"Науқастар операция жасата салысымен жұмысқа шығып жүр"

6917

Дәрігер, еңбек ері Серік Ақшолақов осылай дейді.

"Науқастар операция жасата салысымен жұмысқа шығып жүр"

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шыбын жанымыз шырқырап,  дертімізге дауа іздей бастаймыз. Мұндайда бәрімізге дәрігерден жақын әрі жанашыр жан жоқ болып көрінеді. Ал ол алдына келген адамдардың ұлтына, діни наным-сеніміне, әлеуметтік жағдайына қарамай, барлығына бірдей көмек көрсетеді. Науқастың туыс-туғандарының сенімі мен аманатын арқалап, өмір мен өлім арасында арпалысады. Қайғырады, қуанады, жылайды, жұбанады. Өйткені, дәрігер де ет пен сүйектен жаралған. Оның да сезімі, төзімі, үміті, арманы бар. Өкініштісі, кейде осы ескерілмейді.

Бәзбіреулер күстаналап, жазғырып жатса да,  адам жанының арашасы болуға ант бергендер науқастарға жан жылуын сыйлаудан  ешқашан бас тартпайды.

 

Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының  докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ҚР  еңбек сіңірген қайраткері, ҚР нейрохирургтары ассоциациясының президенті, жоғары дәрежелі тәуелсіз "платиналы тарлан" сыйлығының лауреаты, Бүкіләлемдік дәрігерлер ассоциациясы тағайындаған "әлемге қамқоршы дәрігер" атағының, "парасат" орденінің және еңбек ері атағының иегері Серік Ақшолақов осындай жандардың қатарынан.

Біздің сұхбатымыз уағдаласқан уақыттан 2 сағатқа кейін шегерілді.  Телефонды көтерген ассистент: "Серік Қуандықұлы  ота жасап жатыр, өзі хабарласады", – деп жауап берді. Сәлден соң менің телефоным шырылдады. Арғы жақтан дәрігердің дауысын естідім. Ә дегеннен мән-жайды түсіндіріп, бәйек болды. Мұнысын кісілік, кішілік һәм қарапайымдылық деп қабылдадым.

Мені орнынан тік тұрып, жылы қабақпен  қарсы алды да, төрін ұсынды.  Бал-бұл жанған жүзінен отаның сәтті өткенін түсіндім.

Дәрігер сөзге шешен, тілге ұста екен. Әңгімені бірден бастап кетті.

– Біз операция жасаған сайын жанымызды шүберекке түйіп, науқастардың амандығын тілеп тұрамыз. Олардың қиналғанын, жақындарының жылағанын емес, ауруларынан айыққанын, ағайындарымен қауышып, мәре-сәре болып жатқанын көргіміз келеді. Бүгін бірнеше операция жасадық. Олар ауыр өтсе де, сәтті болды.

Сіздер шамамен, жылына қанша адамға операция жасайсыздар?

– Орталық ашылған жылы 500 адамға хирургиялық көмек көрсеттік. Бүгінгі таңда бір жылда 2500 адамға операция  жасап жүрміз.  

 – Бұл жыл өткен сайын Ұлттық нейрохирургия орталығы күшейіп келе жатыр деген сөз бе?

– Орталықта заман талабына сай жаңа бағыттар пайда болды. Біз  мамандарымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында бұрын-соңды Қазақстанда және Орта Азияда жасалмаған операцияларды жүзеге асыра бастадық. Бұған қоса 2 рет медицина мекемелерінде  көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігіне баға беретін Халықаралық біріккен комиссияның аккредитациясынан өттік. 2014 жылы нейрохирургтардың X Азиалық конгресін ұйымдастырып, 56 мемлекеттен келген 700 маманның тәжірибе алмасуына жағдай жасадық. Конгреске АҚШ-тың өзінен ғана 18 нейрохирург қатысты. Ерекше атап көрсетерлігі, біз Азия мемлекеттерінің жас нейрохирургтарына дәріс беруді де қолға алдық.

Жалпы, нейрохирургияны дамыту үшін салаға үздіксіз қаржы құйылып тұруы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда біз мемлекеттен үлкен қолдау көріп отырмыз. Елбасының тікелей қамқорлығымен ашылған орталық қазіргі заманның талаптары мен сұраныстарына толық жауап береді. Әлемнің бірде-бір елінде халқының 100 пайызын  тегін емдейтін дәл біздікіндей нейрохирургиялық орталық жоқ.

Әлемнің бірде-бір елінде халқының 100 пайызын  тегін емдейтін дәл біздікіндей нейрохирургиялық орталық жоқ.

 Дәрігер ретінде қазіргі заманның  талаптарына бейімделе алдыңыз ба?  

–  Менің 35 жыл еңбек өтілім бар. Мансаптық жолым Кеңес кезінен басталды. 90 жылдардағы тоқырауды да бастан өткердім. Қиын кезеңдерде жас дәрігерлер басқа салаға бет бұрып кетті. Барлығы жан бағу үшін амалдады. Біз дәрі-дәрмек тапшы болған кезді де көрдік. Тіпті науқастардан дәріні және төсек-орынды өздерімен ала келуді талап еткен  жылдар да жадымда күні кешегідей жаңғырып тұр.

Қазақстан тәуелсіз ел атанып, мемлекеттілігіміздің іргетасы қалана бастаған жылдар ешкімге оңай болған жоқ. Дегенмен  тәуелсіздік таңы бізге даму мүмкіндігін ұсынды. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында еліміздің экономикасы қарыштап, халықаралық беделі нығайды.

Президент денсаулық сақтау саласының барлық бағыттарын дамытуға басымдық берді. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде Астанада медицина кластері пайда болды. Бір мезетте 6 медициналық орталық құрылды. Соның бірі ұлттық нейрохирургия орталығы болды.

Осы орталықты басқару ісі маған сеніп тапсырылғанын өзіме жүктелген жауапкершілік деп білемін. Мұнда біз жанына сауға, дертіне дауа іздеп келген жандарға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Бұл біздің басты борышымыз. Орталық қызметкерлері мемлекет басшысының ерекше қамқорлығына жауап ретінде  жаңа технологияларға жүгінуді сол арқылы науқастарға сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуді абырой санайды. 

Бұрын науқастардың дені шет мемлекеттерге барып емделуге мәжбүр болатын. Осының алдын алу үшін соңғы 8 жылда орталыққа 60 жаңа технология енгізіліп, жаңа бағыттар ашылды. Бұған дейін тиісті құрал-жабдығымыздың болмауының салдарынан ми тамырларының ауруынан жапа шегіп жүрген жандарға ешқандай көмек көрсете алмайтынбыз. Бүгінде бұл  бағыт бойынша жылына 400 операция жасалып жатыр. Осыған дейінгі операцияларда науқастардың мүгедек болып қалу қаупі зор еді. Қазір науқастар операция жасата салысымен жұмысқа шығып жүр.

 Орталықтың қол жеткізіп жатқан көрсеткіштеріне көңіліңіз тола ма?

–  Біз барлық нәтижелерді  халықаралық көрсеткіштермен салыстырып отырамыз. Артық айтқандығымыз емес, керуеннен озбасақ та, көштен қалып жатқан жоқпыз.   

Біз хирургиялық тәсілмен эпилепсиямен ауыратын балаларды емдей бастадық. Алдағы уақытта осы бағыттағы ізденістерімізді індете береміз. Ресми дерек бойынша, елімізде 50 мыңнан аса адам осы дертке шалдыққан, олардың 60%-ға жуығы балалар.

Бұл аурудың түрлері көп. Оны  хирургиялық тәсілмен және дәрімен емдеуге болады. Аурудың бастапқы белгілері біліне бастаған кезде ем-дом  қолданылса, нәтижеге тез жетеміз. Орталықта паркинсон ауруына шалдыққан  науқастар мен тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдарға да тиісті көмек көрсетіледі.

Біздің орталықтан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Гүржістан  мемлекеттері мен Еуропа елдерінің азаматтары да ем алды. Шетелдіктер бізге сенбесе, мұндай қадамға бармас еді

 Емдеудің жаңа түрлері мен бағыттары дәрігерлерге салмақ салмай ма?

–   Орталық ашылған кезде мен қатты шаршайтынмын. Себебі отаның басым бөлігін жалғыз жасайтынмын. Ол кезде біздің нейрохирургтар шет мемлекеттерде білім алып жүрді. Қазір қолым ұзарды, қасымда мықты мамандар көп. Мен оларға сенемін және үміт артамын. Себебі бүгінде небір күрделі оталарды барлығымыз бірлесіп жасаймыз.  

Адамның жанына араша түсіп жүргендердің дені төл шәкірттерім. Олардың ешқайсын, ешқайда жібергім келмейді. Таланты тас жарып тұрған дәрігерлер ретінде медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары Талғат Керімбаевты, Ербол Маханбетовты, Нұржан Рыскелдиевті, Ғабит Үленбайды ерекше атап көрсеткім келеді. Бұлардың барлығы жас мамандар. Алайда олар мен 20 жыл жүріп өткен жолды 10 жылда артқа тастап отыр. Осыдан-ақ бұл дәрігерлердің шама-шарқы мен қабілет-қарымы қандай екенін түсінуге болады.    

–  Нейрохирургия ұлттық орталығында радиохирургия саласы қашан пайда болады?

–  Радиохирургия хирургиялық операцияның баламасы болып саналады. Медицинада "гамма-пышақ" немесе "кибер-пышақ" деген ұғым бар. Қарапайым тілмен түсіндірсек, мидағы ісікті сәулемен емдеу деген сөз. Яғни, сәуле терапиясы арқылы ми талшықтарына зақым келтірмей, ісікті сылып алу.

Радиохирургиялық тәсіл хирургиялық тәсілден әлдеқайда тиімді. Зерттеу нәтижелері оның мүмкіндігі 85 пайызға жоғары екенін көрсетіп отыр. Операция радиохирургиялық тәсілмен жасалса, тілік болмайды, қан ақпайды, миға пышақ тимейді.

Бүгінгі таңда бұл тәсіл АҚШ, Жапонияда мемлекеттерінде сонымен қатар Еуропа елдерінде кең тараған.  

Келесі жылдың соңында біз Швециядан арнайы аспап сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір  4 дәрігеріміз Мәскеуде білім алып жатыр. Аспап алынғанша олар оқуларын аяқтап, елге оралады. Сонан соң орталықта радиохирургиялық операция жасайтын болады.

 Бір күнде бірнеше операция жасайсыздар, қажымайсыздар ма?

–   Жұмыстың оңайы жоқ, шаршадым деп отырсақ, науқастардың жағдайы не болады? Сергек жүру үшін қыста  - шаңғы, жазда -  велосипед тебемін. Үнемі суда жүземін. Қаланың сыртына шығып, немерелеріммен демаламын. Орталығымыздағы спорт залына жиі бас сұғып тұрамын.   

Жалпы, нейрохирургияның бір ерекшелігі, мұндағылар жасаған отаның санына емес, сапасына қарайды. Өйткені бізде қиын оталар 8-10 сағатқа, оңай деген оталар кейде 4-6 сағатқа созылуы мүмкін. Бізге жасалған операцияның уақыты емес, нәтижесі маңызды. Біз үшін нәтиже деген  - науқастың көзін ашуы, тілге келуі және орнынан тұрып, жүріп кетуі.  

  Жан күйзелісінен қалай құтыласыз?

–   Операция жасаған сайын уайымдаймыз. Уайымның бәрі жүйкеге ауыр тиеді. Жүйке сыр берсе жан күйзеледі. Осының алдын алу үшін отбасымды қалқан қыламын.  

Менің жарым да дәрігер. Ол менің жағдайымды жақсы біледі. Отбасым менің өміріммен өмір сүреді, менің ығыма  қарай ыңғайланады. Мен тек қана жұмыспен айналысамын. Сондықтан болар ешқашан жан күйзелісін сезінген емеспін.

Қазір 4 немерем бар. Солардың бірі 13 жасында "мен нейрохирург боламын" деп кесімді сөзін айтып жүр. Мен бұған әрине, қуанамын.

Уайым – қорқыныш емес, ол – жауапкершілік. Нағыз дәрігер науқастың денсаулығы мен жағдайына атүсті қарай алмайды. Соңғы 8 жыл көлемінде орталықтың бөлім меңгерушілері жексенбі күндері де жұмысқа шығады. Бұл олардың өмір салты.

Мен ешқашан дәрігерлерге демалыс күні жұмысқа шығыңдар деген талап қойған емеспін. Олар барлығын жүрек қалауларымен, өз ықыластарымен істейді. Себебі әріптестерім адамның денсаулығы мен қатар өміріне жауапты екендерін жақсы түсінеді. Меніңше, мұны түсінбейтіндерге медицина саласына келудің қажеті жоқ.

Кейде қайғылы оқиға орын алады. Сол кезде бізге сыр беруге болмайды. Бәлкім, бәзбіреулерге қатыгез, қатал болып көрінерміз. Бірақ адамдарға көңіл айтып, қайғылы хабарды жеткізген кезде біздің де ішіміз қан жылап тұрады. Түсінесіз бе, олар бізге сенім артады, үміттенеді ал, біз, біз кейде үмітті ақтай алмай қаламыз. Не істеу керек?  Бордай езіліп, тозу керек пе әлде, келесі науқасқа қол ұшын созу керек пе? Ойланыңызшы...

Біз кешегі қайғыны арқалап тұрып, бүгінгі өмір үшін күресеміз. Өйткені бұдан басқа амалымыз жоқ.  Бұл – әлемнің барлық дәрігерлеріне тән қасиет.

Таңдаулылар ғана нейрохирург бола алады. Мықты дәрігер атану үшін 5 жыл тәжірибе ал, жақсы нәтижеге қол жеткізген нейрохирург болу үшін 10 жыл уақыт қажет. Егер  адам нейрохирургия саласын таңдаса оны үлкен жүрек иесі деп тану керек.

Мен өз жұмысымды жақсы көремін және барлық әріптестеріме үлкен  құрметпен қараймын. Олардың барлығы менің шәкірттерім. Біздің ортақ мақсатымыз – науқас адамдарға көмектесу.

Мен өзімнің ұстаздарым профессор, марқұм Сергей Федоровты және  Александр Коноваловты мақтан тұтамын. Олар маған көп нәрсе үйретті. Мен олардан үйренгендерімді өз шәкірттеріме үйреткім келеді.

- Әңгімеңізге рахмет.

Cұхбаттасқан Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу