"Көмек кіре алмайды, кірсе – шыға алмайды"

3632

Мәскеу жариялаған "гуманитарлық үзіліс" қырғынды тоқтата алмады.  

"Көмек кіре алмайды, кірсе – шыға алмайды"

Сирияның Шығыс Гута ауданында "гуманитарлық үзілістің" басталғанына екі күн болды. Бірақ,  гуманитарлық дәліздерді пайдаланып, бұл анклавтан бірде-бір бейбіт тұрғын кеткен жоқ. Халық армияның қоршауындағы аудан аумағынан шықсақ, оппозицияны қолдағанымыз үшін биліктің жазасына ілігеміз дейді. Ал, РФ президенті Владимир Путиннің сөзінше, елді Шығыс Гутадан шығармай отырған – көтерілісшілер. Сонымен қатар, Кремль басшысы мұндай жағдайға "шексіз төзе алмайтынын" ескертті.

Ресей Сирияның Шығыс Гута ауданында "гуманитарлық үзілісті" сейсенбі күні жариялады. Тәулігіне бес-ақ сағат: таңғы 9-дан түскі 2-ге дейін. Бірақ, ымыра басталғаннан кейін көп кешікпей үкімет әскерінің ұшақтары әуеге қайта көтеріліп, оппозицияның Дамаск маңындағы соңғы ауданына аспаннан соққы бере бастады. Бұл операция сәрсенбі күні бір тоқтап, қайта жалғасты.

Мәскеу мен Дамаск бітімнің орындалмауына көтерілісшілерді айыптап отыр. Өйткені, олардың сөзінше,  Шығыс Гутадан кетуге асыққан бейбіт халыққа оппозиция күштері артиллериялық қарумен оқ жаудырып жатыр. Бірақ, көтерілісшілер мұны жоққа шығаруда. Ал, америкалық генералдардың мәлімдеуінше, Кремль Асадты тоқтата алмағандықтан, біріншіден,  "от көсеушіге" екіншіден, "өрт сөндірушіге" айналды.

Бес сағаттық ымыра
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдегендей, Шығыс Гутаға гуманитарлық дәліз арқылы көмек жеткізу үшін Мәскеу атысты күнделікті тоқтату туралы жоспарды жүзеге асыруға күш салып отыр.

Бірақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мақсатқа жетудің мүмкін еместігін алға тартып, бейбіт халыққа жәрдем беру  немесе оларды эвакуациялау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің өткен сенбідегі резолюциясына сай 30 күндік ымыра жариялауды ұсынды.

"Шығыс Гутада атыс жалғасып жатыр. Анығы сол, оған құрлықпен гуманитарлық көмек кіре алмайды, кірсе – шыға алмайды",  – дейді БҰҰ-ның осы мәселе жөніндегі өкілі Йенс Лаэрка. Ал, Халықаралық Қызыл Крест ұйымы өкілдерінің айтуынша, оның қызметкерлері адамдарға жәрдемдесу мақсатында Шығыс Гутаға енуге әзір. Бірақ, бес сағаттық ымыра тым аз.

"Гуманитарлық дәліздер жақсы жоспарланып, соғысушы тараптардың келісімімен ашылып, Гутадан бейбіт халықтың өз еркімен кетуіне рұқсат берілуі керек", – дейді Қызыл Крестің Таяу Шығыстағы директоры Роберт Мардини.

"Гуманитарлық үзіліс" кімге керек: армияға ма, бейбіт халыққа ма?
Мәскеуде Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дрианмен кездесуде Лавров  "гуманитарлық дәліз гуманитарлық көмек жеткізу, медициналық эвакуация (шұғыл дәрігерлік көмекке мұқтаж адамдарды әкету – авт.) және бейбіт халықты қарулы жанжал жүріп жатқан аудандардан шығару үшін қажет" деп мәлімдегенді. Алайда,  оппозициялық Сирия уақытша үкіметі Денсаулық сақтау министрлігінің жергілікті өкілдігінің сөзінше, Ресей жариялаған ымыра ақпанның 24-де БҰҰ жариялаған 1-айлық бітімді айналып өтуді мақсат тұтады.

"Егер Ресейді Шығыс Гутаның бейбіт халқы алаңдатса,  ол қалаларды бомбалауды доғарып, Асад режимін қырғынды тоқтатуға көндірер еді", - дейді Сириядағы қарулы топтардың бірінің лидері Мұхаммед Алуш. 

Оппозицияға сенсек, Кремль тұрғындарды, тіпті көтерілісшілерді анклавтан кетіріп, кетпегендерін талқандап, Гутаны біржолата үкіметке алып беру үшін "гуманитарлық үзілісті" жариялап отыр. Айта кетсек, 2016 жылы Сирия армиясы Алеппоны аларда да Мәскеудің дәл осылай ымыра жариялағаны бар.

Шығыс Гутада мұздай қаруланған сан мың көтерілісші бар
Гута үшін шайқас бүгін-ертең аяқталмауы мүмкін. Өйткені, мұнда Асад әскерімен және оның Ресейге, Иранға сүйенген одақтастарымен мұздай қаруланған сан мың адам соғысып жатыр. Олардың көпшілігі – жергілікті халық арасынан шыққан көтерілісшілер. Саны – 20 мыңнан кем емес. Соның ішінде "әл-Каидамен" байланыстағы "Левантты азат ету комитеті" деген топтың да жүздеген мүшесі бар. Бірақ,  "Ислам армиясы", "Файлах әр-Рахман", "Ахрар әш-Шам" атты оппозициялық қарулы ұйымдар бұл топтың мүшелерін және отбасыларын алдағы 15 күнде өз қатарынан аластататынын ескертті.  Өйтпеген жағдайда, Асад армиясы Шығыс Гутада  "Левантты азат ету комитеті" тәрізді "террористер" де жүр деп, авиациялық соққыны жалғастыра беруі мүмкін. "Сол үшін үкімет әскері "левантшылдарды" Гутадан әдейі шығармай отыр", - дейді "Ислам армиясының" өкілдері.

Шығыс Гутада Алеппоны азат ету тәсілі қолданылуы мүмкін
Ел астанасының іргесіндегі Шығыс Гута ауданында шамамен 20 шақты елді мекен мен фермалар бар. 8 жылға жақынған азаматтық соғыстан кейінгі халқының саны – 400 мыңға жуық. Олар жантүршіктірер жағдайда күн кешіп жатыр: мұнда жарық та, су да, азық-түлік пен дәрі-дәрмек те таусылуға жақын. "Шығыс Гута әрі қарай күте алмайды. Жер бетіндегі мына тозақты тоқтататын кез жетті", - дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш.

Үкімет әскері осыдан он шақты күн бұрын бұл ауданды алу жолындағы шешуші ұрысқа кірісті. Содан бері кемінде 600-ге жуық адам тура мағынасында аспаннан жауған бомбаның астында қалып, жан тәсілім етті. Мыңдаған тұрғын жараланды. Құрбандардың арасында әйелдер мен балалар да көп.

Асад армиясы Гутаны 5 жылдан бері қоршауда ұстап тұр. Бірақ, көтерілісшілер оны қолдан бермек емес.

"Рейтердің" хабарлауынша, қазір Асад армиясы Шығыс Гутаны алу үшін 2016 жылдың соңында Алеппоның шығысын қайтарарда қолданған әскери тәсілін қайталауды ойластырып жатыр.

Соңғы екі аптада Сирия әуе күштері қоршаудағы анклавты бомбалау операциясын үдете түсті. Ендігі кезекте – оппозицияның қорғанысқа қауқарын сынау үшін үкімет Шығыс Гутаға жаяу әскер кіргізуі мүмкін. Ал, мұндай операцияны тоқтатуы тиіс халықаралық қысым осал.

Асад армиясы авиациялық шабуылдарды күшейткен сайын, оппозиция  Шығыс Гутадан биліктің бақылауындағы Дамасктің кварталдарына снаряд жаудыруды жиілетті. Соның салдарынан кейінгі 4-5 күнде Сирия астанасында 36 адам мерт болды.  Дамаск пен Мәскеу осындай шабуылдарды тоқтату үшін де көтерілісшілерге авиасоққы берілуге тиіс деп есептейді.

Химиялық қару қолданылды деген күдік бар
Авиациялық соққылар өз алдына. Батыстың атын атмаған кейбір дипломаттарының мәліметінше, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым Шығыс Гутадағы шабуылдарға қатысты тергеу бастады. Сондағы мақсат –мұнда залалды материалдар қолданылды ма деген сауалға жауап табу.

Франция, Құрама Штаттар, Ұлыбритания лидерлерінің өткен айда жасаған мәлімдемелеріне сенсек, егер Башар Асад армиясының химиялық қару пайдаланғаны расталса, Батыс Дамаскке қарсы әскери шара қолданбақ. Бірақ, Асад үкіметі де, Ресей де қарсы жаққа хлоринмен шабуыл жасалмағанын мәлімдеп отыр.

Айта кету керек, 2013 жылы Шығыс Гутадан химиялық шабуылдан жүздеген адам қаза тапты. Ал, жексенбі күні мұнда белгісіз қарудан бір бала қайтыс болды. Оның өліміне хлорин газы себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Әркімнің өз мүддесі бар: Сирияда кімдер-кімдермен соғысып жатыр?
Сирияда көпжақты азаматтық соғыстан жүздеген адам қаза тауып, 23 миллион халықтың жартысы үйлерін тастап кетті. Әскери жанжал биыл бірнеше бағытта өршіді. "Даиш" жеңіліске ұшырап, қарулы қақтығыстар енді сириялықтар мен шетелдіктер арасында жүріп жатыр.

Мәселен, Асад әскері мен оның одақтастары Шығыс Гутаны шабуылдауға кіріссе, Түркия армиясы осы елдің солтүстігіндегі күрд жасақтарын жою үшін Африн ауданына басып кірді. Және де Теһранның Сириядағы ықпалының артуына алаңдаған Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс те күшейіп келеді. Жақында Сирия әуе күштері Иранға сүйенген содырлардың позицияларын бомбалап қайтқан Израильдің F-16 ұшағын құлатып түсірді. Ал, Идлибте көтерілісші топтар бір-бірімен соғысып жатса, АҚШ бастаған халықаралық коалиция елдің шығысында "Даиштың" қалған бекіністерін аспаннан атқылауды әлі тоқтатқан жоқ.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу