"Кендірлі" жаңа курорттық қаланың тағдыры мәлім болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4885

Қазақстандағы барлық моноқалалар бір төбе де, Жаңаөзен – бір төбе екені жасырын емес.

"Кендірлі" жаңа курорттық қаланың тағдыры мәлім болды

"Ереуіл атқа ер салуға" бейім тұратын тұрғындарының көңілін аулау үшін ел үкіметі тұтас мемлекеттік құжат – "Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтiк-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешендi жоспарын" әзірлеген болатын.

Өңірлерді дамытуға жауапты орталық меморган – ұлттық экономика министрлігі Жаңаөзенде әлгі жоспар аясында осы жылдарда не іс тындырылғаны жөнінде жеке есепті жария етті.  

Ресми мәлімет бойынша қазір Жаңаөзен қаласы халық саны бойынша облыс орталығынан кейінгі екінші қала болып табылады. Аумағы – 51 мың гектарға созылып жатыр. Қаланың әкімшілік-аумақтық құрылымына 3 ауылдық округ – "Теңге", "Қызылсай" және "Рахат" кіреді.

Бір қызығы, Жаңаөзен "тартылыс күші" бойынша тіпті кейбір облыс орталықтарын да артта қалдырады. Қала халқының саны іргелес ауылдарды есепке алғанда, 2009 жылдан бері бірден 57,4%-ға, яғни 90,2 мың адамнан 142 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте жаңаөзендіктер санының өсуіне бұл өңірдегі жоғарғы бала туу көрсеткіштері мен қарқынды көші-қон себепші болып отыр.

Шаһардың "моноқала" атануы оның мұнай саласына күні қарап отырғандығымен түсіндіріледі. Ал осы сектор қазір жаһандық деңгейде қиыншылықтарды бастан кешіп жатқаны мәлім.

Ел үкіметі жұмыс орындарын сақтау мақсатында "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның кен орындарында 2020 жылға дейін мұнай өндiру деңгейiн жылына 5,8 млн тоннадан кемiтпей ұстап тұруды қамтамасыз етуді жүктеген болатын. Тиісінше, "ҚазМұнайГаз" АҚ-ның 2017 жылға бекітілген бюджетінде "Өзенмұнайгаз" компаниясының мұнай өндіру межесі 5 миллион 820,1 мың тонна көлемінде көзделген. Алайда жоспар 98%-ға ғана іске асыпты. Жоспардың орындалмауының негізгі себептері қатарында "тоқтап тұрған ұңғымалар қорының артуы және дебиті төмендеп жатқан жұмыс істейтін ұңғымалар санының көбеюі" аталды. "Өзенмұнайгаз" 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әлемде "қара алтын" құны құлдырай берсе, бағалар өздерімен бірге өндірісті де құрдымға тартып әкетуі ықтимал. Ғалымдар болашақ шикі мұнайда емес, оны өңдеуден алынатын мұнай өнімдерінде екенін айтады.

Осы мақсатта ресейлік инвесторларды шақырып, Ақтау қаласындағы "КРІ" АҚ базасында шағын мұнай өңдеу зауытын салып, мұнай саласынан босауы мүмкін жаңаөзендік жұмысшыларды соған тарту көзделген еді. Алайда бұл жоба мұнайшылар көзінен "бұл-бұл ұшатын" секілді.

Оны орындауға жауапты болған "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының ақпараты бойынша "КРІ" АҚ базасында шағын МӨЗ құрылысын салу" жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін ресейлік "Омскнефтехимпроект" ААҚ-ы әзірлеген екен. Бірақ омбылық компанияның бұл құжаты кінәратты болып, ол мемлекеттік сараптамадан өтпей қалған. Осыдан кейін шағын МӨЗ салу мәселесін одан әрі зерттеу тоқтатылыпты.

Енді назар басқа салаларға аударылуда. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында 2017 жылдан бері облыс бойынша 460 жаңа жұмыс орны құрылатын 8 жоба іске асырылуда. Солар арқасында химия өнеркәсібінде – 5, электр машиналары және электр жабдығы өндірісінде – 60, құрылыс пен құрылыс индустриясында – 135, энергетикада – 10, жиһаз өнеркәсібінде – 21, көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылымда – 10, көлік пен логистикада – 219 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Рас, бұл республикалық деңгейдегі карта жобаларының бір де бірі Жаңаөзен қаласында бой көтермейді. Дегенмен, Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысын шақырып, онда "AB GroupCapital" ЖШС-нің "Ешкі өсіру үшін фермерлік шаруашылықтар мен жем-шөп базасын құру", "Жаңаөзен қаласында сүт зауыты мен жылыжай салу" және "ЭкоТехПрогресс" ЖШС-нің "Жаңаөзен қаласындағы құрамында мұнайы бар қауіпті қалдықтарды зиянсыз қайта өңдеу зауыты" жобаларын аталған индустрияландыру картасына қосуды талқылау жоспарлануда екен.

Әзірге, "екі қолға бір күрек" іздеген жаңаөзендіктер уақытша қоғамдық жұмыстарға шақырылады. Өткен жылы 1148 адам қоғамдық жұмыстарға жолданған. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 4 миллиард 112 млн теңге бөлінді. Оның ішінде "Өзенмұнайгаздың" қаражаты – 200 млн теңге. 124 кәсіпорынмен және ұйыммен шарттар жасалыпты.

Әрине, мұның көбісі уақытша шаралар ғана. Жергілікті жұртшылықтың көңілі алаңдаушылықтан арылып, тұрақ табуы үшін тұрақты жұмыс орындары, яғни табысты кәсіпорындар керек.

Осыған орай үкімет бұл облыстағы "жаңадан құрылатын жұмыс орындарының жалпы санынан Жаңаөзен қаласы тұрғындары үшін 10%-дан кем емес квотаны белгілеу" туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл квота ең алдымен, "Құрық" ауылында, Каспий теңізі жағалауында іргесі қаланған мұнай құю терминалында ашылады деп күтіліп еді. Алайда бұл кәсіпорын "Қашаған" кен орнын игерудің ІІ фазасының мұнай өндірісінің басталуына тәуелді болып отыр. Оның қашан бастау алары беймәлім. Тиісінше, "ҚазМұнайГаздың" хабарынша, терминал кіретін "қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесі" жобасы белгісіз мерзімге дейін тоқтатылды.

Мұнай бағасы жыртқыш құстай туу биікте шарықтап жүргенде, 2012 жылы осы Құрық ауылы маңында "кеме жөндеу және кеме жасау зауытын" ашып, онда да жаңаөзендіктерге 10 пайыдық квота қарастыру жоспарланған еді. Тіпті нақты мерзімі де бекітілген: зауыт құрылысын 2017 жылы аяқтау көзделді. Ақыры не болды?

Бірден айталық, мемлекет бұл жобадан бас тартқан жоқ. 2016 жылы, яғни девальвациядан кейін әзірленген жобалау-сметалық құжаттама бойынша зауыт құны 75 миллиард 739,4 млн теңгені құрайды. Оны салуға 1 500 жұмысшы жұмылдырылуы, ал толық іске қосылған соң, 1 200 адам жұмыс табуы ықтимал.

Зауыт қуаттылығы – айына 400 тонна металға тең. Кәсіпорын жылына салмағы 15 мың тонна болатын 1 кеме немесе төмен сыныпты 9 кеме жасайды деп күтілуде. Онда жылына 70-ке дейін кеме жөнделеді деп жазылған. Зауыт құрылысы – 3 жыл, ал пайдалану мерзімі – 40 жыл. Жобаға "ҚМГ" – 45%, "Эни" – 45%, "Кеме верфінің халықаралық операторы" – 10% үлесімен қатысады деп болжанған. Бірақ өткен жылы елбасының тапсырмасына сәйкес және италиялық "Эни" мұнай-газ компаниясының жаңа ұсыныстарын есепке ала отырып, "ҚазМұнайГаз" бен "Эни" "Исатай" және "Кеме верфі" жобалары жөніндегі базалық келісімдерге өзгерістер енгізу бойынша бірлескен жұмысты бастады. Қазіргі кезде италиялық компаниямен бірге "Кеме верфін" салуға және пайдалануға арналған тендерлерге дайындық жүргізілуде екен.

Өлкеге қытайлық инвесторларды да тартуға талап жасалған. Нақтырақ айтсақ, "Медикал Фарм Ча-Кур" ЖШС жаңаөзендіктерге квота ұсына отырып, Ақтау қаласында сұйық дәрілер түрі мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын фармацевтикалық кешен тұрғызбақ болған. Мердігерлер 2016 жылы кешенде жөндеу жұмыстарын аяқтауы және іске қосуы керек еді. Алайда, қытай мамандары үшін виза алу проблемасының тууына байланысты жұмыс аяқталмай қалады. Мердігердің шарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты, онымен қатынас тоқтатылған.

Ұлттық экономика министрі сонымен бірге, "Халық банкі" де қаржыландыруды тоқтатқанын хабарлайды: "Жобаны қаржыландыруды қайта бастау туралы мәселе қаралған болатын. Алайда, "Халық банкі" орындалмайтын шарттар қойып отыр, олардың талабы жобаны шамамен 1 млн долларға қымбаттатып жібереді. Бүгінде компанияда жобаны қаржыландыру көздері жоқ. Ол жобаны жалғастыру үшін 1 млрд 70 млн теңге мөлшеріндегі өз ақшалары есебінен жұмыстарды жүргізуге мәжбүр болды. Бірақ бұл қаражат жобаны аяқтауға жетпейді. Қаржыландыру ұсынылмаса, жобаның іске асырылмау қаупі бар".

Ең үлкен үміт "Кендірлі" теңіз демалыс аймағымен байланысты болып еді. Себебі, онда жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 50%-ын Жаңаөзен тұрғындарына беру жүктелді. Бұл жерде "Кендірлі" курортында шамамен 3 000 жұмыс орнын ұйымдастыру жоспарланған.

Инвестициялар және даму министрлігі "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, 2014 жылдан бері мүдделі инвесторлармен және девелоперлермен жаңа қазақстандық курорттық аймақты дамыту бойынша келіссөздер жүргізуден шаршамауда. Солар арасынан әзірге тек "CESA Investment" және "Analoga GmbH" неміс инвестициялық компаниялары Кендірлідегі теңіз курорты жобасын іске асыруға қызығушылық танытқан. 2016 жылғы сәуірде бұл неміс компанияларының өкілдері Маңғыстау облысына келіп қайтыпты. 2017 жылғы мамырда "ChironGmbh" компаниясының өкілдері Кендірлі аймағында жасыл технологияларды және жаңартылатын энергияны пайдаланатын курорт қала салуға мүдделі екендерін растапты. Қазір инвесторлар өз шарттарын қойып, оны мүдделі меморгандардың бірге қарауда. Бірақ істің қашан басталары тағы белгісіз.

Оның үстіне Каспий жағалауында жаңа курорттық қала бой көтеруі үшін қаншама түйткілді мәселе шешімін табуы қажет. Мәселен, халықаралық "Кендiрлi" әуежайын салу, "Окарем-Бейнеу" газ құбырын тарту, Кендірліде су тұщыту зауытын тұрғызу, курортты демалыс аймағының он мың текше метрлiк кәрiздiк-тазарту жүйесін тарту, газдандыру, автокөлік жолдарын төсеу, трансформаторлы 110/6 кВ жаңа қосалқы стансасын іске қосу және басқалары бар.

Сондай-ақ жаһан жұртшылығы үшін тартымды болар көпжұлдызды қонақүйлер мен туристерге арналған инфрақұрылымды түзу жұмыстары өз кезегін күтіп тұр.

Демек, Каспий жағалауындағы осы курорттық шаһардың ашылуын күткен қазақстандықтарға ары қарай да сабыр сақтай тұруға тура келеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу