"Ресей Қазақстан үшін ең басты әрі сенімді серіктес"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5524

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. 

"Ресей Қазақстан үшін ең басты әрі сенімді серіктес"

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан  Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен 12 қазан күні Сочи қаласында кездесті.

Мемлекет басшылары кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін  талқылады. Сондай-ақ қазіргі уақытта орын алып отырған маңызды халықаралық жағдайды, оның ішінде Сүрияда кикілжіңді реттеуге қатысты Астанада өткен келіссөздің келешегін тілге тиек етті.  

Кеше елбасы Сочиде өткен Тәуелсіз елдер Достастығы саммитіне және Жоғары Еуразиялық  экономикалық кеңес отырысына қатысты.

"ТМД және ЕАЭО саммитіне байланысты өткен іс шаралардан кейін бір күнге кідіргеніңіз үшін рахмет. Бізге екіжақты мәселе бойынша талқылайтын нәрсе көп. Біздің саясат, қауіпсіздік, экономика саласындағы ынтымақтастығымыздың буыны берік. Осы тақырыптар бойынша Сізбен сөйлесе алатыныма ризамын. Біз Сізбен үнемі жиі кездесеміз, мұны істің барысы мен орын алып отырған жағдайлар талап етеді. Біздің қарым-қатынасымыз – бұл мемлекетаралық байланысты дамытудың маңызды факторы. Осындай мүмкіндіктің болғанына қуаныштымын, мұның іске асатынына сенімдімін", – деді Владимир Путин.   

Ал Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде шын ықыласпен қалғанын айтты.

"Кеше ТМД және ЕАЭО бойынша өте маңызды іс шара өткіздік. Ал бүгін біз екіжақты мәселені шешу үшін қалдық. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде ол біздің достық және өзара көмек туралы келісімшарттарымызбен толықты. Ресей Қазақстан үшін маңызды, ең басты және сенімді серіктес ел. Осымен-ақ барлығын түсіндіруге болады. Біздің сауда айналымымызда Ресейдің орны ерекше, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақтың соңғы жылдарында бұл қарым-қатынас берік нығайып келеді. Осы жылдың өткен тоғыз айында өзара сауда 33 пайызға, яғни үш есе өсті", – деді елбасы.

Елбасы экономиканың барлық бағыты бойынша жаңа бірлескен кәсіпорындар, бірлескен инвестициялар құрылып жатқанын атап кетті.

"Егер кімде-кім Еуразиялық одақтың келешегіне күмәнмен қарап, болашақта ол тарап кетеді деген болса, онда қазіргі шекараның ашықтығы, адамдардың қарым-қатынасы, капиталдың және инвестициялардың еркін айналымы екі елге де өз пайдасын әкеліп, олардың ойын жоққа шығарып отыр. Ресей  экономикасында санкцияларға қатысты қиындық болғанына қарамастан, біз алға жылжып, осы бағытты одан әрі дамытып, Қазақстан Ресейдің ең сенімді және жақын серіктесі болатынына сенімдіміз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР президенті екі ел арасында Байқоңырға қатысты серіктестік жақсы дамып жатқанын атап кетті.  

Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ТМД және ЕАЭО  отырысы аясында өткен келіссөз қорытындысын жасап, журналистермен кездесті.

"Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалды. Елдерді цифрландыру мәселесі  бойынша әлеуетті бағытты белгіледік. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында осы сала бойынша бірлескен жұмыс жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", – деді Қазақстан президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы Қазақстанда цифрландыруға қатысты кездесу өтетінін айтты.

Сондай-ақ президент Владимир Путинмен өткен кездесудің маңыздылығына тоқталды.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас өте жоғары деңгейде. Байқоңырда бірлескен бағдарламаны іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар Өзбекстанға мұнай құбырын тарту жоспарланып отыр. Бұл үшін жұмыс істеу керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөз барысында  еуразиялық дәлізді дамыту бойынша Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін одан әрі пайдалануға қатысты мәселе талқыланғанын айтты.

Сонымен қатар Қазақстан басшысы экономиканың әртүрлі саласында Қазақстан-Германия қарым-қатынасын арттыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Ресей президенті Германияның іскери қауымдастық өкілдерімен болған кездесуіне Нұрсұлтан Назарбаевты шақырған болатын.

"Бұл сіздерге кедергі келтірмейді, керісінше, сіздерде германиялық экономиканың шығыс комитеті жұмыс істейтін мемлекеттің президентімен кездесіп, сөйлесуге мүмкіндік болады. Мұның барлығына пайдасы болмаса, зияны болмайды деп ойлаймын. Әңгімеміздің басында саясат саласындағы қазіргі қиындықтарға қарамастан, біздің Германия Федеративтік Республикасымен экономика  саласындағы қарым-қатынасымыз бәсеңдемегенін айтып кеткім келеді. Германия мен Ресей арасындағы тауар айналымы Қытайға бірінші орынды беріп қойса да, екінші орыннан түскен жоқ", – деді РФ басшысы.  

2016 жылдың қорытындысы бойынша Ресей-Германия сауда айналымы 40,7 млрд доллар, ал ГФР компанияларынан Ресей экономикасына тартылған инвестициялардың көлемі 18  млрд доллар болған.

"Осы жылы екіжақты сауданың бірден 25 пайызға өскені, ал жылдың алғашқы жартыжылдығындағы инвестициялар 312 млн болғаны атап көрсетілді. Былтыр барлық инвестиция 225 млн болған. Ресейде германиялық капиталдың қатысуымен бес мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, бұл кәсіпорындарда 270 мың Ресей азаматы еңбек етеді. Бұл кәсіпорындардың айналымы 50 млрд доллардан асады.

Германия компаниялары одан әрі  табысты жұмыс істей береді деп ойлаймыз. Ресейде экономикалық өсуді қалыпқа келтіруде бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда", – деді Владимир Путин.

РФ президенті Ресей билігі шетелдік кәсіпкерлер  РФ нарығында жақсы жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауға дайын екенін айтты.

"Іскери ортамен тығыз байланыс жасай отырып, заңнамалық базаны жетілдіруді жалғастырамыз. Артық әкімшілік кедергілерді алып тастаймыз, инфрақұрылымды дамыту мен кадрларды дайындауға ресурс салатын боламыз. Біздің ынтымақтастығымыз тек ірі жобалармен  ғана шектеліп қана қалмауы керек екеніне келісетін шығарсыздар. Шағын және орта бизнес заманауи экономиканы дамытудың басты драйвері болуы керек.  Германиядағы шағын бизнестің үлесі  ел экономикасындағы ЖІӨ-нің жартысынан көбін алып отыр. Бізде бұл, өкінішке қарай, едәуір аз. Бірақ біз Ресейдің шағын және орта бизнесі деңгейін 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін жеткіземіз деп отырмыз. Әрине шағын және орта бизнесті ресейлік-германиялық саудаға қалай   қосуға болатыны жайлы сіздердің де пікірлеріңізді білген жақсы болар еді", – деді Ресей президенті Владимир Путин.   

Кездесу барысында германиялық тарап екіжақты ынтымақтастыққа қатысты бірқатар нақты мәселелерді оның ішінде сауда, энергетика, цифрлы экономика, өнеркәсіптік өндіріс және ауылшаруашылығын ырықтандыруды көтерді.

"Осы кездесуге Ресей Федерациясы үкіметінің экономикалық блогының мүшелері, министрлердің  қатысып отырғанын көріп отырсыздар. Біз кез келген мәселені егжей-тегжей талқылауға дайынбыз. Қазақстандық тараптан келіп отырған достарымыздың арасында да лауазымды тұлғалар бар", – деді Ресей президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық серіктестік бір жолға қойылғанын атап кетті.

"Тәуелсіздік алғаннан бері Германия Қазақстанға шамамен 5 миллиард инвестиция құйған. Оның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға салынғанын айтуымыз керек. Осы жылдың сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларға өскен. Тек соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда 19  ірі инвестициялық жоба іске асқан", – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ұлтаралық келісімді сақтау саясатына тоқтала отырып, Қазақстанда тұрып жатқан неміс диаспорасы жайлы пікір білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев елдегі неміс капиталының қатысуымен жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.  

"Қазір Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен әртүрлі салада табысты жұмыс істеп жатқан 900-ден астам кәсіпорын, оның ішінде құрылыс, көлік, ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсіптері бар", – деді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстанға негізгі рөл берілген еуразиялық көлік дәлізінің әлеуетіне тоқталды.

"Бүгінгі күні Қазақстан арқылы халықаралық бес темір жол және алты көлік жолы өтеді. Осылайша, сіздерге қолдануға болатын стратегиялық көлік дәлізі қалыптасты", – деді елбасы германиялық кәсіпкерлерге.  

Елбасы Қазақстанда қолайлы инвестициялық және іскери ахуалды қалыптастыру үшін жасалып жатқан негізгі шараларға тоқталды.

"Бизнестің құқын қорғау мен кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы ырықтандыру қамтамасыз етіліп жатыр. Былтыр біз Бүкіләлемдік банк рейтингісі бойынша 35-ші орынға шықтық. Осы жылдың басында Қазақстан ЭЫДҰ-ның инвестиция комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды да, халықаралық иневстиция декларациясына қосылды", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚР президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысын атап өтіп, Қазақстанда бизнесмендер үшін жасалып жатқан жағдайға, оның ішінде бірқатар елге  визасыз режим орнату және шетелдіктерді инвестициялық жобалары үшін корпоративтік салықтан босату мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ президент германиялық инвесторларды жекешелендірудің үшінші толқынына қатысуға және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен белсенді ынтымақтастықты дамытуға шақырды.

"Бизнесмендерге бизнесті дамыту және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту үшін бар мүмкіндікті пайдалану қажет. Бүгінгі кездесу біздің серіктестігімізді нығайта түсетініне сенімдімін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу