"Өкілеттігімнің бір бөлігін тапсыруға саналы түрде барып отырмын"

2358

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді талқылауды ұсынды.

"Өкілеттігімнің бір бөлігін тапсыруға саналы түрде барып отырмын"

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбі күні кешке барша Қазақстан халқына арнайы үндеу жасап, мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі не үшін керек екенін түсіндіріп, ел азаматтарына ұсынылып отырған реформаларды талқылауды ұсынды. Елбасының бейне үндеуі республикалық телеарналарда көрсетілді.

"Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселе – билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөнінде үндеу жасап отырмын. Ұсынылып отырған шаралардың маңыздылығын ескере отырып, мен конституциялық реформалар жобасын халықтың талқылауына шығаруға шешім қабылдадым, оған қатысты тиісті жарлық жарияланады", – дейді ол.

Қазақстан қай бағытта жүреді

Президент жұмыс тобы ұсынған өзгерістер мен олардың дәл қазір не үшін керектігін түсіндіріп берді.

Оның айтуынша, "күшті президенттік билік мемлекетті құруда үлкен қиындықты жеңу үшін керек болды" және соның арқасында "жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам" қалыптасты. Сонымен бірге елбасы "сол кезде біз құрған даму траекториясының дұрыстығы тарихпен дәлелденіп отыр".

Президенттің ойынша, ұсынылып отырған реформалар "заманауи дамудың талабына" жауап береді. "Қоғамдық үрдістердің жылдамдығы мен күрделілігі бізде де туындап отыр. Біз келешек тарих алдымызға қоятын жаһандық және аймақтық сын-тегеуріндерге қалай төтеп беретінімізді дәл қазір ойлауымыз керек", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұсынылып отырған реформалардың мәні – бұл "билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, жалпы саяси жүйені демократияландыру".

Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылып отырған жаңалықтар бойынша "стратегиялық функцияларға, билік тармақтары арасындағы қатынаста жоғары төрешінің рөліне басымдық беретінін, сонымен бірге сыртқы саясатқа, жалпы ұлттық қауіпсіздікке, еліміздің қорғанысқа қабілеттілігіне мән беретінін" жеткізді.

Үкімет пен парламенттің рөлі "біршама күшейеді". "Президенттің заңмен бекітілген әлеуметтік-экономикалық үрдістерді реттеу өкілеттігінің бір бөлігін үкімет пен өзге де атқарушы органдарға беру керек". "Осы салаларға үкімет, министрлік, әкімдіктер толығымен жауап беруі керек", – дейді президент.

Елбасы бұл өкілеттіктерді табыстау бірқатар заңның өзгеруі мен есебінен іске асатынын, осыған орай үкімет тиісті түзетуді басым тәртіпте парламент талқылауына ұсынатынын айтып өтті. Ал парламентке осы түзетулерді осы сессияның соңына дейін, яғни 2017 жылдың 30 маусымына дейін қабылдау міндетін қойды,

Өкілеттікті тапсырудан бөлек, күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңестіру міндеті тұр. "Үкіметті қалыптастырудағы парламенттің рөлін күшейту, министрлер кабинетінің депутаттық корпус алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия үкіметті құруда шешуші рөл ойнайды. Осыны негізге ала отырып, үкімет өз құзыретін бұрынғыдай президентке емес, жаңа сайланған мәжіліске тапсырса, заңды болар еді.

Парламент палаталарының үкімет мүшелеріне сенімсіздік білдіру тәртібін жеңілдету қажет. Бұл заңнамалық билік тармағының атқарушы билікті бақылауын күшейтеді. Мемлекеттік бағдарламаларды бекіту міндеті үкіметке тапсырылса, оның бүкіл жауапкершілігі үкіметке жүктелсе, орынды болар еді. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құруды және таратуды үкіметке беруге болады. Президент үкімет пен премьер-министр актілерінің күшін жою немесе тоқтату құқығынан бас тарта алады.

Мұның барлығы атқарушы мемлекеттік орган мен оның жетекшілерінің жауапкершілігін арттыруды және оларға тиісті құзірет беруді көздейді", - деп түсіндірді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса Конституциялық Кеңестің, сот жүйесі мен прокуратураның қызметін жетілдіру талап етіледі. Бұл ретте президент "билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету қажет" дегенді атап көрсетті.

Тиісті ұсыныстар пакетін өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобы әзірлейді. Осы ұсыныстар шешетін үш негізгі міндетті президенттің өзі айқындады. Біріншіден, "алдағы бірнеше жылға саяси жүйеге тұрақтылық қорын" құру. Екіншіден "үкімет пен парламенттің рөлін арттыру қазіргі заманғы сынақтарға аса тиімді жауап қатудың механизмін ұсынады. Үшіншіден, мемлекеттік құрылымның қазақстандық моделін құру. Нұрсұлтан Назарбаев "өзінің, кей кезде бірегей шешімдерін тапқан Қазақстан, мемлекеттік құрылымның бөгде модельдерін көшірумен ешқашан айналысқан емес, десек те, халықаралық тәжірибе шеңберінде ұстанатын мәселелер баршылық" деп атап көрсетті. Сондықтанда ұсынылып отырған реформа "ең алдымен өз тәжірибеміз бен елдің сұранысына" арқа сүйейді.

Ол президенттің қолындағы өкілеттіктің айтарлықтай бөлігін бөлуге "саналы түрде" барып отырғанын атап айтты. "Оны бір ғана– елді барынша тиімді, тұрақты, заманға сай басқару жүйесін құру мақсатымен жасап отырмын", – деп мәлімдеді ол.

"Реформалар бағдарламасы – Қазақстан қандай жолмен жүреді деген сұраққа берілген жауап. Оның жауабы анық әрі дәйекті – демократиялық дамуға қарай", – деп атап көрсетті президент.

Президенттің неден бас тартқысы келіп отыр

Жұмыс тобының мүшесі, "Қазақстан заңгерлер одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахмет Мұқашев abctv.kz-ке берген сұхбатында үкімет мүшелерін тағайындау мен қызметтен босату мәжіліс келіскеннен кейін ғана бекітілетінін, тек екі министрліктің басшысы бұл тәртіпке бағынбайтынын, ал сыртқы істер министрі мен қорғаныс министрін президент тағайындайтынын айтты.

"Жұмыс тобының алдына үлкен мәселе қойылды. Бұрын мемлекеттік бағдарламаларды президент бекіткен болса, ендігі кезекте бұл міндетті үкіметтің мойнына жүктеу ұсынылады. Елдің белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуын бұған дейін президент бекітіп келсе, енді үкімет бекітсін деген ұсыныс бар. Бұдан былай үкімет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей жауапты болады. Әлеуметтік экономикалық даму жоспары қабылданады, содан кейін парламент мәжілісінің позициясы келісіледі. Бұл өте ауқымды жұмыс және үкіметке де, парламент мәжілісіне де ортақ жауапкершілік", – деп түсіндірді заңгерлер одағының басшысы.

Жұмыс тобының мүшесі, мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева abctv.kz-ке әзірленіп жатқан ұсыныстар жайлы пікірін білдіру барысында "үкімет, не үкімет өкілі кәсіби деңгейде орындай алатын қызметтерді" президенттен үкіметке тапсыру ұсынылатынын айтты.

"Президенттің еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін құру өкілеттігі де бар болатын. Бұл – еңбекақы төлеу жүйесін құру жөніндегі тәсілдерді бір ізге салу мақсатында көзделген міндеттердің бірі еді. Бүгінгі күні бұл жүйе тұрақталды, артта үлкен тәжірибеміз бар, қазір бұл міндетті үкімет те ойдағыдай орындай алады", – дейді Гүлмира Исимбаева.

Парламенттің өкілеттігіне келер болсақ, депутат 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерде парламентке бірқатар қосымша бақылау функциясы тапсырылғанын, соның ішінде үкімет мүшелерінің есебін тыңдау да болғанын еске салды.

"Бұл бап жұмыс істемеді, бірақ ендігі кезекте осы бұл бап ширатылып, парламент шынымен үкімет мүшелерінің есебін тыңдап, ол жөнінде нақты ұсыныс енгізе алады. Бұл жерде іске асыру механизмі көзделмеген еді. Яғни Конституция жөніндегі норманы парламент, үкімет туралы конституциялық заңдарда кеңейту керек және оған механизм жасауды ойластыру керек, жұмыс тобының аясында осы іс орындалады деп ойлаймыз.

Бұл жерде жүзеге асыру механизмі қарастырылмаған. Конституцияда талап бар, тек оның аясын парламент, үкімет туралы конституциялық заңда кеңейту керек. Біз бұл іс осы жұмыс тобы аясында атқарылады деп ойлап отырмыз", – дейді ол.

Жанболат Мамышев, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу