"Саранская" кенішіндегі апаттан төртінші кенші көз жұмды

3103

Қарағанды облыстық прокуратурасы апат болған сәтте қаза болған 3 адамның аты-жөнін анықтап, ауыр жарақат алған төртінші кеншінің қаза болғанын хабарлады.

"Саранская" кенішіндегі апаттан төртінші кенші көз жұмды

"АрселорМиттал Темиртау" АҚ қарасты "Саранская" кенішінде болған апаттан төртінші кенші көз жұмды. Жаңа ғана Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса 52 жастағы Михаил Патиннің жансақтау бөлімінде көз жұмғанын хабарлады. Бұған дейін кеніште болған төтенше оқиғадан үш адам қайтыс болғанын хабарлағанбыз.

Михаил Патин жерасты кенішінде электр дәнекерлеуші болып жұмыс жасаған. "Қарағанды қаласының Мақажанов атындағы клиникаға 10 қарашада 5 науқас келіп түскен болатын. Олардың ішінде бас сүйегі сынған Михаил Патинге міндетті ота жасалды.

Күрделі отадан кейін жансақтау бөліміне ауыстырылған науқас жаңа ғана көз жұмды. Ал басқа науқастар палатада ем қабылдауда. Жағдайлары бірқалыпты. Біреуінің жамбасы сынған. Екі адамның омыртқасы зақымданған", – дейді Айжан Иса.

1983 жылы туған М.Ж.Жанысбаев, 1960 жылы туған Э.В.Лесняков пен 1959 жылы туған М.А.Нұрмағанбетов апат болған жерде көз жұмған болатын.

"Саранская" кенішінде болған апатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз-қызметінің өкілі Гүлжан Сүлейменова хабарлады.

Оқыс оқиға Саран қаласының ІІБ-ның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде "Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу туралы" ҚР ҚК-нің 156-бабы 4-бөлімі бойынша тіркеліпті.

"ҚР ИДМ Индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаевтың төрағалығымен арнайы құрылған комиссия оқиға орнында жүр. Қарағанды облысының ІІД тергеушілерінен тергеу тобы құрылды. Тексеру облыс прокурорының қадағалауында", – дейді Гүлжан Сүлейменова.

23 жастағы Мейрам Жанысбаевтың Сұрыптау қаласындағы үйіне хабарласқанымызда, Марат есімді туысы журналиспен сөйлесуден бас тартты. Кәсіпорын тарапынан кеніште опат болған жас жігіттің отбасына көмек көрсетілуі мүмкін деді туысы.

Естеріңізге сала кетейік, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Саранская" кенішінде болған апаттан 5 адам жарақат алды. Олардың екеуінің халі нашар. Кәсіпорынның баспасөз қызметі апаттың мән-жайын айтпай отыр.

Дегенмен де ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриялдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті оқиғаны былай деп түсіндірді:

"2016 жылдың 10 қарашасы сағат 14.30 минутта "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Саранская" кенішінде 7 кеңістіктің К9 бас конвейерлік еңісін қазу кезінде ауысым аяқталған соң, жұмысшылар МДП-24Ф монорельстік жолдың "Феррит" дизелевозымен шыққан.

№4 "Гварек-1000" ленталық конвейерінің жетек стансасына (47-62 пикет) бұрылатын жерде адам отыратын арбаның бекіткіші үзіліп, соның салдарынан адам отыратын арба шамамен 200 метрдей қазылған жермен төмен қарай "ұшып" құлаған.

Бастапқы мәлімет бойынша 3 адам ауыр жарақат алып көз жұмды, 2 адам ауыр халде жатыр және 3 адам жеңіл жарақат алды. Барлығы 8 адам зардап шекті".

Қарағанды облысынsң әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков "Cаранская" кенішінде қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Біз, "Cаранская" кенішінде болған апаттан қаза тапқан кеншілер М.Ж.Жанысбаевтің, Э.В.Лесниковтің, М.А.Нұрмағамбетовтің, М.П.Патиннің туыстары мен жақындарына жүрегіміз ауырып көңіл айтамыз. Кеншінің ауыр еңбегінде шекара жоқ және ауыртпалық бөтен болмайды. Бұл орны толмайтын әрі шексіз қайғы. Облыс әкімдігінің барлық қызметкерлері мен өз атымнан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын және қолдау білдіремін", делінеді Қарағанды облысы әкімінің көңіл айту хатында.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу