"КЕGОС" Түркістанды түлетеді

2905

Болашақта солтүстіктен оңтүстікке тұрақты тоқ тасымалданады.

"КЕGОС" Түркістанды түлетеді

Ұлттық электр торабы арқылы Қазақстанды электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған "KEGOC" АҚ 2026 жылға дейін Түркістанға қосалқы станция салады. Құны 8 млрд долларды құрайтын жоба солтүстіктен оңтүстікке тұрақты тоқ тасымалдайды.

Жаңа нысан 220 кВ жоғары кернеулі магистральді электр желісі мен жергілікті 110 кВ желі арасындағы кедергілерді жойып, қалаға сырттан келетін электр қуатын күшейтеді.

"220 киловольттық қосалқы станцияның трансформаторлық кернеуі 220-110 киловольтты құрайды. Ол трансформаторлық кернеуі 500-220 киловольтқа шақталған 500 киловольттық "Алма" станциясынан осынысымен ерекшеленеді", – деп мәлімдеді KEGOC АҚ.

Түркістанға салынатын қосалқы станцияның құрылысына қатысты байқау жарияланады. Байқау қорытындысында жеңімпаз деп танылған компания келесі жылдан бастап іске кіріседі.

"KEGOC" АҚ-ның 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясында оңтүстік  аймақтағы  энергия  тапшылығын жою үшін солтүстіктен оңтүстікке тұрақты тоқ желісін тарту қажет екені көрсетілген. Құжатта былтыр оңтүстік  аймақта 20,5 млрд  кВт сағ электр энергиясына қажеттілік болған кезде тапшылық  9,2 млрд  кВт сағатты құрағаны жазылған.

"Осы тапшылықты жою үшін солтүстіктен оңтүстікке тұрақты тоқ тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Жоба 2019-2026 жылдар аралығын қамтиды. Құрылыс кезінде тұрақты тоқ тасымалдайтын инновациялық технологиялар қолданылады", – деп хабарлады электр энергиясының  жүйелік операторы.

Айта кетейік, күні бүгінге дейін "KEGOC" АҚ ұлттық электр торабын жаңғыртудың алғашқы 2 кезеңінде еліміздегі қосалқы  станциялардың 80%-дан  астамын цифрлық технологияға көшірген. Ал бүгінге дейін энергетиктер Түркістандағы электр тарату желілерінің 40%-ын жаңартқан. Қазір "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС Түркістанның аудандары мен ауылдарына бетон бағана орнатып, электр желісін тартып жатыр.

"Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС Түркістан аудандық электр желілері мекемесінің бас инженері Ғани Қойшиевтің сөзінше, Аша ауылында 4,2 шақырым электр желісі ауыстырылып, тозығы жеткен 233 темір бағана бетон бағанаға ауыстырылған.

"6 елдімекеннің электр желілері ғана емес, трансформаторлары да жаңартылды. Жоспар бойынша биыл 9 жаңа трансформатор орнатылады. 10 кВт желінің 6 шақырымы жаңартылады. ВЛ 0,4 желілерінің 8,5 шақырымы ауыстырылып, 18,64 шақырым жерді алып жатқан жерге 363 темір бетонды бағана орнатылады. Осы уақытқа дейін Түркістан ауданы бойынша электр тарату желілерінің 40%-ын жаңарттық", – деді бас инженер.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу