"Өскемен май зауыты" жыл соңына дейін қайта іске қосылуы мүмкін

12203

Мемлекеттік қадағалау өкілдерінің айтуынша, зауыттағы қазандық бу құбырының жарылғаны туралы тек келесі күні ғана мәлім болған.

"Өскемен май зауыты" жыл соңына дейін қайта іске қосылуы мүмкін

"Өскемен май зауыты" ЖШС қазандығында болған оқыс жағдайды тексеру үшін арнайы топ құрылды. Оның құрамында индустриалық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілдері, мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың мамандары және кәсіпорын өкілдері бар.

Анықталғаны, қазандықтың бу құбырының жарылғандығы. Оқиғаның себептері анықталуда. Бұл туралы осы аптада Өскемендегі мемлекеттік қадағалау өкілдері мен компанияның өзі хабарлады.

"Жарылыс оқыстан орын алды. Қазандық орналасқан ғимарат пен негізгі құрылғы жартылай зақымдалды. Жазатайым оқиғаның себептерін жан-жақты және объективті түрде анықтау үшін сараптама тағайындалды. Нақты мәлімет оқыс оқиғаны толық тексерген соң ғана белгілі болады. Ғимарат сэндвич-панельдерден салынған. Жарылыс толқыны оларды кері итеріп тастаған. Әзірше себептерін анық айту мүмкін емес. Бәлкім, бұл жағдайдың орын алуына қызметкерлер кінәлі шығар", – деп мәлімдеді бүгін инвестициялар және даму министрлігінің индустриалық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің қазандық және газ қондырғыларын мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы Рамиль Болатхан.          

Оның сөзінше, тиісті мекемеге кәсіпорындағы төтенше жағдай туралы тек келесі күні ғана мәлім болған. 

Еске сала кетейік, төтенше жағдай 21 желтоқсан күні сағат 13:30-да орын алды. Бұл уақытта май зауытының қазандығында бес жұмысшы болған. Екеуі бу коллекторындағы жарылысқа жақын тұрғандықтан, оларды айтарлықтай күйік шалды. 40 жастағы Алексей Столяовтың денесінің 70%-ы ыстық будан күйіп қалған. Қалалық бірінші аурухана өкілдерінің айтуынша, адамды аман алып қалу үшін қолдан келген көмектің бәрі жасалған. Ол өмірмен барынша күресті. Өскемендіктер ауыр науқас үшін қан тапсырып, белсенділік танытты. Алайда 27 желтоқсанның таңында жапа шегуші өмірден озды. Аbctv.kz-тің дерегінше, қайтыс болған адамның соңында төрт баласы қалған. Оның біреуі кәмелеттік жасқа толмаған. Өз кезегінде май зауытының басшылығы орын алған қайғылы оқиғаға байланысты жағдайды түсіндіріп, пікір білдірді.   

"Сәйкесінше, біз өз тарапымыздан қажетті шараның бәрін істейміз. Жапа шегушілер ауруханаға түскен сәттен бастап бірден көмек көрсете бастадық, көмек көрсетіп жатырмыз да. Өкінішке қарай, таңғы алтыда қызметкерлердің бірі – Алексей дүние салды. Оның туысқандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Ол біздің кәсіпорында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның дүние салуы – біз үшін орны толмас қаза. Біз діни рәсімдердың барлық шығынын өз мойнымызға алдық. Отбасыны қиын жағдайда қалдырып кетпейміз. Алдағы уақытта да көмектесетін боламыз", – деді "Өскемен май зауыты" ЖШС директоры Илья Батов.

Жапа шеккен екініші адамның – қазандық учаскесінің шебері Борис Катаевтың жағдайы тұрақталды. Қазір оған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", – деп хабарлады Өскемен қалалық бірінші ауруханасының өкілдері.

Илья Батовтың айтуынша, кәсіпорын жұмыс істеп тұрған 12 жылда мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Белгілісі, құқық қорғау органдары аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабына (еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы) сәйкес, қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта арнайы комиссия оқиғаны тергеумен айналысуда.

Жарылыс толқыны қазандық ғимаратының көп бөлігін – 200 шаршы метрін зақымдады. Кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Оның жұмыс істемей тұрғанына бір апта болды. Қазір онда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетейік, кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 50 тонна күнбағыс майын шығаруды құрайды.   

Илья Батовтың сөзінше, қазандықты қалпына келтіруге 15 млн теңгеден астам қаражат керек.

"Қалпына келтіру жұмыстары жақын уақытта аяқталады деген сенімдеміз. Жаңа жылға дейін өндірісті қайта қосамыз", – деді кәсіпорын директоры.

Оның айтуынша, жабдықтарды пайдалануға қажетті құралдардың барлығы қолда бар.  

"Өндірістік тұрғыдан шығын бар, әрине. Жанға бататыны, біз қызметкерімізден айырылып қалдық. Оқиға байқаусызда орын алды және біз жауапкершіліктен қашпаймыз", – деп жалғады сөзін Илья Батов.

Еркебұлан Қыздарбек, Бота Молдаханова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу