"Самұрық-Қазына" сатып алудың жаңа моделiн енгiзеді

3258

"Самұрық-Қазына" бекіткен сатып алудың жаңа моделi халықаралық жетекші кеңесшілердің қатысуымен жасалған.

"Самұрық-Қазына" сатып алудың жаңа моделiн енгiзеді

Алдын ала квалификациялық iрiктеу тәжiрибесiн биыл "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының барлық сатып алуында қолданатын болады. Сатып алуды басқару жобасы Қорды трансформациялау бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.

"Бүгінгі сатып алу жүйесі Қазақстанның ЕАЭО келісімі аясында қабылданған ДСҰ талаптары мен жағдайына сәйкес келмейді. Бұл тәжiрибенiң арқасында Қор өзiнiң сатып алу жүйесiн стандарттарға сәйкес келтiруге және оңтайландыруға мүмкiндiк алатын болады. Оның сыртында жеткiзушiлер үшiн дұрыс бәсекелi орта қалыптастыруға жағдай туады",  –  деді Самұрық-Қазына" АҚ трансформация және арнайы жобалар жөнiндегi басқарушы директор Адамас Илькявичюс.

"Самұрық-Қазына" АҚ Директорлар кеңесi сатып алуларды басқару бойынша тұжырымдаманы 2015 жылғы 4 қыркүйекте бекiткен болатын. Концепцияда сатып алуды жоспарлаудан бастап қорларды басқаруға дейін жеткізілімдердің толық тізбегін қамтитын сатып алулардың жеті стандартын енгізу көзделген. Тұжырымдама бірқатар маңызды өзгерістерді қамтып қана қоймай, сатып алудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып жасалған. Соның ішінде Қор деңгейінде тауар, жұмыс пен қызметтің нақты бір бөлігін орталықтандыру, еншілес компанияларда сатып алудың стратегиялық категорияларын оңтайландыру жоспарлануда. Алдын ала бағалау бойынша сатып алуды басқару жобасын іске асыру 2019 жылға дейін 1,4-2,1 млрд доллар көлемінде үнем жасауға мүмкіндік бермек.

Сатып алуды категориялық басқарудың артықшылығын айтсақ, жеткізушіні таңдау кезінде басты критерий ретінде тауар, жұмыс немесе қызметті сатып алу сәтінен бастап оны толығымен есептен шығаруға дейінгі тіршілік кезеңі барысында пайда болған барлық шығындардың жиынтық құны ескеріледі.

Ықтималды жеткізушілерді алдын ала квалификациялық іріктеу дегеніміз – ықтималды жеткізушілерді тәуелсіз бақылау, бұл жеткізушілердің жұмыс атқару, қызмет көрсету және тауар жеткізудің мүмкіндіктерін бағалауға, сонымен қатар сатып алуларды жалған фирмалардың қатысуынан қорғауға көмектеседі.

Бүгінде еліміздің 600 компаниясы алдын ала квалификациялық іріктеуден өтті. Пилоттық жоба шеңберінде сатып алулар биылғы жылдың 3 сәуірінен бастап алдын ала квалификациялық іріктеуден өткен жеткізушілер арасында ғана жүргізіліп, тауарлар, жұмыс пен қызметтердің 64 категориясы бойынша ықтимал жеткізушілердің тізімі құрастырылған.

Ықтимал жеткізушілердің тізіміне енген компаниялар 2-3 жыл ішінде тендерге қатысуға өтінішті қамтамасыз ету үшін жарна төлеу, қызметкерлер құрамын және жұмыс тәжірибесін дәлелдеу, құжаттарды нотариалдық тіркеу міндеттерінен босатылады. Сонымен қатар тәуелсіз бағалау нәтижесінде компанияларға олардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі.

2017 жылы алдын ала квалификациялық іріктеу тәжірибесін "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының барлық сатып алуларына қатысты қолдану жоспарлануда. Осының арқасында Қор өзінің сатып алу жүйесін стандарттарға сәйкес келтіруге және оңтайландыруға мүмкіндік алып, жеткізушілер үшін дұрыс бәсекелі орта қалыптастыруға жағдай туады.

Сондай-ақ, Директорлар кеңесі "Самұрық-Қазына" АҚ трансформациялау бағдарламасының орындалу барысын қарап, нәтижесінде ұлттық компаниялар жетекшілеріне жоғары орындаушылық тәртіп пен іс-әрекетті үйлестіру тапсырылды. Әлемдік экономикалық нарықтың жағдайына қарай Қордың даму стратегиясына да өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Гүлжан Рахман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу