"Мен қазақпын, бойымдағы қан қазақ"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5784

Биылғы жауынгерлік шеруде үш мыңнан астам сарбаз осылай деп ән шырқайды.

"Мен қазақпын, бойымдағы қан қазақ"

Мамыр айындағы Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік шеруі Астанада емес, Жамбыл облысындағы "Отар" 40-әскери базасының аумағында өтеді. Қазір осы жерде ҚР Қарулы Күштерінің құрамалары мен әскери бөлімдерінің жауынгерлік техникасы және жеке құрам алдағы жауапты шараға дайындалып жатыр. 

Айта кетейік, осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2013 жылы дәл осы әскери базада Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік шеру ұйымдастырылды. 7 мыңға жуық жауынгер мен 500-ден астам әскери техника жұмылдырылған шеруде 86 әскери ұшақ пен тікұшақ, сонымен қатар 400 бронды техника ұрыс кезіндегі қимыл-әрекеттерін көрсетті. Ал әскери ұшқыштар С-295 әскери ұшағын тұңғыш рет топырақты алаңға қондырды.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі Отан қорғаушылар күнін мерекелеу қарсаңында "Мәтібұлақ" полигонында өтетін биылғы жауынгерлік шеру жайлы төмендегідей ақпарат таратты: "Жауынгерлік шеруге қатысушылардың басым бөлігін "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының  әскери қызметшілері құрайды. Атаулы шараға 3 мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам әскери техника, 30-ға жуық авиация техникасы қатысады. Армиялық бөлімшелер әскери техниканың заманауи үлгілерін іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетеді".

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазір жауынгерлік шеруде қораптардың сап түзеуі, сәлемдесуі, туды шығаруы сынды ресми шаралар пысықталып жатыр.

"Жеке құрамның салтанатты маршпен жүріп өтуі ерекше бақылауға алынды", – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгін біз Қазақстан Қарулы Күштері ұйымдастырған барлық шерулерді ой елегінен өткізбекшіміз. Себебі бұған дейінгі шерулердің әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен тарихы бар.

Еліміздегі ең алғашқы әскери шеру Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуының құрметіне 1992 жылғы 7 мамырда Алматы қаласында, Республика алаңында өтті. Айтулы шараға ҚР ҚК әскер түрлері, қорғаныс министрлігінің, әскери-әуе күштерінің, шекарашылар әскерінің, ішкі әскерлердің, әскери оқу орындарының, Алматы гарнизонының, әскери комиссариаттардың жинақталған полктары қатысты. Шеруді Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, халық қаһарманы, кеңес одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов қабылдады.

Бірінші шеру мен екінші шерудің арасында13 жыл үзіліс жарияланды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, тұрмысымыз түзелген тұста армиямыздың айбынын асқақтатып, жауынгерлердің жігерін жану қажет болды. Осылайша 2005 жылы жеңістің 60-жылдығының құрметіне әскери шеру өткізілді. Оған 3 мың әскери қызметкер, 130 әскери техника жұмылдырылды. Бұл шараға 934 мың доллар жұмсалды.

2009 жылы өткізілген үшінші шеру Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. Мұнда қалың көпшілік 120 әскери техниканың мүмкіндігі мен қабілетіне куә болды. Әскери шеруге мемлекет басшысы, жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ал шеруге қорғаныс вице-министрі, генерал-майор Нұрлан Жоламанов басшылық етті.

2011 жылғы төртінші шеру ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын әспеттеді. "Қазақ елі" монументі алдында өткен шеруді алғаш рет ел президенті-ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қабылдады. Бұл шеру әскери қызметкерлердің тұңғыш рет жаңа әскери киім үлгісін киіп шығуымен, бұрын-соңды көрсетілмеген жаңа әскери техниканың паш етілуімен және шеруге мергендер жасағының, құрлық әскерлері таулы-атқыштар бригада­сы­ның сонымен қатар әйел әскери қызметшілердің қатысуымен есте қалды.

2013 жылы Жамбыл облысындағы "Отар" 40-шы әскери базасында өткен жауынгерлік шеру бесінші шеру болып тіркелді. Ол осыған дейінгі және кейінгі шерулерден ерекше болды. Себебі бұған дейінгі және кейінгі шерулердің  барлығы мерекелік даталарға орайластырылса, бұл шеру жауынгерлердің өздеріне арналды.

2014 жылғы алтыншы әскери шеру де "Қазақ елі" монументінің алдында өтті. Шерудің салтанатты маршының жаяу легіне 2 мыңға жуық әскери қызметші, 2500 әскери, 70 авиациялық техника қатысты.

2015 жылы ұйымдастырылған жетінші шеру жеңістің 70 жылдығына арналды. Ол бұған дейінгі шерулерден ауқымдылығымен және мазмұнымен дараланды. Шеру тарихи және заманауи бөлімдерден тұрды. Тарихи бөлімге 1941-1945 жыл­дар­дағы соғыс техникасының 36 түрі қаты­сса, заманауи бөлімде Қазақ­стан армиясының қолданыстағы қару-жарағы мен әскери техникасы көрсетілді.

2017 жылы ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналып өткізілген сегізінші әскери шеруге 5 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ге жуық әскери техника және әскери авиацияның 80 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Бұл ел тарихындағы ең ірі шеру болды.

Биыл өтетін 9-шеру де ел назарында. Бұған әлеуметтік желілер арқылы шеруге дайындық кезінде сарбаздар шырқаған "Мен Қазақпын" әнінің жаппай таралуы және желі қолданушыларының "бұл шын мәнісінде жауынгерлердің жігерін жанитын ән" деп пікір білдіруі дәлел.  

Айта кетейік, Жарасқан Төлебайдың әні мен Нұржан Өмірбайдың сөзіне жазылған әнді әнші Қуандық Рахым орындайды.

Айтпақшы мақаланың тақырыбы әннің сөздерінен құралған. Біздіңше бұл  жай сөз емес, армиямыздың айбынын асыратын, рухын асқақтатын айбарлы сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу