"Нұрсұлтан Назарбаевқа тосын сый әзірлеп жатырмыз"

Украинаның Қазақстандағы уақытша сенім жүктелген өкілі Владимир Джиджора осылай деді.

"Нұрсұлтан Назарбаевқа тосын сый әзірлеп жатырмыз"

Бүгін Астанада Украинаның Қазақстандағы уақытша сенім жүктелген өкілі Владимир Джиджораның қатысуымен "Экспо-2017" көрмесіне қатысатын Украин павильонын таныстыруға арналған брифинг өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы көрмеге қатысу құқығы Украинаға тегін берілген болатын. Мұны Украина тарапы үлкен бауырластықтың нышанына балап, қиын-қыстау кезеңде өздеріне берілген ерекше мүмкіндікке алғыс айтты.

"Біз көрменің ашылуына, не көрмедегі біздің ұлттық күнімізге премьер-министріміз Владимир Гройсман қатысады деп сенеміз. Сондай-ақ шарада комиссар мен вице-комиссар да болуы тиіс. Біз Астанада өтетін көрме арқылы әлемге жасыл энергетикадағы әлеуетімізді көрсеткіміз келеді", – деді Владимир Джиджора.

Сөз арасында ол Украин павильонында Нұрсұлтан Назарбаев сүйіп тыңдайтынын  украин әндері шырқалатынын жеткізді.  

"Нұрсұлтан Назарбаев Днепроджержинскте оқып жүргенде тыңдаған ескі әндерді ғана емес, қазіргі заманауи туындыларды да ұнатады екен. Біз Нұрсұлтан Назарбаев жақсы көріп тыңдайтын Украин әншілері бар екенін білдік. Сол әншілерді Астанаға әкелуге тырысамыз", - деді ол.

Алайда ол елбасыға нақты қай әнші ұнайтынын айтқан жоқ.

"Бұл кішігірім құпия болсын. Біз барша қазақ халқына және Нұрсұлтан Назарбаевқа тосынсый әзірлеп жатырмыз. Әзірше көрме кезінде Монатик есімді әнші өнер көрсететінін айта аламын. Бірақ  ол біз айтып отырған әнші емес", – деді Владимир Джиджора.

"Экспо-2017" көрмесінде Украинаға 3 павильон ұсынылыпты. Олардың павильоны  Сауд Арабиясы және Беларусь елдерінің павильондарымен жапсарлас орналасқан.

Украина павильонының жалпы ауданы 35 шаршы метр. Онда украиналық озық компаниялардың соңғы жетістіктерін үлкен экран арқылы көрсету көзделген. Қазіргі таңда "ДТЭК", "Фурлендер Виндтехнолоджи", "SYNEKO", "SolarGaps" сынды украинаның белді компаниялары Астанадағы көрмеге қатысатындарын растап отыр.

"Көрмеде Украина медиа-таныстырылымға ерекше көңіл бөледі. Бұл – көрмеге дайын аппараттар емес, елімізде жұмыс істеп тұрған жасыл энергия көздерінің жобалары  әкелінеді деген сөз", – деді Украинаның Қазақстандағы уақытша сенім жүктелген өкілі.

Владимир Джиджора "Экспо-2017" көрмесіне кімнен қолдау күтіп отырғанын да тілге тиек етті.

"Біз көрме кезінде өзіміздің елдің қолдауына ғана емес, Қазақстан халықтар ассамблеясы құрамындағы украин қоғамдық бірлестігіне де арқа сүйейтін боламыз. Қазір біз олармен келісімге келіп жатырмыз. Мәселен  Украина күндері Астанадағы "Мельница" мейрамханасының тағамдарын татып қалуларыңыз мүмкін", –  деп алдағы жоспарымен бөлісті Украинаның Қазақстандағы уақытша сенім жүктелген өкілі.

Биыл екі ел арасындағы  дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл  толады. Осыған орай Владимир Джиджора соңғы жылдардағы экономикалық байланысқа да тоқталды.

 "Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллар шамасында болды. Әрине  бұл көңіл тойдыратын көрсеткіш емес. Украина мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4 млрд-қа жеткен кездер болған. Алайда ол кезде біздің бірлескен ірі жобаларымыз бар еді. Қазір біз мүмкіндікті пайдаланып, жаңа жобаларды жандандыруға тырысып жатырмыз. Бүгінгі таңда екі елдің энергетика саласындағы әлеуеті жоғары болып тұр", – деді ол.

"Экспо-2017" кезінде елордамызға ағылатын шетелдік туристер саны өсетінін ескерсек, еуропалық қонақтардың көбі Украина астанасы Киев арқылы ұшатындықтан  жолаушыларды толықтай қамтуға екі ел арасындағы қазіргі әуе бағыты  жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл туралы Владимир Джиджора: "Біз рейстер санын көбейтіп, қосыша тағы бір бағыт ашамыз.  Қазір Киев-Астана және Киев-Алматы бағытында "Украина Халқаралық Әуе Жолы" әуе компаниясы мен Алматы-Киев бағытымен ұшатын "Astana Air Lines" әуе компаниясы бар. Ал  көрме қарсаңында екіжақты келісім бойынша "Astana Air Lines" әуе компаниясы Астана-Киев бағытын іске қосады", – деді.

Серікбол Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу