"Мал өсірсең, қой өсір..."

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
12142

Аша тұяқтының құлағына тағатын сырғаны да сырттан сатып аламыз.  

"Мал өсірсең, қой өсір..."

Кеңес одағы кезінде Қазақстанда 37 млн қой болған. Кейін бұл көрсеткіш күрт кеміп кетті.

Бүгінгі таңда Алматы облысында 3 млн-нан астам қой бар. Алайда оның еті экспортқа шығаруға сай емес. Себебі сыртқы нарықтағы бәсекелестігі төмен. 

Қойдың санын өсірумен қатар сапасын жоғарылату үшін үкімет "Алтын асық" бағдарламасын қабылдады.

2010 жылы ғалымдар республика бойынша қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасады. Оны жүзеге асыру үшін былтыр республикалық қой шаруашылығы палатасы құрылды.

"Қой шаруашылығы палатасы ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылға дейінгі қой шаруашылығын дамыту, оның өнімдерін өңдеу туралы шеберлік жоспары шеңберінде пайда болды. Палатаның жарғысы елбасының 2015 жылдың желтоқсан айындағы "Қазақстан Республикасы бойынша қой шаруашылығы палатасын құру туралы" жарлығында көрсетілген талаптарға сай", – деп түсіндірді республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы Тынышбай Досымбеков.

Қой шаруашылығы палатасы "биязы жүн", "биязылау жүн", "қылшық жүн", "ұяң жүн" деп бөлінетін қой өнімдеріне қатысты 4 палата құрып, барлығын бір орталыққа біріктірді. Осыдан соң елімізде өсіріліп жатқан қойдың бүгінгі жағдайын сараптады. Палатының  ақпаратына сенсек, еліміздегі 18 млн қойдың 11 миллионы ауыл тұрғындарының қолында. 734 мың қой ірі шаруа қожалықтарына тиесілі. 6 млн қой шағын шаруа қожалықтарына тиесілі. Бұл – экспортқа 6 млн ғана қой еті шығарылуы мүмкін деген сөз. Себебі  жергілікті жердегі тұрғындар ауласындағы бес-он қойын асылдандыруға бас ауыртпайды. Олар қойды асылдандырып, әбігер болғанша, сатып, түскен табысын тұрмысқа тұтынғанды дұрыс көреді.

"Қой шаруашылығының өнімділігіне тоқталсақ, 1990 жылы 284 мың тонна, 2015 жылы 164 мың тонна қой еті өндірілген. Ғалымдардың мәліметінше, қазақтар жылына 48 келі ет жейді екен. Оның 10 келіге жуығы қойдың еті болуы керек. 164 мың тонна етті 17 млн тұрғынға шағатын болсақ, Қазақстанда өндірілетін қой еті шкі сұраныстан артылмай тұрғанын аңдау қиын емес. 2015 жылы 100, былтыр 191 тонна қой еті экспортталды. Осыдан-ақт қой шаруашылығы экспортқа соны серпін бермейтінін түсіне беруге болады", – дейді ҚазҰҒА мүшесі, академик, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, қой шаруашылғы палатасының мүшесі Төрехан Сабырқұлов.

Кезінде Алматы облысының аумағында қой жүнін алғашқы өңдеуден өткізетін 5 кәсіпорын болды. Талдықорғанда, Қаратал, Райымбек аудандарында жүнді алғашқы өңдеуден өткізетін, түбіт түтетін кәсіпорындар, Талғарда киіз басатын фабрика, Жамбыл ауданында Қарғалы шұға комбинаты жұмыс істеді.  Бұл кәсіпорындар неліктен тоқырауға ұшырады?  Ең бірінші мәселе – қой жүніне деген сұраныс төмендеп кетті. Өйткені қазіргі кезде киімнің басым бөлігі синтетикалық материалдан тоқылады.

Бүгінгі таңда елімізде жылына 37 мың тонна жүн өндіріледі. Бұл жүннің 5500 тоннасы шетелге кетеді, 5500 тоннасы өзімізде өңделеді, ал 26 мың тоннасы кәдеге жарамай қалады. Бұған қоса қой терісінің 99,8%-ы далаға тасталады.

Жеке шаруа қожалықтарының қолындағы 6 млн қойдың ағы мен қарасы, сауы мен сырқаты араласып жүр. Мұндай алашұбар қой шетелдіктерді қызықтырмайды. Сондықтан республикалық қой шаруашылығы палатасы қой етінің әлеуетін арттырып, жүнін экономикалық айналымға түсіру үшін төрт бағытты таңдап алыпты. Бұл туралы республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы Тынышбай Досымбеков: "Бірінші қадамда палата мамандары алдымен қойды бір қалыпқа келтіру керек деп шешті. Екінші бағытта шаруа қожалықтары бәсекеге қабілетті тауар өндіруге ынталандырылады. Одан кейін қой етінің сапасын дүниежүзілік стандартқа сай ету мәселесі қарастырылады. Төртінші мәселе – өнімнің өзіндік құнын  арзандату. Біз өнімнің құнын пайда түсетін жағын назарға алып, шығынды азайтуымыз керек. Қой шаруашылығын осындай кешенді шаралар арқылы ғана тәртіпке келтіруге болады", – деді.

Қазір қой тұқымын асылдандыру "Жетісу" асыл тұқым орталығы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Палата төрағасының айтуынша, "Жетісу" асыл тұқым орталығы көп жылдан бері қой асылдандырумен айналысып келеді. Бұл жұмысты ширата түсу үшін олар шетелдік инвесторлармен бірлесіп, 5 мың басқа арналған 3 бордақылау  алаңын, 3 қой сою бекетін салмақшы екен.

"Бүгінде елімізде  2 миллионнан астам  асыл тұқымды қой бар деп айтылады. Бірақ мұның қаншалықты рас екенін білмейміз. Себебі бүгінгі таңдағы талап бойынша асыл тұқымды саналу үшін қойдың 3 атасын тіркеу керек", – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Мамай Прманшаев.

Қой – далада өсетін мал. Ол үшін жайылым қажет.

"Өкінішке қарай, бүгінде дала толық игерілмей жатқанмен кей жердің иесі бар. Тіпті ауыл іргесіндегі жердің дені жекеменшікке өтіп кеткен. Мал басын көбейту үшін алдымен жайылым мәселесін шешуге тура келеді", – дегенді айтқан Тынышбай Досымбеков палата мүшелерінің осы мәселемен жүйелі айналысып жатқанын тілге тиек етті.

"Елімізде 186 млн 500 мың гектар жайылым бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 6 млн гектар жайылымның оты селдіреп, тозуға ұшыраса, қазір мұндай жердің көлемі 27 млн гектарға ұлғайды. Мұның өзі дабыл қағарлық жағдай. Бұл одан ары жалғаса беретін болса, жеріміз әбден тозуы мүмкін. Қазір жайылым мәселесі бойынша заң қабылданды. Сол заңның кейбір тармақтары палата ғалымдарының ұсынысын негізге алды", –  деді ол.

Қой шаруашылығын дамытуға ветеринария мәселесі де кедергі келтіріп отыр.

Палата мүшелері өткен жылы мал емдеу жолын ширатудың тиімді тәсіліне  қатысты ұсынысын ветеринария комитетіне тапсырған. Онда мал ауруын анықтауға, вакцинаны дер кезінде жеткізуге, мал дәрігерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бағыттар қарастырылған. Бұл қатарда әрбір ауылдық округ орталығынан мал дәрігерлік пунктін салу жобасы да бар.

Тынышбай Досымбеков Қазақстан қойдың құлағына тағатын сырғаны да шетелден сатып алатынына қынжылды.

"Көктемде малшының қолына тиюге тиісті сырға тендер, шекара деген кедергілерден өтіп, күзге қарай үлестіріледі. Салдарынан малды сырғалау жұмысы кешігеді. Ал сырғасы жоқ қой тексерілмейді. Оның ауру не сау екені белгісіз болады", – деді ол.

Мәселені шешу үшін палата мүшелері ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазған екен. Министрліктен: "Қазір еліміздегі 8 млн қойда сырға бар. Қалған 8 млн қой таяу уақытта  сырғаланады" деген хабар алыпты.

Қандай мал асыл тұқымды саналады? Тынышбай Досымбеков осы турасында да сөз қозғады.

"Осыған дейін асыл тұқымды қой деген мәртебе жеңіл жолмен беріліп келді. Қазіргі өлшем бойынша қойдың аталық және аналық жағындағы үш атасы асыл тұқымды болуы керек. Қойдың  үш атасының асыл тұқымды болғанын дәлелдейтін құжаты болмаса, субсидия берілмейді. Осыған дейін асыл тұқымды малға да, тауарлы малға да ­­селекциялық жұмыс үшін саулық басына 1500 теңге субсидия төленіп келсе, биылдан бастап оның көлемі 3000 теңгеге өсті", – деді республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы

Оның сөзінше, асыл тұқымды қошқар өсіретіндердің жағдайы мәз емес. Әдетте 3 саулыққа бір асыл тұқымды қошқардан келеді, ал 500 саулығы бар  шаруа қожалығы 16 қошқар сатып алу керек. Әр қошқардың құны 40 мың теңгеден болғанда 700 мың теңге қажет. Сондықтан палата мүшелері осыған дейін әр қошқарға беріліп келген 8 мың теңге субцидияны 25 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Үкімет олардың бастамасын қолдады. Биылдан бастап субсидия көлемі 20 мың теңгені құрайды.

"Мал баққанға бітеді" дейді халқымыз. Осы тұста қойды тек асылдандыру арқылы барлық істі тындырып тастадық деуге болмайды. Мұндағы басты мәселе алыс жайлаулардағы малшылар тұратын үйдің жағдайы. Палата мүшелері малшыларға киіз үй ең қолайлы деп отыр.  Есептеп көргенде бір үйдің құны 490 мың теңге көлемінде болады екен.

"Инвест субсидия" бағдарламасы арқылы үкімет киіз үйдің 80%-ын  субсидиялауға ниет білдіріп отыр. Сонда әрбір киіз үйді 100 мың теңгеден сатып алады.  Биыл палатаның мұрындық болуымен  мың киіз үй жасалады. Осы тұста тері және жүн қабылдау бекетін ашамын деген тұрғындарға үкімет 50% субсидия беруді жоспарлап отыр", – деп қорытты ойын республикалық қой шаруашылығы палатасының төрағасы Тынышбай Досымбеков.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу