"Микрокредиттен микро-микро несие ғана қалады"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2933

Үкіметтің бүгінгі отырысында кәсіпкерлер қоғамдастығы хабарлаған мәлімет үкімет басшысының төбе шашын тік тұрғызды.

"Микрокредиттен микро-микро несие ғана қалады"

Министрлер кабинетінің мүшелері бұл күні "Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын" және "Өңірлер халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын" іске асырудың алдын ала қорытындыларын қараған болатын.

Отырыста сөз сөйлеген "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мемлекет ұсынатын жеңілдетілген несиені алу үшін кәсіпкерлерге құжаттан тау тұрғызуға тура келетінін ашық айтты.

"Жиналатын құжаттар санын қысқарту керек-ақ. Кейбір аудан орталықтарынан хабарлағандай, "Бизнес-бастау" бағдарламасы бойынша оқып, бизнес-жоспарын қорғап шыққан жаңа кәсіпкерлерден "микрокредит" алу үшін ғана 32-ге дейін әртүрлі құжат әкелу талап етіледі екен. Бұл жерде мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестіру ісін жеделдету қажет. Мысалы, "ҚазАгро" 6-7 құжатты өзі табады, қалғандарының бәрін өтініш беруші ХҚКО-лардан, "БТИ"-дан, өзге органдардан өзі жинайды", – деді Абылай Мырзахметов.

Бұл ақпарат үкімет басшысын айран-асыр етті.

"Асқар Қуанышұлы, естідіңіз бе? Микрокредит алу үшін ғана 32 құжатты жинап шығу керек екен. Бұл бәрі бар қалада емес, ауылда. Жаңа кәсіпкер 32 құжатты жинап болғанша, алғысы келетін ұсақ кредиті қаржысының жартысын шығын етеді. Сонда "микрокредиттен" "микро-микро" несие ғана қалады. Ол оған қандай іс аша алады? Құйтымдай қаржымен ол не істейді? Міне, барлық жасап жатқан ісіміздің нәтижесі", – деп қатты кейіді өз орынбасары Асқар Жұмағалиевке қайырылған премьер Бақытжан Сағынтаев.

Вице-премьер дереу араға килігіп, оның сөзін бөліп, ақталып қалуға тырысқан.

"Асқар, мен сізден жауап сұрап отырған жоқпын! Мен сізге тапсырма беріп отырмын. Қай тұста кемшілік түзелуге тиістігіне назарыңызды аударамын. Микронесие алу үшін ондаған анықтама алғызады. Бұл не?", – деп қатаң ескерткен үкімет жетекшісі мәселенің түйінін тарқату үшін қызмет көрсетуді автоматтандыруды жеделдетуді жүктеді.

Осыған орай үкімет мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту мәселелерін қосымша талқылады.

Оның барысында белгілі болғанындай, үкімет азаматтардың дербес деректерін үшінші тұлғаларға берудің заңды тәсілін тауыпты. Жақында бірқатар қазақстандықтардың деректерін олардың келісімінсіз-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚКО) бөгде адамдардың алғызып отырғаны әшкере болғаны мәлім. Жауапты министрлік содан қандай сабақ шығарғанын жария етті.

"Электронды үкімет порталында алдағы екі апта ішінде арнайы тетік іске қосылатын болады. Ол азаматтардың дербес деректерін үшінші тұлғалардың – банктердің, әртүрлі ұйымдардың, жұмыс берушілердің алуына жол ашады. Бұл ретте азамат смс-хабарлама арқылы ол туралы құлағдар етіледі және кері смс-хабарлама арқылы өз орнына басқалардың анықтама алуына рұқсатын беруі қажет болады. Бұл тетік анықтама үшін қазақстандықтардың өзі баруы қажет болатын жағдайларды елеулі түрде азайтады. Сонымен бірге, ХҚКО-лардың операциялық залдарына түсетін жүктемені қысқартады", – деді ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев оған өткенде дербес деректердің сұраусыз алынуына қатысты болған даудың бұдан былай қайталанбауға тиістігін қадап тапсырды. 

Өз кезегінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов 6 өмірлік жағдай бойынша 19 мемлекеттік қызметті "проактивті тәсілмен", яғни азаматтар жүгінбей тұрып-ақ ұсына бастайтындарын хабарлады.

"Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі қазіргіден де жылдам әрі ыңғайлы болады, азаматтар қызметтерге мекемелерге бармай-ақ, тіпті үйлерінен шықпай-ақ қол жеткізеді. Мәселен, 2018 жылы 2 өмірлік жағдай бойынша, яғни соттың шешімімен некені бұзу және жылжымайтын мүлік объектілерінің сәйкестендіру сипаттамалары мен құқық иегерінің мәліметтерін өзгерту қызметтерін проактивті тәсілге көшіруді жоспарлап отырмыз", – деді ол.

Сондай-ақ, 2019 жылы зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктер, мүгедектікті белгілеу және атқарушылық іс жүргізуді қозғау бойынша мемлекеттік қызметтер проактивті принципте жүзеге асатын болады. Нәтижесінде, қағаз жүзінде берілетін құжаттардың саны 2,5 миллионға кеміп, 1 миллиард теңге үнемделеді екен.

"Мысалы, мүгедектікті белгілегеннен кейін медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі электрондық үкіметтің порталына қойылып, мемлекеттік корпорация жәрдемақыны тағайындайды, ал жергілікті атқарушы орган қажетті көмектерді – мүгедектерге арналған арба, тифлоқұрал, басқаларын береді. Осылайша, қызмет алушы екі органға бармай-ақ, 67 құжаттың орнына 7 құжатты ғана жинайды", – деді Абылайхан Оспанов.

Мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін проактивті тәсілге көшіру жұмыстары "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламас аясында жүргізілуде. 2022 жылға қарай электрондық нұсқада ұсынылатын мемлекеттік қызметтер үлесі 80%-ды құрап, халықтың цифрлық сауаттылығын 83%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Сондай-ақ, шетелдіктерге арналған "көші-қон ХҚКО-сы" ашылатынын жариялады.

"Биыл Астанада шетелдіктерге көші-қон мәселесіне қатысты қызметтер көрсететін ХҚКО және Көкшетау мен Семейде автокөліктерді тіркеу және жүргізушілік куәлігін беру қызметін көрсететін фронт-офистер ашамыз. Ал келесі жылдың басында Орал мен Атырау қалаларында да дәл сондай мамандандырылған ХҚКО ашуды жоспарлап отырмыз", – деді Абылайхан Оспанов

Жыл аяғына дейін іске қосылатын "Көші-қон ХҚКО-сында" құжаттарды қабылдау және тіркеу қызметтерін "Азаматтарға арналған үкіметтің" мамандары көрсетеді. Нәтижесінде, көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де "бір терезе" принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылатын болады.

Сондай-ақ, биыл 20 желтоқсанда халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында Астана қаласында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында тегін оқу сыныбы ашылды. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқу сыныбында фронт-офис мамандары азаматтарға www.egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалану жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуге үйретеді. Бір сағатты құрайтын электрондық сауат ашу курсына кез-келген адам қатыса алады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу