"Мәртебесі анықталмаған топты бизнес субьектісі деңгейіне жеткізу үшін салық салмай, субсидия беру керек"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3470

Сарапшылар көлеңкелі табыс тауып жүргендерді жариялы жұмыс істетудің бір тетігі осы деп атайды.

"Мәртебесі анықталмаған топты бизнес субьектісі деңгейіне жеткізу үшін салық салмай, субсидия беру керек"

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткен аптада 1 миллион 385 мың адамның мәртебесін анықтағанын, оларға заңдастырылмаған деген мәртебе берілетінін айтты. Ресми билік мұны 2020 жылы Жалпылама декларацияны заңдастыруға дайындықтың басы деп отыр. Болашақта цифрландырудың нәтижесінде салық, медицина, ішкі істер, әділет мекемелерінің базасы орталықтандырылып, кімнің қорасында қанша мал бары бір сәтте-ақ анықталмақшы. Ал ештеңесі жоқ, кедейліктің ең төменгі сатысында тұрған адамдарды қорғау мен материалдық қолдауда ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердегі тәжірибе қолданылады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйеніп сандарды сөйлетсек, 2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны 2 млн-нан асыпты. Нақтырақ айтсақ, 2 099 222 адам. Оның 1 881 484-і – нәтижелі, 217 738-і нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар.

Жеті ай ішінде жүргізілген шаралар нәтижесінде 1 миллион 385 мың адам заңдастырылған. Бұл іске білек сыбана кіріскен құзырлы органдар мәртебесі анықталмаған қазақстандықтардың 15 пайызы – Түркістан облысында, 15 пайызы Алматы қаласында тұратынын анықтаған. Экс-депутат Айгүл Соловьева бізге бұл мәселені шешуге кіріспестен бұрын еңбек нарығымыздың ешбір елге ұқсамайтын ерекшелігін зерттеп алуымыз керек екенін айтады. Себебі оның тек 27 пайызы ғана шағын және орта бизнес өкілдері болса, өзгесі мемлекеттік қызметкерлер мен ірі компания, холдинг қызметкерлері екен. Мұның өзі нарық заңдылығына мүлдем қайшы көрінеді. Бизнесті ІЖӨ-нің индикаторына айналдырып отырған елдерде бұл көрсеткіш, кемінде 55-60 пайызға жетіп жығылады.

"Мемлекет алдымен бұл көрсеткішті 35 пайызға жеткізіп алуға тиіс. Мәртебесі анықталмаған топты бизнес субьектісі деңгейіне жеткізу үшін оған салық салмай, субсидия беру керек. Олар сол кезде ғана көлеңкеден шығып, жариялы жұмыс істейді", – дейді Айгүл Соловьева.

"Ракурс" сараптамалық орталығының директоры Ораз Жандосов мәртебесі белгісіз топты анықтау үшін алдымен жұмыссыздардың  санын анықтап алу қажеттігін айтады. Бізде мұнай дәуірі жүріп тұрған кезде жұмыссыздар саны барынша қысқартылып көрсетіліп келді. Ал қазір бұрынғыдай жалған ақпаратпен жаба салуға мүмкіндік қалмады.

"Үкіметтің жұмыссыздар немесе мәртебесі анықталмаған топ" деген санатқа кіргендер ЖОО түлектерімен жыл сайын жаңартылып тұрады. Егер олардың бәрін тіркесе статистиканы бұзып жібереді. Үкіметтің есебіне ЖОО-да білім алып, жұмыс таба алмай жүргендер немесе ең төменгі жалақы алып жүрген жастар кірмей қалған. Оларға қандай мәртебе беретініміздің өзі белгісіз. Бізде жұмыссыздар армиясында тек оныншы немесе он бесінші адам ғана жұмыссыз ретінде тіркеледі. Себебі оларға берілетін жәрдемақы мардымсыз. 20-30 мың теңге жәрдемақы үшін әкімдіктің қара жұмысына жегіліп жүргеннен, көлеңкеге кетіп табыс тапқанды дұрыс деп санайды", – дейді Ораз Жандосов.

Ораз Жандосовтың айтуынша, көлеңкеге жұмыс істеп жүрген жұмыссыздар табысын мемлекетпен бөлісуге әзір дайын емес. Көлеңкенің көрігін қыздырып жүргендердің бетін бері бұру үшін алдымен жұмыссыздарға берілетін жәрдемақының мөлшерін көбейту керек.

Ораз Жандосов бізбен әңгімесінде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың қайсысы нәтижелі деп бөле-жарудың өзі күлкі тудыратынын айтты. 

"Кәсіпкерлер нарықтың белсенді субьектілері. Олардың арасында қара базарларда сауда нүктелерін жалға берушілер де, оны жалдап сауда жасайтындар да бар. Осылардың екіншісі – іс жүзінде жұмыс істемейтіндер. Олар бірдеңемен айналысқысы келеді. Бірақ тапқандары кедейлік шегінен сәл ғана асады. Біз сонда кедейлік шегінен сәл ғана жоғары табыс табатындарды нәтижелі жұмыс істейтін санатқа жатқызып, олардың мәртебесін нарықтың белсенді субьектісі – кәсіпкерлермен теңестіреміз бе? Олар халықтың ең кедей санатындағы топ қой. Сонымен қатар үкімет "ең кедей" топқа қандай мәртебе беру қажеттігін кейінге қалдырып отыр. Құжат толыққанды емес", – дейді Ораз Жандосов.

Сарапшылар осы тұста өзін-өзі жұмыспен қамтыған топтағылардың түгелдей жаңа мәртебесін анықтап, тіркеудің тетіктері ескерусіз қалғанын айтады. Үкімет нәтижелі жұмыспен қамтылған топ деп үкілеп отырғандардың мәртебесі қандай көрсеткіш бойынша нәтижелі болып отырғанын түсіндіріп бере алмаған. Оның пайымы "нәтижелі дегеніміз – құжаттары ресми түрде тіркелгендер. Мысалы, бес сиыры бар отбасылар, ауылшаруашылығымен айналысатын шаруалар, дүңгіршекте бәліш сатып отырғандар. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар деп ресми тіркелмей, қызметтерін жасырып, базарда сауда жасап, такси айдап нанын тауып жүргендер. Сондай-ақ кедейліктің ең төменгі шегіндегілер – ағайынның қолына қарап қалғандар.

Үкімет оларды қандай жолмен анықтайтынын әлі айтқан жоқ.

Сарапшылардың басым көпшілігі бұл әрекетке дайындықсыз келгенімізді айтады. Біз мәртебесін енді анықтап отырған топқа салық салу үшін олардың табысын отбасы құрамына қарай анықтап, екі жылға дейін салық каникулын  беруіміз керек еді. Бұл мәселе күні бүгінге дейін парламент қабырғаларында көтерілді. Бірақ оған назар аударылмаған.

Осы тұста Досым Сәтпаев біздің елде араға жылдар салып басқа басымдықтардың пайда бола бастағанын айтты.

Қазақстандықтар бәсекеге қабілетті болуы үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту керектігі көп айтылды. Бірақ соңғы нәтиже басқаша екенін көрсетіп тұр. Бізде мемлекеттік бағдарламалар орындалу үшін жыл сайын кемінде 7-8 пайыз экономикалық өсімге қол жеткізуіміз керек екен. 2 млн азаматтың мәртебесін анықтай алмауы, басқаша айтқанда олардың қандай қаржыға күн көріп келгенін білмеуіміз 2-3 пайыз өсімнің айналасында жүргенімізді көрсетеді.

"Менің қуанатыным, үкімет өз қиялымен өмір сүруге болмайтынын түсінді. Дәл қазір мәселені шешіп алмасақ, ертең күш-қуаты бар кезде көлеңкеге жұмыс істеген 2 млн адамды зейнетақымен қамтамасыз ету проблемаға айналады", – дейді Досым Сәтпаев.

Ол бір кездері көлеңкеге жұмыс істеп келгендердің мәселесі министрдің бір жарлығымен шешілмейтінін, бұған дайындықты Ұлттық қордың қақпағы ашылмай тұрғанда бастау керек болғанын айтады.

"Тіпті біз жұмыссыз қалған топты басқа салаға бейімдеуді де пиарға айналдырдық. Нарықтың қажеттілігі – мемлекеттің қажеттілігі деген факторды ескермедік", – дейді Досым Сәтпаев.

Досым Сәтпаев халықты нақты жұмыспен қамтамасыз етуді мақсат еткен құжаттамалық бағдарламалар үкіметтің есігінен шыға салысымен басқа жол тауып кететінін айтады.

"Басқа, паралельді жол тауып кеткен құжаттарда жұмыс күшіне деген қысқа, орта мерзімдегі қажеттіліктер ұмыт қалады. Осыған байланысты орталықтандырылған зерттеулер тасада қалып қойды. Жекелеген сарапшылардың БАҚ арқылы айтып қалған пікірлерді үкімет қоғамның бүгінгі көрінісі деп қабылдамады. Барлық кемшілік осыдан шықты", – деп атайды Досым Сәтпаев.

Сарапшы қаржы көздерін іздестіру нарық талабы екенін айтады. Егер осы тұрғыда келер болсақ, үкіметтің талабы дұрыс. Бірақ табысы кедейлік шегінен сәл ғана жоғары тұрған отандастарымызбен мәмілеге келместен бұрын, билік үнемдеуді өзінен бастауы керек дейді.

"Осы кезге дейін "халықаралық форумдарды өткізуді тоқтатайық" деген пікірді мемлекет басында жүрген тұлғалар да айтты. Қаржы көзін іздестіру –  мемлекеттік аппаратты қажеттілікке қарай үлестіру, компания басшылары үшін берілетін сыйақыны қысқартудан басталу керек. Шығындарды мемлекеттік деңгейде үнемдеу қажет болса, қай жерден үнемделу керек екенін  кез келген аудит есептеп, анықтап бере алады. Үнемделу мен қосымша қаржы көзін іздестіру жоғарыдан басталса ғана жалпыға бірдей міндетке айналады", – дейді ол.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу