"Saumal" бренді Еуропаны жаулап жатыр

6104

Қазақтың қымызын Ганс Цольман есімді неміс патенттеп алыпты деп ұлардай шулаған едік. Қателескенімізді кейін білдік.  

"Saumal" бренді Еуропаны жаулап жатыр

Abctv.kz тілшісі Қарағанды облысында орналасқан жылқы зауытына арнайы барып, ондағы бие сүтінен дайындалатын құрғақ өнімнің дайындалу процесімен танысып қайтты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың қымызын Ганс Цольман есімді неміс патенттеп алыпты деп ұлардай шулаған едік. Қателескенімізді кейін білдік. Оны қымызбен байланыстырған отбасылық жағдайы болып шықты. Жалпы, жылқы өнеркәсібінің негізін қалап, оны Еуропаға кеңінен танытқан  Рудольф Шторх кезінде  қазақ жеріне әскери тұтқын болып келгеннен кейін өкпе ауруына шалдыққан екен. Өлім аузында жатқанда жергілікті тұрғындар оны жаңа сауылған биенің сүтімен емдеген. Рудольф сауығып, Германияға кеткеннен кейін осы өнімді қолданысқа енгізуді ойлап, бар өмірін шаруашылыққа арнаған. Қазір өзі негізін қалаған кәсіпорынды күйеу баласы Ганс Цольманға тапсырған. Сол Ганс күні бүгінге дейін Қарағандыдағы өндірістің бас технологы болып жұмыс істейді. Біз барған зауыт неміс зауытының біршама кеңейтілген көшірмесі іспетті.

Құрғақ сүт алу оңай емес

Бүгінде шетелдік нарыққа "Saumal" брендімен танылған биенің құрғақ сүтінің 1 келісі 60 мың теңге тұрады. Бие сүтінен құрғақ сүт өнімін дайындайтын өндірістің басқарушы директоры Баян Даниярұлы бағаның қымбат болуын атқарылатын істің қиындығымен байланыстырады.

"Қазақстанда  сублимацияланған сүт өндіретін зауытты өнеркәсіптік масштабта іске қосу тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Бұл әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі екенін  мақтанышпен айта аламыз. Барлық жұмыстар тікелей Ганс Цольманның бейнебайланысқа шығуы арқылы жүзеге асады. Себебі мұнда орнатылған құрылғылардың барлығы Германиядан әкелінген. Бағасы қымбат дегенге келсек, жылқылар сиыр сияқты жыл он екі ай сүт бермейді. Бір жылқыдан тек қана 1-2 литр сүт алынады. Шамамен 10 литр сүттен 1 келіге жуық қана құрғақ сүт алынады. Дайын болған өнімдер арнайы тапсырыс аясында шетелге жөнелтіледі. Егер, сырттан тапсырыс дәл осындай қарқынмен жоғарылай берсе, саумалдың өзіміздің елде бағасы түседі", – деді өндірістің басқарушы директоры Баян Даниярұлы.

Шамамен 25 мың гектардай жерді алып жатқан жайылымда 1500 бие мен 700-ге жуық құлын жайылады. Олар қажетті жем-сумен қаматамасыз етілген.  Жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің жылдық  мөлшері 20 тоннаға жетеді екен. Неміс технологиясының арқасында өндіріс көлемінің жоғары көрсеткіші ғана емес, өнімнің сапасын бақылауға басымдық беріледі. Қазір бұл жерде 150 адам жұмыс істеп жатыр.

Саумалға сұраныс артып келеді

Өндірістің технологы Бауыржан Қайназаровтың айтуынша, ен далада орналасқан кәсіпорынның артықшылығы көп. Біріншіден, мұнда адамдармен байланыс болмайды. Бәрі автоматты түрде жүргізіледі. Ал құрғақ сүттің алыну процесі арнайы технология арқылы орындалады. 

"Бие сүті сауылғаннан кейін сублимация процесі жүреді, ол 24 сағатқа созылады. Бұл технология сүтті ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін құрғату процесінен тұрады. Сүт саяз науаларға құйылады және агрегатқа батырылады. Ол сонда мұздатылады және сублимацияға ұшырайды. Осылайша 200 литр сүттен 19 килограмм құрғақ өнім шығады", – дейді ол. Технологтың айтуынша, неміс технологиясымен 500 бие күніне бес рет сауылады. Әр биені сауға шамамен 2 минут уақыт кетеді. Биыл тағы да жаңа құрылғы әкелінген. Енді 1000 бие сауылатын болады. Алдағы уақытта Жаңаарқа өңірінде зауыттың сүт жинау орны ашылады. Өйткені бие сүтіне деген сұраныс артып келеді.

"Қорытынды кезеңнен кейін вакуумдық қаптау жүргізіледі. Оның зарарсыздығы саумалды ерітіп, тұтынғанға дейін барлық пайдалы қасиетін сақтап тұруға мүмкіндік береді. Өндірістің әр кезеңінде зертханалық бақылау жүргізіледі, яғни күніне бес рет. Сауылған сүтті бөтен қоспалардан бір рет тазалағаннан кейін сұйықтық үлкен күбілерге құйылады. Ол сол жерде суытылады және пастеризация басталады", – деді Бауыржан Қайназаров.

Сапа стандартына сай

Кешен ерекше тазалығымен көз тартады. Өндіріс басшылары мұның бәрі еуропалық стандартқа сай жасалып отырғанын айтты. Олар пайдаланылған құрылыс материалдары, құралдар мен технологиялардың бәрі экологиялық және санитарлық талаптарға сай екенін сенімді түрде жеткізді.

Жылқы шаруашылығында сауылатын биелер 7 шақырым қашықтықтағы кең далада жайылады. Олардың бәрі асыл тұқымды жылқылар.

"Кәсіпорын жылқылары  қазақстандық Джабе тұқымынан тұрады. Бұл тұқым Қазақстанның ауа райының кез келген түріне бейімделген және жоғары сүт өнімділігіне ие.  Біз қолданатын жоғары технологиялық сауу құралдары өнімімізді жоғары сапамен қамтамасыз етіп қана қоймай, биелерді баптау тұрғысынан экологиялық тиімділікті  қамтамасыз етеді. Сүт сауу кезінде ешқандай  шаң-тозаңның қонуына жол берілмейді. Биелер өздерін жайлы сезінеді. Мұның бәрі түпкі өнім – саумалдың сапалы болуының кепілі", –  дейді  кәсіпорынның өнім сату жөніндегі директоры  Азамат Кудеринов.

Медицинада қолданылып жатыр

Қазіргі медицинада құрғақ бие сүтін жаңа туған нәрестелерге де ұсынады. Саумал – белгілі себептерге байланысты ана сүтін ембейтін сәбилер үшін таптырмас шипалы тағам. Бие сүтінің бірегей табиғи құрамының арқасында саумал иммунитетті көтеріп, ас қорытуды қалпына келтіруге, бауырдың функциясын жақсартуға, ауру-сырқаудың алдын алуға мүмкіндік береді.

"Жаңа сауылған бие сүтінің  бір кемшілігі – пайдалы қасиеттерін ұзақ уақыт сақтай алмайды. Саумал сауғаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде пайдаланбаса,  құнарсыз болып қалады. Алайда саумалды құрғату саласындағы заманауи жетістіктер бұл кемшілікті жойып отыр. Құрғақ саумал тез ерігіш келеді және суда тез өз қалпына келеді. Белгілі бір пропорцияда суда еріген құрғақ сүттің жаңа сауылған саумалдан айырмашылығы болмайды Небәрі 500 мили литр бие сүті ағзаның С дәруменіне бір күндік қажеттілікті қамтамасыз етеді. Құрамы бойынша ана сүтіне барынша жақын және альбумин тобына жататын болғандықтан, балалар дәрігері ретінде шамасы жетсе ата-аналарға осындай сүт беруіне кеңес береміз. Нақты айтқанда балада сиыр сүтінің ақуызына аллергия болса, бір жасқа дейінгі балаларға қосымша тағам ретінде, салмақ жетіспеушілік пен жүдеулікке әкелетін созылмалы ауруларда, респираторлық ауруларда және ағзаға шамадан тыс ақыл-ой мен физикалық салмақ түскен кезде ұсынамыз", –  дейді Астана қаласындағы № 1 балалар ауруханасының  дәрігер педиатры Эльмира Оразалиева.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу