"ҚМГ" нарыққа қосымша бензин жеткізбек

1371

15 қазаннан бастап "ҚазМұнайГаз" жанар-жағармай құю бекеттері (АЗС) желісі бензинді шектеусіз сата бастайды.

"ҚМГ" нарыққа қосымша бензин жеткізбек

Еліміздегі ең соңғы бензин дағдарысы отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы жаңғырту жұмыстары аяқталар тұста орын алған еді. Естеріңізге сала кетейік, осыған байланысты 10 қазанда өткен үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевты қызметінен босатқан болатын.

Сонымен қатар үкімет басшысы энергетика министрі Қанат Бозымбаев (министрлерге сөгісті ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев береді) пен "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа (сөгіс беру "Самрұқ-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің құзыретінде) сөгіс жариялау туралы бастама көтерген болатын.

Министрлер кабинетінің отырысында Қанат Бозымбаев атап өткендей, мамыр айында Павлодар мұнай-химия зауытының басшылығы жоспарлы жөндеу жұмыстарын маусым айынан қыркүйекке ауыстыру туралы өтініш білдірген болатын. Бұл ретте, зауытты жаңғырту жұмысына қажетті құрылғыларды жеткізушілер жерге қаратып кетті. Осыдан соң, кәсіпорын басшылығы жаңа құрылғыны жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған кезде іске қосуды жөн көрген еді. Себебі өндірісті екі мәрте тоқтату қай жағынан болмасын тиімсіз.

"Басты себеп – Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу уақытының ауыстырылуы. Осыдан соң отандық бензин өндірісі сәл азайды және бағасы қымбат ресейлік сұйық отынның үлесі артты", – деген болатын Қанат Бозымбаев.

Қазіргі уақытта қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеу жұмыстары олардың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарын қысқы және жазғы уақытта жүргізуге болмайды. Яғни, ауа температурасы қолайлы емес. Себебі технологиялық циклдардың бұзылуы апаттық жағдайға алып келуі ықтимал. Зауыттарды модернизациядан өткізу экологиялық тұрғыдан жоғары сапалы өнім алуға ғана емес, жөндеу уақытын үш жылдық мерзімге ауыстыруға мүмкіндік береді.

"Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу мен жаңғырту жұмыстары әу баста айтылған мерзімде атқарылғанда, қыркүйек айында бензин қоры айтарлықтай азая қоймас еді және жағдайды реттеуге мүмкіндік бар еді. Сонымен қатар ойдағыдай аяқталған жаңғырту жұмыстары АИ-92 бензинін айына 35 мың тоннаға дейін, шілде-қыркүйекте 100 мың тонна өндіруге мүмкіндік беретін еді", – деп толықтырды Қанат Бозымбаев.

1 маусымда АИ-92 бензинінің жалпы қоры 292 мың тоннаны құраған болатын. Бұл елімізде бір айда тұтынылатын бензин көлемімен бірдей еді. Алайда жаз соңына қарай АИ-92 бензинінің қоры 140 тоннаға дейін азайды. Бұл ішкі сұранысты тек жары ай уақыт қана қамтуға жеткілікті еді.

Әдеттегідей, Қазақстан сұранысты өтеу үшін Ресей Федерациясынан өнім импорттай бастады. Шамамен республикаға қажетті көлемнің үштен бірі солтүстіктегі көршімізден жеткізілді. Алайда бұл жолы нарықтағы компаниялар Ресей бензинін импорттауға асықпады. Себебі Ресейдегі АИ-92 бензинінің көтерме саудадағы бағасы едәуір шарықтап кеткен болатын.

"Жазда Ресей Федерациясынан импортталатын АИ-92 бензинінің үлесі азайған болатын. Бұған Қазақстан мен Ресей шекарасындағы баға 517 доллардан 573 долларға дейін өсуі себеп болды. Сондай-ақ бір уақытта теңгенің долларға қатысты бағамының 314-тен 340-қа дейін өсуі де өз әсерін тигізді", – деді Қанат Бозымбаев.  

Мұндай жағдай импорт көлемінің төмендеуіне алып келді. Осы жылдың алғашқы бес айында ай сайын 90 мың тонна өнім жеткізіліп келген еді. Ал жазда импорт көлемі айына 35-50 мың тоннаны құрады. Бұл ретте шекарадағы баға да импортталатын бензинның тоннасына 160 теңгеден 196 теңгеге дейін шарықтады.

Мұндай жағдай бола тұра, жанар-жағармай құю бекеттері бағаны өсіруге асықпады. Себебі олар ҚР ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті тарапынан "қуғынға" ұшыраудан қорықты.

"Бүгінде ішкі нарықтағы АИ-92, АИ-93 бензиндерінің импорттық бағасы әр өңірге байланысты 150-155 теңге аралығында құрылып отыр. Бөлшек саудадағы бағаны өсірген жанар-жағармай құю бекеттеріне қатысты әкімшілік іс қозғау тәжірибесін ескере отырып, нарық қатысушылары импорттық өнім көлемін арттыруға асықпады. Себебі олар кезекті рет әкімшілік айыппұл арқалаудан қорықты. Осылайша, бұл жағдай ішкі нарықтағы жеткізілімдердің төмендеуіне алып келді", – деді энергетика министрі. 

Осы орайда монополияға қарсы мекеме өкілдері бұған дейін алынған өнімдерді ескі бағамен сатуды талап етті. Осының нәтижесінде нарық қатысушылары ресейлік қымбат бензин импортына қарай икемделе бастады.

9 қазан күні мұнай базаларында 138 мың тонна бензин бары анықталды. Жағдайды реттеу үшін мұнай өңдеу зауыттарына қоры аз жанар-жағармай құю бекеттеріне басымдық беру ұсынылды.   

"Осылайша, қазан айында республика бойынша АИ-92 бензинін тұтыну көлемі 280-288 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. Егер 160 мың тоннаны өз зауыттарымыз өндірсе, онда 100-120 мың тоннаны импорттауға тура келеді. Бұл жалпы көлемнің шамамен 40%-ы. Қараша және желтоқсан айларында АИ-92 бензинін өндіру тиісінше 236 және 266 мың тоннаны құрамақ. Ал импорт үлесі 20%-ға дейін кемиді", – деді Қанат Бозымбаев.

Бұл ретте, энергетика министрлігі монополияға қарсы мекемеге соңғы тексерулер барысында ресейлік қымбат бензиннің импортын ескеруді ұсынды.

"Бұл қазан айында жанар-жағармай импорты бойынша нарық қатысушыларының жұмысын реттеп алуға мүмкіндік береді", – деді Қанат Бозымбаев.

Павлодар мұнай-химия зауыты мен Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңғырту жұмыстары қараша айында аяқталады. Демек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан түсті мұнай өнімдерімен толықтай 100 пайыз қамтамасыз етіледі деген сөз. 

Қазақстан мен Ресей арасындағы бөлшек саудадағы бензиннің бағасында айтарлықтай айырмашылығы бар. Сондықтан "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев табиғи монополияларды реттеу комитеті тек қана отандық мұнай өңдеу зауыттарының ғана емес, импорталатын өнімнің бағасын да ескеруі тиіс деп есептейді.

"Импортқа қатысты мынаны айтқым келеді. Импортқа қатысты біздің өзара келісілген жоспарымыз болды. Алайда қыркүйек айында монополияға қарсы комитет бізге 500 млн теңгеге айыппұл салды", – деді Сауат Мыңбаев.

Бұл ретте, ішкі нарықтың 15%-ын алатын "ҚазМұнайГаз" бағаны белгілеуде ірі қатысушылармен бір екенін айту керек. Қазақстандағы 4,5 мың жанар-жағармай құю бекеттерінің шамамен 340-ы "ҚазМұнайГаз" брендімен жұмыс істейді. 

"Сондықтан өнімнің зауыттардағы өзіндік құнын ғана емес, бензин Ресей Федерациясынан қандай бағаға импортталып жатқанын есепке алу керек. Мәселен, қайта есептегенде Ресейдегі бензин бағасы 220 теңге тұрады. Ал бізде – 150 теңге. Ал мұндай қымбат бензинді кімдер әкелуі мүмкін? Біз тоқтадық. Біз ғана емес барлық ірі желілер тоқтады. Дефицит деген осы", – деді Сауат Мыңбаев. 

Қазан айында монополияға қарсы мекемемен қол жеткізілген келісімге сәйкес, АИ-92 бензинінің құнын белгілеу кезінде ресей импорты ескерілетін болады. 

"Дәлдік үшін мынаны айтайын. Астанада бензин бір тұтынушыға талонмен, карточкамен 20 литрге дейін шектеусіз берілуде. Импорттық өнім келетін күн жақын. 15 қазаннан бастап Астанадағы өз бекеттерімізден шектеудің бәрін алып тастаймыз", – деді Сауат Мыңбаев.

Айтпақшы, бұған дейін отын тапшылығы кезінде "ҚазМұнайГаз" Ресейден әлдеқайда қымбат АИ-92 бензинін әкелуге және қазақстандық жанар-жағармай құю бекеттері желісі арқылы шығынмен сатуға мәжбүр болған еді.

 Атап өтерлігі, АИ-92-нің бөлшек саудадағы бағасы Ресейде ғана емес, Өзбекстан (305 теңге/литр) мен Қырғызстанда (204 теңге/литр) да қымбат.

Мұндай жағдайда "ҚазМұнайГаз"-дың ресурстарынан шикі мұнайды шетелге экспорттайтын және халықаралық нарықта сауда операцияларын жүргізетін эксклюзивті опеаратор саналатын компанияның еншілес кәсіпорны – KMG International – KMG Trading тұңғыш рет Қазақстан нарығына жанар-жағармай әкелмек.

KMG Trading бұған дейін Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізген емес. Соған қарамастан аз уақыт ішінде Қазақстанға отын әкелуді ұйымдастыру үшін мүмкін болған шаралардың бәрі қолға алынды. Қазіргі уақытта KMG Trading 35 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізу туралы келісімшартты бекетті. Келер аптада алғашқы өнім де жеткізілмек. Өнімдер Қазақстанның әр аймағынан тарайтын болады.  

Бұдан бөлек, KMG Trading өз серіктестерімен Қазақстанға қосымша өнім көлемін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл бірінші кезекте елдегі жағдайды реттеу үшін қажет.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу