"Қуаныш" қарсы алып, "Сәуле" кеңес береді

8972

"Қазпоштаның" елордадағы цифрлық кеңсесінде азаматтарға роботтар қызмет көрсетеді. 

"Қуаныш" қарсы алып, "Сәуле" кеңес береді

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын соңды мұндай "ноу-хау" болған емес. Осы күнге дейін біз шетелдегі технологияларға қызығып: "оларда анадай бар, мынадай бар" деп тамсанатынбыз. "Қазпоштаның" ілкімді ізденісі мен жаңашылдыққа деген талпынысының нәтижесінде енді өзіміз: "біздерде мынадай бар, мынадай бар" дейтін дәрежеге жеттік. 

Елімізде жүзеге асырылып жатқан трансформация бағдарламасының жаңа кезеңіне көшкен "Қазпошта" тағы да тыңға түрен салып, қызмет көрсету саласына роботтар мен заманауи технологияны жұмылдырды. Бұл туралы "Қазпоштаның" Астанадағы цифрлық кеңсесінің ашылу салтанатында мәлім болды.

Ресми рәсімге арнайы келіп қатысқан премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов цифрлық кеңсенің жұмысын таныстырды.

Сәкен Сәрсеновтың сөзінше, цифрлық кеңседе гибридті банкоматтар, электронды кассир, поштамат және VR-агент қызмет көрсетеді. "Қазпоштаның" болашақ кеңселерінде клиенттер пошталық және қаржылық қызметтерді өздері атқара алады. Сондай-ақ бұл жерде post.kz сайты қызметінің барлық түрін қолдануға болады. Яғни мұнда азаматтарға ақша аудару, коммуналдық төлемдерді, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдарды төлеу, әуе және теміржол билеттерін сатып алу және басқа да қызметтерді пайдалану мүмкіндігі берілген.

"Қазпошта" өзін клиенттерге жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге жағдай жасайтын ең соңғы заманауи технологиялық шешімдерді таратушы ретінде танытып келеді. Қазір біз электронды коммерцияны қарқынды дамытып жатырмыз. Бөлімшелерді жаңартып, көптеген сервистерімізді онлайн-форматқа көшірудеміз. Біз адамдарға роботтар мен заманауи техникалар  қызмет көрсететін цифрлық кеңсе аша отырып, еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыруға атсалысудамыз", – деді басқарма төрағасы.

Бұдан кейін Сәкен Сәрсенов Асқар Жұмағалиевке цифрлық кеңседе қызмет көрсететін роботтарды таныстырды.

Көзбен көріп, құлақпен естігеніміздей, цифрлық кеңсеге келген әрбір адамды Қуаныш атты робот қарсы алып: "Қазпоштаның" цифрлық кеңсесіне қош келдіңіздер!" деп ілтипат білдіреді. Ал Сәуле азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдап, оларға кеңес береді. Осы турасында ІТ-сәулет бойынша департамент директоры Бақтияр Мұхаметқалиев: "Сәуле деген робот-кеңесші клиенттерді толғандыратын маңызды сұрақтарға жауап береді.Төлемді қалай жүргізуге болады, банк картасы қалай рәсімделеді деген сияқты 100 сұрақтың жауабын Сәуледен білуге болады. Алдағы уақытта робот-кеңесшінің қызмет аясы кеңейеді, ол бұдан да көп сұраққа жауап беріп, қазіргіден де көп кеңес беретін болады". 

Бақтияр Мұхаметқалиевтің сөзінше, Қуаныш есімді роботтың қызметі азаматтарды қарсы алумен шектелмейді.

"Қуаныш адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысады. Сіз оған өзіңізді бір рет таныстырсаңыз жеткілікті, ол есіміңізді есіне сақтап алып, сізбен әңгімелесе береді. Тіпті келесі күні цифрлық кеңсеге қайтып келсеңіз, сізді жазбай таниды. Бұған қоса ол ауа райы, қайда тұрғаныңыз және Wi-fi паролінің өзгергені жайлы мағлұмат бере алады", – деді департамент директоры.

Айтпақшы цифрлық кеңседе адамдар әдеттегідей "Қазпошта" қызметкерлерінің емес, гибридті банкоматтар мен электронды кассирдің сонымен қатар поштамат пен VR-агенттің көмегіне жүгіне алады. Мұнда электронды кассир арқылы кәсіпкерлерге бірегей қызмет ұсынылады.

Банк пен инкассатор қызметінің баламасы болып табылатын электронды кассир 100 млн теңгеге дейін қабылдайды. Банк карточкасында ақшасы бар кез келген адам электронды кассирдің қызметін пайдалана алады.

Электронды кассир ақшаны өзі санап, купюралар бойынша іріктейді және транзакция аяқталған соң клиентке түбіртек береді. Қолма-қол ақша беруде де электрондық кассир дәл осылай жұмыс істейді.

"Қазпоштадағы" тағы бір жаңашылдық – гибридті банкомат. Ол төлем картасына тапсырыс беруге және оны алуға көмектеседі. Болашақта бұл қызметте саусақ пен бет-әлпет бойынша биометрикалық верификациялау жүйесі іске қосылады. Сол кезде есепшоттан қолма-қол ақшаны карточкасыз алу мүмкіндігі туады.

Цифрлық кеңседе гибридті банкоматпен қатар, классикалық банкоматтар мен төлем терминалдары қойылған. Олар айыппұлдарды төлеуге және шетелге шығуға қойылған шектеуді алып тастауға мүмкіндік береді. Клиенттерге ЖСН енгізу арқылы мойнында берешектің бар-жоқ екенін тексеріп, төлем жасауларына болады.

5 минутта клиенттің берешегін төлегені туралы ақпарат ҚР Әділет министрлігінің деректер базасына түседі де, 30 минуттан соң елден тысқару шығуға салынған шектеу алынып тасталады. Мұндай терминалдар еліміздің 8 әуежайында орнатылған.  Келер жылы ел бойынша тағы 120 терминал қойылады. Ал Астанадағы цифрлы кеңсе болашақта еліміздің басқа қалаларында да ашылады.

Жадыларыңызды жаңғыртайық, "Қазпошта" ел аумағында пошталық,  қаржылық, логистикалық қызмет көрсететін пошта байланысының ұлттық операторы. 22 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған алпауыт компания Дүниежүзілік пошта одағының мүшесі.

Пошта желісі бизнес пен халық үшін электрондық сауданы, көлік-логистикалық сервисті сонымен қатар қаржылық қызметтерді дамытудың тиімді құралы болып табылады. 2014 жылы "Қазпошта" алғашқылардың бірі болып пошта қызметін трансформациялау үдерісіне қатысты. Трансформациялау бағдарламасының аясында компанияда жаңғырту және сапалы қызмет көрсету үдерісі белсенді жүріп жатыр.

"Қазпошта" АҚ қарапайым тапсырысты, құнды жазбаша және почталық жөнелтілімдерді жіберу, қомақты және ауыр салмақты жүктерді республика ішінде жөнелту мен жеткізу, арнайы байланыс, жедел пошта қызметі (EMS қызметі), газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу, постамат қызметі, сәлемдемелер супермаркеті сынды пошталық қызмет түрлерін ұсынады. Бұған қоса коммуналдық төлемдер, салық және басқа да төлем түрлері, ақша аударымдары, депозит салымын қабылдау, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу, жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, әуе және темір жол билеттерін сату, несие (Банк ХоумКредит арқылы) төлеу, несиелік бюро, трансфер-агенттік, шетелден интернет-дүкен арқылы тапсырыс қабылдау сияқты қызметтерді көрсетеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу