"Курокава Қазақ елін көшпенділердің өр рухын сақтаған ел деп санайтын"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9885

Кишо Курокаваның шәкірті, сәулетші Юджи Имайо Астананың сәулетіне жапон сәулетшілері өз қолтаңбаларын қалдырғанын туған халқы мақтан тұтатынын айтты.

"Курокава Қазақ елін көшпенділердің өр рухын сақтаған ел деп санайтын"

Аты дүниежүзіне мәшһүр архитектор, Қазақстанның елордасының тұңғыш бас жоспарын жасаушы Кишо Курокаваның (Kisho Kurokawa, Қазақстанда бұрын оны "Кисе Курокава" деп атап келген) дүниеден өткеніне де он жылға жуық уақыт өтті. Бірақ қазіргі кезде оның ісі мен ізін жалғастырушылар бар. Курокаваның Астананың бас жоспарын жасауға тікелей қатысқан шәкірті, халықаралық І-ші сыныптағы архитектор, дизайнер, құрылыс менеджері, "Imayo creation" атқарушы директоры Юджи Имайо (суретте: оң жақта) Астана күні қарсаңында бас қаламызға келді.

– Мен Қазақстанға келген әр сапарымда қаланың дамуын аса қызығушылықпен және сүйсініспен бақылаймын. Астананың "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізу орталығы ретінде таңдалуы сіздердің елдеріңіздің әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алғанын дәлелдейді. Астана өзіне әлемдегі үздік инновациялық технологияларды шоғырландыра отырып, жақын арада адам тұруға қолайлы қалалар тізіміндегі көшбасшы тұғырлардың біріне көтеріле және болашақтың мегаполисіне айнала алады,– дейді Юджи Имайо.

Ол Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш рет өз бетімен таңдаған жаңа астанасын тұрғызуға қатысты өз идеяларын түсіндіру үшін Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш қалай кездескендерін еске алады.

– Курокава Қазақстанға бірінші рет келгенде, мен оның ассистенті болатынмын. Ол кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы Алматыда орналасқан. Бізге президент мырзаның қабылдауына кіру мезетін қонақүйде үш күн күтуге тура келді. Ақыры бізді қабылдауға шақырды, одан соң резиденциядағы қабылдауды күту бөлмесінде тағы бес сағаттай күттік. Бірақ бұл күтуге тұратын да еді. Курокава екеуміз Назарбаев мырза үшін болашақ Астананың жаңа бет-бейнесінің тұсаукесер-презентациясын өткіздік. Қазіргі кезде тұтас бір елдің жаңа астанасының іргесін қалауға жапон сәулетшілерінің өз қолтаңбаларын қалдырғанын тек біз ғана емес, жапон халқы мақтан тұтады.

Оның үстіне бізге елордалықтармен бірге, Астананың тақырдан дерлік қайта тұрғызылуына куә болу бақыты бұйырды.

Айта кетуіміз керек, Астананың күн сайын құлпырып, әсемдене бой көтеруі барша қазақстандықтардың, елдегі өзге де өңірлердің бойына сенім құйса керек. Тәуелсіздік алған кездегі дағдарыстардан әбден титықтаған халық бұл ғаламат жобаға үмітпен қарады. Аға ұрпақтың иығына көп ауырлық түсті ғой. Ал енді оларға жас ұрпақтың жаңа қалада, бақыт құшағында өсіп жатқанына қарап, сүйсіну қалмақ.

Қазіргі қазақстандықтардың еншісіне түскен қызық та осы: кейін дүниеге келер ұрпақтан айырмашылығы сол, қазіргі азаматтар мемлекеттің, оның бас қаласының өмірге келуіне, қалыптасуына үлес қосты, бәрін өз көзімен көрді.

1998 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы тұрғызу жобасы бойынша бүкіл әлемдегі архитекторлар арасында байқау жариялады. Оған Жапония атынан қатысқан жалғыз сәулетші Кишо Курокава болды. Ол бірден ықылас-ынта білдірді. "Қазақ елі – көшпелілер рухын сақтаған халық. Бұл елдің астанасын тұрғызу өте қызықты!" деді де, ол Қазақстаннан келген хатқа жауап жазып, шақыруды қабыл алды.

Бір ғажабы сол, содан он жыл бұрын Кишо Курокава "Көшпелілер дәуірі" деген кітап жазып шыққан болатын. Оны көшпелі халықтардың отырықшылықпен үйлесімі және болашақта ақпараттық қоғам өкілдеріне айналуы тақырыбы ынтықтыратын.

– Сол байқауға әлемдегі атақты архитекторлар қатысқаны және ғаламат жобалар ұсынғаны мәлім. Курокаваның жобасы қалайша және несімен елбасының ықыласына бөленді?

– Оның жобасының жеңіске жетуіне жол ашқан "кілт" – метаболизм концепциясы болатын. Курокава және жапондық басқа да архитекторлар ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бері осы тұжырымдаманы табанды қорғап келеді. Зат алмасу үдерістері үнемі жүріп тұратын тірі ағза секілді, қалалардың да ұдайы табиғи өсуді бастан кешетіні ескеріліп, жобалануға тиіс.

Курокава ХХІ ғасырды адамзаттың "жаппай механизацияланудан" "табиғатпен үйлесімді дамуға" көшуі дәуіріне айналады деп санады. Тиісінше, қазақ елінің жаңа Астанасы үдемелі түрде өсетіндіктен, айналма емес, жаңа "желілік тұрғызу" (оны "линейное зонирование" деп те атайды) ұсынылды. Бұл Мәскеу немесе Токиода жүзеге асырылған орталықтан шұғылалы түрде жан-жаққа тарау тұжырымдамасынан жақсырақ болып табылады. "Желілік тұрғызудың" артықшылығы сол, дамудың кез келген кезеңінде қала ядро-орталыққа тәуелсіз әрі лайықты тіршілік ете алады.

Курокава сондай-ақ дәстүр мен модерннің, жоғарғы технологиялар мен табиғат энергиясының үйлесімін кіріктіруді ойлады.    

Ол ойлап тапқан тағы бір термин – "экодәліз" болатын. Ол бүкіл қаланың ішін жасыл желекпен орап шығуды ұсынды. Ол жасыл желектің ені тіпті бір-ақ метр ғана болуы мүмкін, бірақ соларда табиғи микроағзалар өмір сүріп, қозғала алуы қажет. Ал қала сыртынан қалың орман қоршағаны жөн, сонда ол шаһарды желден қорғайды және қарлы боранда біраз ық болады. Осы экодәліз арқасында Астананың қыс кезіндегі температурасы біраз көтеріліп қалғаны байқалады, қазір бұрынғыдай күн сайынғы қырық градустық сарышұнақ аяздар азайды.

Курокава бас жоспардың қатып қалған құжат еместігін, қаланы дамытуда ХХІ ғасырдың жаңа технологиялары мен үрдістеріне сүйену керектігін айтып отыратын.

Айтқандай, кезінде біздің ұсынысымыз бойынша қазіргі кезде "Назарбаев Университеті" аумағында жапондық "тастар бағының" құрылысы жүргізілуде. Ол Жапонияның Киотосындағы Рёан-дзи храмының "тастар бағының" осында қалпына келтірілген көрінісі болып табылады. Бұл құрылыс биылғы күзде аяқталады деп күтілуде.

– Тұсаукесерді Алматыда жасаған екенсіздер, ал Астанада қашан алғаш рет болдыңыз?

– Бас қалаға қатысты мәселелермен айналысқаныммен, мен елордаға тек 2000 жылдың маусым айында алғаш рет келдім. Ол кезде елорданың Есілдің сол жағалауындағы орталығында ешқандай биік ғимарат жоқ-тын.

Кейін қыста аппақ қар бүркенген Астанаға қайта оралдым. Сарышұнақ аяз дәл бір сынағандай, бет пен қолдың терісін қариды. Қаланың жан-сарайына тереңдей үңіліп, жақынырақ танысу үшін жаяу аралауға шештім. Оның үстіне жақсы бір мейрамхананы тауып алу да ойда бар еді.

Содан елорданың президент Назарбаев тапсырмасымен тұрғызылған алғашқы жаңа шағын ауданы – Самалдан бастап, солтүстікке қарай адымдап, жан-жаққа қызыға қарап, темір жол вокзалына дейін жеттім. Өйткені Республика даңғылынан бұрылып кетпесең, соған дейін барасың ғой. Бірақ ескі орталықта да алыстан ілінер заңғар ғимараттар жоқ. Бұл Астананың алғашқы адымдары еді, мен соған куә болдым.

Содан бергі өзгерістерді шын бағалай алу үшін адам шаһардың ізашар қадамдарын көрген жан болғаны жөн. Соның бірі ретінде мен Астана даму қарқынымен таңдай қақтыратынын айта аламын.

– Кишо Курокаваның сол кезде негізін қалап кеткен идеялары мен көзқарастарына қазіргі Астана қаншалықты сәйкес келеді? Бәлкім, оның даму бейнесі сіздер күткеннен әлдеқайда басқаша бетбұрыс алған болар?

– Кишо Курокава ұсынған Астананың әу бастағы концепті қазіргі уақытта толығымен орындалды деп айтуға болады. Әрине, қалалардың бейнелері уақыт өткен сайын өзгеріп тұрады. Оның үстіне ХХІ ғасырда қаласалу саласында жаңа технологиялар мен ұстанымдар бірін-бірі жылдам ауыстыруда.

Озық дамушы елдердегі ірі қалалар орташа алғанда, әр бес жыл сайын өздерінің бас жоспарларын жаңартып тұрады. Олар замананың жаңа үрдіс-трендтеріне сай модернизацияланады. Бұл заңдылық. Сол себепті, қазіргі кезде елорданың Бас жоспарын ары қарай жетілдіру бойынша жергілікті архитекторлар жұмыс жасауда. Ал бас қалаларыңыздың бастау-қайнарында Кишо Курокава іргесін қалап кеткен Бас жоспардағы идеялар жүзеге асырылғаны байқалады.

Бақыт Көмекбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу