"Оптом" кешірім жасау – өркениет белгісі емес!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3840

"Амнистия жасаймын деп, Қазақстан "гәп" астында қалды"

"Оптом" кешірім жасау – өркениет белгісі емес!

Елімізде түрме атаулы бос қалатынға ұқсайды. Мемлекет кезекті рет абақтыларды босату науқанын жариялауға әзірлене бастады. "Қазақта абақты болмаған!" дер әлдекім. Бірақ, бодан болғанға дейін қазақ қоғамында қылмыс пен сыбайлас жемқорлық осынша кең қанат жаймаған. Шетсіз-шексіз рақымшылықтар мемлекет өзегіне түскен осы жегіқұрттарды жүгенсіз кетірмес пе?!

Құзырлы органдар депутаттарды олай болмасына сендіріп бағады. 2 желтоқсанда Парламент Мәжілісінде "Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасы таныстырылды.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, рақымшылық Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық тойына тарту болмақ. "Ата заң адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп таниды. Гуманизм қағидатының бір көрінісі – рақымшылық жасау актісін қолданатын заңды қабылдау", – дейді ол.

Ал бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің түсіндіруінше, заң жобасына сәйкес, әлеуметтік осал топтар, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ, ауыр емес қылмыс жасағандар қылмыстық жазадан босатылады. Бір қарағанда, бәрі дұрыс.

Дегенмен, бұл мәселеде бірнеше "гәп" бар. Оның біріншісі "санға" байланысты. Рақымшылыққа ілігетін қылмыскерлер саны қайран қалдырады. Иоган Меркель амнистия шамамен 30 мың адамды қамтитынын жария етті. Ал жақында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми еліміздегі абақтыларда 44,5 мың адам барын мәлімдеген. Сонда темір тордың арғы жағы әйелдер, жарымжандар мен қарттарға толып тұрған ба? Рас, бұл қатарға "оқшаулағыштарда" отырғандар да енеді екен.

"Бас прокуратураның деректеріне жүгінсек, алғаш рет түрмелер рейтингінде Қазақстан өз орнын 6 позицияға жақсартты. 41-орыннан 47-орынға дейін түстік", – дейді Қайрат Мәми. Бір "қызығы", Иоган Меркель "түрмелерде 36 мың адам жазасын өтеп отыр" деген деректі келтірді. Журналистер сұрағына жауап берген Меркель тағы бір "гәптің" шетін шығарды:

"Амнистияға нақты қанша адам ілігетінін ресми есептеп шығу мүмкін емес деуге болады. Себебі, бірнеше санатта босап шығатындардың сыртында, рақымшылық жарияланған кезде қылмысымен қолға түскендер де оған ілігіп, жазадан құтылып кетеді. Осы заң күшіне енгеннен кейін қылмыстық теріс қылық ретінде бағаланатын қылмыс түрлерін жасағандарға қатысты барлық іс тоқтатылады. Сот өндірісінде жатқан ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстарға қатысты істер де тоқтатылады. Олардың қанша болатынын болжап, білу қиын. Біз тек шамамен бажайлап көрдік, 30 мыңдай",  дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары.   

Тағы бір "гәп" сол, заң жобасымен рақымшылық арқылы босап шықпайтын санаттар да анықталған. Алайда, тіпті, ауыр қылмыс жасаған қанішерлер, жендеттер, ірі жемқорлар мен зорлықшылар кесілген мерзімнің қысқаруынан үміттене алады. Яғни, осы арқылы да мерзімінен бұрын босап шығуы ықтимал.

"Бұл жолғы амнистия 2011 жылғыдан ерекшеленеді. Бұрынғы Қылмыстық кодексте рақымшылықты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қолдану мүмкіндігі болмады. 2014 жылы күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекс бұған жол ашты. Бірақ, олар толық босатылмайды. Әңгіме жаза мерзімін соттың қысқартуы туралы болып отыр. Ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімінің төрттен бір бөлігі, аса ауыр қылмыстар бойынша бестен бір бөлігі қысқартылады",  дейді Иоган Меркель.

Рақымшылық акциясы осы заң күшіне енгеннен кейін 6 ай бойы жүргізіледі. Осы алты ай ішінде қаскөйлерге амнистияға ілігетін қылмыс түрлерін жасауға кең өріс ашылуы ықтимал. Бірақ, билік қылмыс жасағандарды түрмеге тығу секілді Кеңес кезінен қалған кесір тәжірибенің келмеске кеткенін аңғартады.

Иоган Меркель "бас бостандықтарынан айырылған экс-премьер Серік Ахметов пен Журналистер одағының бұрынғы басшысы Сейітқазы Матаевтың, сондай-ақ, "Байтерек Development" басшыларына қатысты қазіргі атышулы қылмыстық істердің рақымшылыққа ілігетін-ілікпейтінін айтуға әлі ерте" екенін айтты.

"Сіздер бұл сұрақты әлі тым ерте қойып тұрсыздар! – деп шоршып түсті Меркель ақпарат құралдарына қайырылып. – Мен заңгер ретінде бұл істерге комментарий бергенім жөн болмайды. Өйткені, заң әлі қабылданған жоқ. Қабылдансын, содан кейін жауап беруге әзір боламын!" деп "интриганы" сақтады.

Бас прокурордың бірінші орынбасары бұл ретте Парламентте талқылау кезінде депутаттардың оған өзгерістер енгізілуі мүмкіндігін ескертті.

Бірақ, бір нәрсе анық: Иоган Меркель шерулер ұйымдастырғаны үшін сотталғандар ешқашан рақымшылыққа ілікпейтінін қадап айтты. Өйткені, олар "түзеліп" үлгермей, шығып алып, билікті шайқауын жалғастыруы мүмкін емес пе?

"Заңсыз жиындар мен шерулер ұйымдастырғаны, ұлтаралық араздықты қоздырғаны, жалған терроризмі үшін сотталғандар санаты амнистиялауға тыйым салынғандар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, топтасып жасалған коррупциялық қылмыстар, айрықша ауыр қылмыстар амнистияға ілікпейді" дейді Меркель.

Дегенмен, артынша "келтірген шығынын толық өтесе, аса ауыр коррупциялық қылмыс жасағандардың жазасын өтеу мерзімі қысқартылатынын" хабарлады. Яғни, мысалы, "жерді сатуға" қарсы шығып, елді көшеге шығуға шақырғандар – мемлекеттің тұрақтылығына қатер төндіреді. Ал ел тарығып отырғанда миллиардтарды ұрлап, халықтың әл-ауқатын құлдыратқан коррупционерлер ел мен экономиканың тұрақтылығын шайқалтқан болып саналмайды. Бұл да бір "гәп".

Айтпақшы, ауыр қылмыс жасағандардың мерзімін қысқартпай, бірден шығарып жіберуге тағы не кедергі болғаны анықталды. "Рақымшылық жасауға болмайтын белгілі баптар бар. Себебі, олар қауіпсіздікке ықпал етуі мүмкін. Олар біз үшін әлеуметтік қауіп төндіреді. Сондықтан босатылмайды. Біз келесі жылы ЭКСПО өткіземіз, мұны да ескеруіміз қажет. Егер аса ауыр қылмыскерлерді түрмеден босатып жіберсек, Қазақстандағы ЭКСПО-ға ешкім де келмей қояды!" деп мәлімдеді бас прокурордың бірінші орынбасары.

Қазақстандық белгілі заңгер Сергей Уткин журналистерге неге ел қаржысын қап-қаппен ұрлайтын коррупционерлерге неге мемлекеттің рақымшылық жасай беретінін түсіндірді.

"Сыбайлас жемқорлық баптары да амнистияға ілігеді, себебі, өз ішінде орташа, ауыр және аса ауыр болып бөлінеді. Сондай-ақ, бұл жерде келтірілген шығынның көлемі есепке алынады",  дейді заңгер.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ және Еуропадағы дамыған елдердің бірқатары экономикалық қылмыскерлерді аса ауыр жазалау қағидасын ұстанады. Бұл өзгелерге үлгі болатын "алдын алу шарасы" рөлін атқарады. Ал Қазақстанда басқаша көзқарас үстемдік құрған. Оларды биліктің ел бюджетін бөлу деңгейлеріне жібермесе болғаны, жемқорлық жасай алмайды деген ой басым. Сондықтан, қоғамдық дүмпу туғызған жемқорлық істер бойынша отырғандардың да мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігі зор. Мысалыға, 2013 жылы ірі көлемде, 1 миллион доллар пара алғаны үшін 11 жылға сотталған Қорғаныс министрлігінің биік лауазымды шенеунігі Алмаз Асенов жақында  мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.

Сарапшы Серік Ахметовтің бостандыққа шығу мүмкіндіктерін бағалады. Ахметов 2015 жылдың желтоқсанында ірі көлемде мемлекет қаржысын ұрлағаны және лауазымын асыра пайдаланғаны үшін сегіз жылға қамалған болатын. Бірақ, сотта өз айыбын мойындамады. "Сыбайлас жемқорлық баптары бойынша сотталғандар өз кінәларын мойындаған жағдайда амнистияға іліге алады. Сондай-ақ, рақымшылыққа іліккен сотталушы өз кінәсін мойындаған болып саналады, бірақ, үнемі бақылауда болады", – деген сарапшы Ахметовтің тағдыры Парламентте шешілу мүмкіндігін жеткізді.

"Мерзімімен бұрын шартты түрде босату туралы үкім шығарғанда сот "мынаны босатам – ол түзелген сияқты, ал мынаны босатпаймын, өйткені, ол жаман" деп өз бетінше шешім қабылдай береді. Ал рақымшылық "шартты түрде" босату емес. Судья  бұл жерде біреуге "бар!", ал екіншісіне "отыр!" дей алмайды, қылмыс санаты не амнистиялауға жатады, не жатпайды. Рақымшылық қолданылатынн Қылмыстық кодекс баптарының қазіргіден толымды тізімі заң Парламентте қабылданғанда ғана мәлім болады", – дейді Уткин.   

Әзірге Парламентке енгізілген заң жобасында тек терроршыларға, экстремистерге, шерушілерге, педофилдерге және зорлық-зомбылық жасағандарға ғана рақымшылық жасауға тыйым салынып отыр.

Бір қызығы, Бас прокурор Жақып Асановтың өзі рақымшылық науқандарының тиімділігі шамалы деп санайды. Бұған дейін ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол Қазақстанның уақыт өте келе, бұл тәсілден мүлдем бас тартуы мүмкін екенін мәлімдегені есте.

"Амнистия – әрбір қылмыскерге жеке бағасын бермей-ақ, "оптом" кешірім жасауы. Сондықтан, дамыған елдер қазір мұндай кешірім жасауды "биліктің ізгі ісі" деп санамайды! Өйткені, сотталғандар өз қылмысы туралы ойланып, түзелу жолына түсу орнына мерейтойлық датаны күтіп отырады",  дейді Бас прокурор.

Жалпы алғанда, Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елімізде 9 рет рақымшылық жарияланыпты. Соңғы рет амнистия "Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай" 2011 жылы жүргізілді. Ол 16 мың 187 адамды жазадан босатыпты. Бұл жолғысы "ондықты" тұйықтамақ және ол ел тарихындағы жаңа рекорд орнатқалы тұрғандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу