"Мемлекеттік сатып алу саласында жөнсіз шағымдануды кәсіп етіп алғандар бар"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4349

Олардың басты мақсаты – қатысу емес, сатып алу рәсімін бұзу.  

"Мемлекеттік сатып алу саласында жөнсіз шағымдануды кәсіп етіп алғандар бар"

Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуға қатысатындардың қаржылық тұрақтылығы тексеріледі. Сегіз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу саласында 74 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тыйылар емес. Саладағы құқық бұзушылықтар жыл сайын артып келеді. Осы жылдың сегіз айында орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтардың өзі 2017 жылғы көрсеткіштен екі есе асып түскен. Мәселен былтыр бұл салада 42 жағдай тіркелсе, соңғы 8 айда аталған көрсеткіш 74-ке жеткен. Ал жылдың әлі аяқталмағанын ескерсек, көрсеткіштің көбеймесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

"Мемлекеттік сатып алу саласында құқық бұзғаны үшін тәртіптік жауапқа тартылғандар төрт есеге артты. Тәртіп бұзатындар негізінен мемлекеттік қызметшілер. 2017 жылы 61 адам жазаға тартылса, 8 айда 267 адам жазаланды", – деді Нұрлан Нығматулин мәжілістің жалпы отырысында.

Еске сала кетейік, мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

"Бұл заң жобасы мемлекеттік сатып алулар жүйесін жақсартуға, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге бағытталған. Сондықтан үкімет мүшелері, депутаттық корпус енгізген өзгерістер қылмыстың алдын алуға, сондай-ақ қызметтерді талапқа сай жетілдіруге ықпал етеді деп сенеміз", – деді мәжіліс төрағасы.

Жаңа заң жобасын таныстырған қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар өзгеріс орын алмақ. Яғни бұл қызмет барынша жетілдіріледі.

"Сатып алу қызметінің орталық органдары бірыңғай сатып алу құрылымдары негізінде қызмет атқаратын болады. Олар республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жүзеге асырылады. Қазір бірыңғай сатып алу органдары арқылы сатып алынатын тауарлар, қызметтер бойынша облыстық, аудандық әкімдіктер өз тізбесін бекітеді. Қаржы министрлігі олардың сатып алуын айқындайды. Осылайша орталық сатып алу қызметтерінің жұмыстары нақты белгіленеді. Бұдан бөлек, заң жобасында бірнеше сатып алуды бір ірі лотқа біріктіруге мүмкіндік беретін нормалар көзделген. Бұл саланы стандарттауға және бизнестің өндірістік қуатын ауқымды көлемде жүктеуге мүмкіндік береді", – деді Әлихан Смайылов.

Қаржы министрінің сөзінше, мемлекеттік сатып алулар саласында жөнсіз шағымдануды кәсіп етіп алғандар бар.

"Бүгінде мемлекеттік сатып алуда "кәсіби шағымданушылар" пайда болды. Олардың басты мақсаты – қатысу емес, сатып алу рәсімін бұзу. Осылайша, заңсыз пайда көру. Осындай жағдайларды болдырмас үшін тиісті ұсыныстар әзірленді. Біріншіден, конкурстық өтінішті енгізбеген өнім берушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын қарауға тыйым салынады. Сондай-ақ конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған өнім берушілердің шағымы қарастырылмайды. Сатып алуға қатыспаған үшінші тұлғалардың шағымы бойынша шарт жасасу мерзімін тоқтатпау ұсынылады", – деді қаржы министрі.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды жетілдіру қажет. Осы орайда, сатып алу тәсілін айқындау бойынша қаржы министрлігіне құзыреттілік берілмек. Бұл құрылыс саласында сатып алуды алдын ала біліктілікті іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілі арқылы ғана жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай қадам құрылысты тездетіп, оның сапасын арттырады. Себебі сатып алуға тек білікті компаниялар қатысады.

"Бұдан бөлек, өнім берушіге "қаржылық тұрақтылық" деген жаңа біліктілік талабы белгіленеді. Ол төленген салықтардың және айналымдағы қаражаттың деңгейі, сондай-ақ еңбекақыны төлеу қоры секілді параметрлер арқылы анықталады. Бұл ақпарат автоматты түрде мемлекеттік кірістер комитетінің жүйесінен алынады", – деді ведомство басшысы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу