абылғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу