"Проблемалы банктер жақсы кредит бермейді"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2082

"ЭксимБанк", "Qazaq Banki" және "Астана банкі" өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болып отыр.  

"Проблемалы банктер жақсы кредит бермейді"

Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, қаржылық реттеуші проблемалы банктердегі жағдайды тұрақтандыру үшін акционерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, "ЭксимБанк", "Qazaq Banki" және "Астана банкі" банктерінің қаржылық жағдайына мониторинг жасалып, менеджментімен жұмыс жүргізілуде.

"Биыл үш банк клиенттері алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындай алмағандықтан, жаңа депозиттер қабылдау, үш ай мерзімге жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу бойынша лицензиялары тоқтатылды. Қазіргі уақытта үш банк те өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болуда. Сондықтан, олар үшін клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындау шектеулі болып отыр", – деді Данияр Ақышев сенат отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Бас банкирдің сөзінше, проблемалы банктер жақсы кредит бермейді. Олардың несие қоржыны өскенімен, капитал қоры жақсармайды.

"Үш банктің тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару стандарттарын жоғары деп те айта алмаймыз. Ал несие қоржынының сапасы барынша төмен күйінде қалып отыр", – деп түсіндірді Данияр Ақышев.

Еске сала кетейік, депозиттерді қабылдауға лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне тартылған. Бұл ретте, жеке тұлғалардың салымдары, ақшасы мен төлем карточкалары, банк шоттары 10 млн теңгеге дейінгі сомада депозиттерге кепілдік беру жүйесімен қорғалған.

Данияр Ақышев "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, бағдарламаның жобасы дайын. Жоба жақын күндері Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланбақ.

Ұлттық банктің басшысы атап өткендей, жаңа бағдарлама 2018 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады.

"Ұлттық банк тарапынан қаржетті инфрақұрылым құрылып, жаңа ипотекалық бағдарламаның операторы қызмет етеді. Осы орайда "Баспана" ипотекалық ұйымы" АҚ еншілес ұйымы да жұмыс істеп жатыр. Бұл компания облигациялар шығарады және тартылған қаражат есебінен банктерден 1 трлн теңгеге дейінгі көлемде қарыздарды сатып алады. Қазіргі уақытта ұйым өзара іс-қимыл жасаудың техникалық мәселелерін іс жүзінде іске асыруды талқылау үшін банктермен тығыз байланыс жасауда", – деді Данияр Ақышев.

Еске сала кетейік, "7-20-25" бағдарламасының талаптарына сәйкес, қарыз алушы 20% мөлшерінде бастапқы жарна төлеуі керек. Сондай-ақ, қарыз алушының да, банктердің де төлем қабілетіне ерекше мән беріледі.

Сондай-ақ, Данияр Ақышев Қазақстанның сыртқы қарызы туралы сұрақтарға да жауап берді. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 168 млрд АҚШ долларын құраған. Төрағаның сөзінше, оның 62%-ы – фирмааралық берешек. Ол негізінен ел аумағында мұнай-газ жобаларын іске асыратын шетелдік компаниялардың филиалдарының қарыздарынан тұрады. Мемлекеттік сектордың сыртқы борышы 8%-ды, мемлекет бақылайтын ұйымдардың үлесі 16%-ды, жеке сектордың қарызы 14%-ды құрап отыр.

"Соңғы үш жылда Қазақстанның сыртқы борышы мемлекеттің және оның бақылауындағы ұйымдардың сыртқы қарызының, сондай-ақ топішілік қаржыландырудың есебінен 10 млрд АҚШ долларына өсті немесе 6%-ға ұлғайды. Ал жеке қаржы секторының сыртқы міндеттемелері 4 млрд АҚШ долларына немесе 56%-ға қысқарды. Қазіргі уақытта үкімет мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыз алуды бақылауды күшейтіп жатыр", – деді Данияр Ақышев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу